Accessibility links

Қашаған жайлы қоғамдық тыңдау даумен аяқталды


NCOC өткізген қоғамдық тыңдауға қатысушылар. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл
NCOC өткізген қоғамдық тыңдауға қатысушылар. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл
Атырауда Қашаған кенішін игерудің экологиялық әсері туралы қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімін экологтар мұнай компаниясының мүддесін қорғап отыр деп айыптады.

Наурыздың 20-cы күні "Атырау" қонақ үйінде өткен қоғамдық тыңдауға негізінен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен студенттер, шенеуніктер қатысты. Жергілікті тұрғындардан жиынға арнайы келіп қатысқандар аз болды.

Жобаның сынақтық кезеңі жайлы тыңдауды өткізуге Солтүстік Каспий жобасы операторлары – NCOC компаниясы (NCOC – North Caspian Operating Company) мен агент-компания Agip (Agip Kazakhstan North Caspian Operating Company NV) топ менеджерлерінің толық делегациясы қатысты. Олармен бірге төрдегі үстелде Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те отырды. Тыңдауды "Жайық-Каспий Орхус" орталығының өкілі Шынар Ізтілеуова жүргізді.

ЖОСПАР

Жиынды NCOC компаниясының сыртқы қатынастар директоры Пьер Дельпон бастап, «компания өткізіп жатқан шаралар Қазақстанның экологиялық жағынан жауапты мемлекет ретінде көрінуіне мүмкіндік беретінін» айтты.

Одан соң Agip компаниясының атқарушы директоры Умберто Каррара сөйлеп, Каспий теңізінің қазақстандық қайраңындағы жасанды А және Д аралдарында, спутниктік аралдар деп саналатын ЕРС2, ЕРС3, ЕРС 4 аралдарында барлығы 40 ұңғыма бұрғыланатынын айтты.

– Бұл ұңғымалар сатымен өндіреді. Алғашқы кезеңде тәулігіне 180 мың баррель мұнай өндіреміз. Кейін барлық ұңғымалар іске қосылған үшінші кезеңде тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 370 мың баррельге жетеді, – деді ол.

"Солтүстік Каспий" жобасына қатысты қоғамдық тыңдау. Солдан оңға қарай: "Жайық-Каспий Орхус" орталығы өкілі Шынар Ізтілеуова, NCOC компаниясының сыртқы қатынастар директоры Пьер Дельпон, Agip KCO баскарушы директоры Умберто Каррара, Agip KCO компаниясының қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму бөлімінің директоры Вальтер Рицци. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл
"Солтүстік Каспий" жобасына қатысты қоғамдық тыңдау. Солдан оңға қарай: "Жайық-Каспий Орхус" орталығы өкілі Шынар Ізтілеуова, NCOC компаниясының сыртқы қатынастар директоры Пьер Дельпон, Agip KCO баскарушы директоры Умберто Каррара, Agip KCO компаниясының қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму бөлімінің директоры Вальтер Рицци. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл

Agip-тың экологиялық менеджері Игорь Лукашовтың сөзінше, теңізге мұнай төгіле қалса, компания ондай төтенше жағдайға да дайын.

– Теңіздегі комплексте факелден ауаға тарайтын зиянды заттар аумағы 5 шақырымға, газ қатты шыққан жағдайда 7,5 шақырымға ғана таралады. Ал қолданылған сулардың 97 пайызы таза күйінде кері қайтарылады. Жоба жүзеге асырыла бастағанда компания оны пайдалану деңгейін мүлдем азайтады, – деді ол.

ЭКОЛОГТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Бұдан кейін тыңдауға қатысушылар сауал қоюға көшті. Қоғамдық тыңдауға қатысуға келген кейбір экологтардың компанияның дерегіне қанағаттанбағаны көрініп тұрды. Геолог-ғалым, академик Муфтах Диаровтың ойынша, «компания өкілдері апатты жағдайдағы мұнай төгілуі кезінде не істей алатындары жайлы нақты айтқан жоқ».

– «Меркаптан шықса не істейді?», «Сұйық және қатты қалдықтардың полигоны қайда?», «Қауіпті нысандар мен жол бойына қанша ағаштар отырғызылмақ?» тәрізді аса маңызды сауалдарды неге айтпайсыңдар? Теңіз түбін тереңдету, жалпы дайындық кезінде қандай өзгерістер болды? Нақты цифр естіген жоқпын, – деді ол.
Академик Муфтах Диаров.
Академик Муфтах Диаров.

Ал саясаткер Серікжан Мәмбеталин сауалдарын интернет арқылы жолдаған екен, оның сұрақтарын азаматық белсенді Әсел Нұрғазиева оқып берді. Саясаткер «ең алдымен жергілікті тұрғындар тұтынатын Астрахань-Маңғышлақ су құбырынан алынатын ауыз суды консорциум пайдалана бастағанда елге су тапшылығы тууы мүмкін» деп қауіптенетінін айтады.

Серікжан Мәмбеталин "Мұнай төгілуі кезінде келісім-шарт жасасқан компаниялардың Лондондағы офисінен ұшақты дайындауға 72 сағат кететіні туралы айтылады. Сонда олар жеткенше осыншама сағат ішінде Каспийде не болмақ? Мұзжарғыштар мен кемелердің жыл бойы теңіздегі «Ақ жайық» қорығы арқылы жүретіні картадан көрсетілген. Ал уылдырық шашу кезінде кеме жүруге болмайтын кезде консорциум не істемек? Қазақстан заңдарын қалай сақтамақ?" деген сауалдар қойыпты.

«Глобус» қоғамдық ұйымы жетекшісі Галина Чернова «компания елді алдап отыр» деді.

– Осыдан екі күн бұрын бізді кеңеске шақырғанда жолдаған сауалдарымызға жауап жоқ. Алдыңғы қоғамдық тыңдаудағы қауіпті өнімдер деңгейін осы жолы экология департаментімен келістік деп 34 есеге көтеріп ұсынып отыр. Мұндай жаппай көзбояушылыққа не деп сенеміз? – деді эколог.

«Каспий табиғаты» қоғамдық ұйымы жетекшісі Махамбет Хәкімов те сауалдарына қатысты жауап естімегеніне наразылық танытты.

– Мен бұған дейін сіздерге елге төленуі тиіс өтемақы, сақтандыру процестері туралы сұраған едім. Соған неге жауап бермейсіздер? – деді эколог.

КОМПАНИЯНЫҢ ЖАУАБЫ

Тыңдаудың келесі кезеңінде компания басшылары жауап беруге көшті. Олар жиынға қатысушыларды «Атырауда үлкен апат болмайтынына» сендіруге тырысты.

– 15 километрге дейін ағаш ектік. Ол жердің топырағы өте сортаң, өсімдік өспейтін еді. Бірақ біз мүмкін емес жағдайды жасадық. Жергілікті ағаштарды ектік. Олардың өсіп кетуіне барынша жағдай жасап жатырмыз. Біз қолданып отырған тамшылатып суару технологиясы бүкіл Қазақстанда жоқ, – деді Agip компаниясының қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму бөлімінің директоры Вальтер Рицци.
Agip KCO атқарушы директоры Умберто Каррара (сол жақта) мен экология және тұрақты даму бөлімінің басшысы Вальтер Рицци. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл
Agip KCO атқарушы директоры Умберто Каррара (сол жақта) мен экология және тұрақты даму бөлімінің басшысы Вальтер Рицци. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл

Бұл компанияның экологы Игорь Лукашовтың айтуынша, «құбыр мен жол бойына жағалай ағаш егу үлкен су көзін қажет етеді».

– Сондықтан дәл қазір жол мен мұнай құбырларын бойлай ағаш егу жобаның алғашқы кезеңінде қарастырылмаған. Оған аймақтағы су қоры да жетпес еді. Сұйық қалдықтар, пайдаланылған сулар тазартылып, арнайы ыдыстармен кері жөнелтіледі. Каспийге ешнәрсе тасталмайды, ал қатты қалдықтарды шығару үшін жергілікті компаниялармен келісім-шартымыз бар. Мақат ауданы аймағындағы мұнай газ дайындау комплексіне қондырғысында демеркаптанизация құралы орнатылған, – деді компания экологы.

Бірақ академик Муфтах Диаров компания өкіліне бұл сөзіне наразы болып, «аймақта ағаш егуге су табылатынын» айтты. Осы кезде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов араласып:

– Мұқа, сізге айтқан жоқ па «жобада қарастырылмаған» деп. Тереңдеп сұрай берудің қажеті қанша, – деп ескерту жасады.
Дәл мұндағыдай мұнай төгілуі кезінде жедел әрекет ететін аса көп құрал-жабдық тіпті Мексика бұғазында да болған жоқ. Егер апат тым қауіпті болса, шетелден де көмек келеді.

Agip компаниясының өкілі Вальтер Риццидің айтуынша, «мұнай төгілсе, компания әрекетіне қыс та, мұз да кедергі бола алмайды».

– Дәл мұндағыдай мұнай төгілуі кезінде жедел әрекет ететін аса көп құрал-жабдық тіпті Мексика бұғазында да болған жоқ. Егер апат тым қауіпті болса, шетелден де көмек келеді – келісім-шартымыз бар. Бірақ Қазақстандағы мүмкіндіктерімізбен-ақ кез келген апатқа қарсы тұра аламыз, – деді ол.

Вальтер Рицци «ауыз су мәселесі Атырау облысы тұрғындары үшін аса маңызды екенін білетіндіктен оны ұқыптап пайдалануға» уәде берді.

– Өндірудің соңғы кезеңдерінде біз тіпті Астраханнан келетін су құбырынан өте аз мөлшерде су тұтынамыз. Өнім алына бастағанда жоғары сапалы су тазартқыш қондырғысы іске қосылды, – деді ол.

NCOC компаниясының өкілі Пьер Дельпонның айтуынша, компанияда барлық сақтандыру шаралары қарастырылған.

– Өтемақы деңгейі нақты зардаптың мөлшеріне және оған қандай компания жауапты екендігіне байланысты болады. Сіздің одан басқа «Қазмұнайгаз» айтқан, мұнай қорын құру туралы сауалыңызға қазір жауап бере алмаймын. Оған қатысты позициямыз айқын емес, – деді эколог Махамбет Хәкімовтің сауалына жауап берген Пьер Дельпон.

ӘКІМ-МОДЕРАТОР

Жиынға қатысушылардың кейбірі бұл жауаптарға разы болмағандарын айтты. Оларды тыныштандыруға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кірісті. Әкімнің сұрақ қоюшыларды тоқтатып, жиынның модераторы қызметіне кірісіп кеткені қатысушылар арасында наразылық тудырды.

Азаттық тілшісі Agip компаниясының басқарушы директоры Умберто Каррарадан наурыздың 1-і күні теңіздегі жасанды D аралында не болғанын айтып беруін сұрады. Бұған дейін Азаттық D аралындағы мұнай ұңғымасында болған ақау мен теңізге мұнай төгілуі мүмкін деген болжамға қатысты хабар берген еді. Каррараның сөзінше, «қатты мән берерліктей ештеме болмаған».

Пьер Дельпон, НКОК компаниясының сыртқы қатынастар директоры (сол жақта) және Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл
Пьер Дельпон, НКОК компаниясының сыртқы қатынастар директоры (сол жақта) және Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл

– Ол ауыз толтырып айтатындай төтенше жағдай емес, техникалық ақау ғана. Одан қатер де, адамдарға қауіп те төнген жоқ, – деді Умберто Каррара.

Азаттық тілші Каррара мырза айтқан «техникалық ақауға» Атырау мұнай-газ институты сарапшылары басқаша сипаттама бергенін айтып, қосымша сауал қойған еді, сөзге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов араласты.

– Білмейтін затты сұрай беріп не керек. Мен бұл мәселеге әкім ретінде қызығушылық танытып, сұрап білдім. Ол бір түкке тұрмайтын мәселе. Ешқандай қауіп болған жоқ. Абсолютті қауіпсіз онда, – деді облыс әкімі.

Ол Азаттық тілшісінің «Яғни сіз әкім ретінде кепілдік бересіз ғой?» деген сауалына жауап бермей, жиынды қорытындылады.

– Біз дүние жүзіндегі үлкен кеніштің ашылуы қарсаңында отырмыз. Адамдар өмірі үшін алаңдаулы, сондықтан көп сауалдар қойылып жатыр. Бірақ жауап толық бола ма, болмай ма – одан ешнәрсе өзгермейді. Мен барлық материалдармен танысып шықтым. Мұнда барлық қауіпсіздік мәселелері қамтылған. Әріптестеріме түскен сауалдармен айналысуға кеңес беремін. Бұл жерде сөйлей бергеннен түк шықпайды. Егер жалғастырам десеңдер, өздерің біліңдер, – деді Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Осыдан кейін академик Муфтах Диаров қайтадан сөз алды.

– Әкімнен кейін сөйлемеуім керек шығар. Бірақ мен кешірім сұраймын. Компанияға сенімсіздік танытатын себеп бар. Бұрнағы жылдары дайындық жұмыстары барысында сандаған құстар өртеніп кетті. Біз ол туралы екі апта өткен соң естідік, – деді академик.

Әкім оған ескерту жасап, «бес жыл бұрынғы затты еске түсіре берсек, әлі отыра береміз – нақты айтсаңызшы» деді.

– Дайындық барысы қоршаған ортаны қалай өзгертті? Бұл мәлімет мұнай алына бастағанан кейінгі жағдаймен салыстыру үшін керек. Компания осы мәліметтерді экология министрлігіне жолдауы тиіс. Бұл өте маңызды, – деді Муфтах Диаров.

Ал эколог Галина Чернова Атырау облысы әкімін «ашық түрде мұнай компаниясының мүддесін қорғап отыр» деп айыптады.

– Бақтықожа Салахидденұлы, сіз облыс тұрғындарының Ақтөбе, Орал аймақтарына көшіп жатқанынан хабарыңыз бар ма? Ел арасында «Атырау вахталық қала болады» деген де пікір бар. Сіз әкім ретінде ертең ел үдере көшсе, оны тоқтату, елдің үрейін басу үшін не істемексіз? – деп сұрады эколог.

Қашаған кенішіндегі Каспий теңізі бетіне салынған жасанды D аралы
Қашаған кенішіндегі Каспий теңізі бетіне салынған жасанды D аралы

Өзін «мұнай-газ саласындағы барлық баспалдақтардан өтіп, министр болған жалғыз адаммын» деп таныстырған Бақтықожа Ізмұхамбетов «компания мүддесін қорғаса, мәселе мүлде басқаша шешілетінін» ескертті.

– Менің Каррара мырзамен қалай қатал сөйлесетінімді осында отырған кей адамдар біледі. Мені президент текке министр етпеген шығар, – деді ашуланған әкім.

Жиын модераторы Шынар Ізтілеуова тыңдау хаттамасы бір аптадан соң дайын болатынын айтып, жұртты «енді осы көңіл күймен компания жайған наурыз дастарханына баруға» шақырды.

Әлемде соңғы жарты ғасырдан астам уақытта ашылған ең ірі мұнай кеніштерінің бірі Қашағанды игеру бірнеше мәрте кейінге қалдырылған еді. Соңғы рет наурыздың 1-інен маусымның 1-іне дейін тағы да шегерілген. Кеніштен алынуға тиісті мұнай көлемі 10 миллиард баррельге, болжанған табиғи газ көлемі 1 триллион шаршы метрге бағаланып отыр.

Қашаған кенішін игеру Қазақстан экономикасын дамыту үшін қаншалықты керек болса, Солтүстік Каспий аймағының экологиялық жүйесіне бұл жобаның тигізетін әсерін зерттеу соншалықты қажет. Жергілікті экологтар теңіздің қазақстандық бөлігінде салынған жасанды аралдарда енді басталған бұрғылау жұмыстары кезіндегі түрлі техникалық ақаулар мен апаттарды дер кезінде біліп отыруды талап етеді. Өйткені соңғы оншақты жыл ішінде теңіз құстары мен итбалықтарының жаппай қырылуы туралы бірнеше мәлімет тарады. Бірақ Қазақстан үкіметі мен Солтүстік Каспий мұнайын игеру консорциумы экологиялық мәселелерге қатысты бірден анық ақпарат бермей жатады.

Биылғы наурыз айында Атыраудағы мұнай және газ институты ұстаздары және студенттеріне лекция оқыған америкалық ғалым, профессор Грегори Пэйн Азаттық тілшісіне «мұнай компаниялары қандай елеусіз болмасын, кез-келген инцидент туралы ақпаратты жасырып қалмауы тиіс» деген еді.

- Қазір әлеуметтік медиа белсенді түрде қолданылып жатқан кезде кез-келген апатты жасырып қалу мүмкін емес. Мейлі ол шағын техникалық ақау болсын, қоғамға хабарлануы тиіс. Әйтпесе Мексика бұғазындағы апатты бүркемелеуге тырысқан British Petroleum компаниясының күйін кешеді. Ең маңызды активі - сенімнен айрылады, - деген Грегори Пэйн Азаттық тілшісіне.
XS
SM
MD
LG