Accessibility links

Назарбаев Қазақстанның «болашақ президенті» жайында айта бастады


Алматыдағы президент Назарбаев бейнеленген суреттердің бірі. 22 ақпан, 2011 жыл.
Алматыдағы президент Назарбаев бейнеленген суреттердің бірі. 22 ақпан, 2011 жыл.

Ақпанның 28-інде президент Назарбаев кезектен тыс сайлау өткізудің себебіне тоқталды. Жергілікті ақпарат құралдарына берген сұқбатында Назарбаев «болашақ президентке прецедент болмас үшін» осындай шешім қабылдағанын айтты.

Назарбаев өзінің «тұңғыш президент ретінде ел тәуелсіздігінің қайнарында тұрғандығына» ерекше мән берді. Сондықтан сайлауғы қатысты әрқандай бір «ресми шаралар» өткізбейтіндігін қайталап айтумен болды. Сұқбатта сайлау өткізуге ілік болды делінген референдум мәселесі де сөз болды. Бұл жайында Қазақстан басшысы кейіннен хабардар болған сыңай танытты.

Бастамашыл топтың 5 миллионнан астам қол жинағандығы жайында президент Назарбаев: «Өзім тоқтатпасам, одан әрі кете беретін түрі бар», - деді. Оның айтуынша, бұл турасында қаңтардың 11-і білген президенттің Конституциялық кеңеске жүгінуіне тура келіпті. Кеңестің шешімі бойынша референдум елдің негізгі заңына қайшы келгендіктен, Назарбаев кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдағанын еске салды.

Назарбаевтың айтуынша, басқа да көптеген елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп тұрған. Соның ішінде Ұлыбритания мен Францияны қадап айтқан президент сайлау мәселесін былайша түсіндіреді. Ол «болашақ президентке прецедент болмас үшін» кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдапты. Сол үшін қалған 2 жылдық президенттік өкілеттігін құрбандыққа шалып отырғандығына тоқталған Назарбаев мәселенің бір ұшын демократия нормаларымен байланыстыруға тырысты.

Президент сайлау алдында әрқандай бір «ресми шаралар» өткізілмейтінін айтты. Жұртты жинап, шеру өткізудің қажеті жоқтығын атап өтті. Кездесуде Назарбаев өзін сайлауға қатысушы кандидаттардың бірі ретінде сипаттаған жоқ. Елдің тұңғыш президенті екендігін айтып отыруды артық көрді.

Назарбаев алдағы сайлауда өзінен басқа да президент болғысы келетіндерге мүмкіндік жасалуы керектігін айтты. Президенттің айтуынша, әкімдіктер мен құқық қорғау орындары сайлаудың ашық өтуін қамтамасыз етуі керек.

Халықты дауыс беруге шақырған президент жергілікті ақпарат құралдары тілшілерімен болған сұқбатта басқа да сауалдарға жауап берді. Египеттегі жағдайды Назарбаев «Қайыршылық - революцияны, революция қайыршылықты тудырады» деген қанатты сөзбен байланыстыруға тырысты. Назарбаев бұл жолы да өзі үнемі айтып жүретін адамды жасарту мәселесі мен «Дімкәс патша - бақытсыз патша» мәтелін тағы қайталады. Сұқбатта Қазақстан басшысы өзі жетістік атаған жайларға көбірек тоқталды. Әдеттегідей президент «Мұндай нығмет қай кезде болып еді?!» деген өзіне үйреншікті болып кеткен риторикалық сауалын да қайталамай тұра алмады.

Сұқбатқа «Хабар», «Қазақстан», «Астана», КТК телеарналары мен «Айқын» және «Central Asia Monitor» газетінің тілшілері қатысты.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы сәуірдің 3-інде өтеді.
XS
SM
MD
LG