Accessibility links

Жаңаөзенде полиция түсірген видео жарияланды


Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция түсірген видеодан көрініс.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция түсірген видеодан көрініс.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласында болған қанды оқиғалар кезінде полиция тарапынан түсірілген видеолар YouTube әлеуметтік желісінде жарияланып кетіп жатыр. Бейнематериалда қашықтан оқ жаудырған полиция жасағына қаратып наразылық танытушылардың "Атпаңдар!" деп айғайлағаны анық естіледі.


YouTube ("Ютуб") әлеуметтік желісіне Жаңаөзен оқиғалары туралы жаңа бейнематериалдар түсіп жатыр. Көпшілікке таныс Saule540 есімді қолданушы жүктеген видеодағы көріністердің полиция тарапынан түсірілген нұсқасын OSCEKZ атты қолданушы жүктеген.

Әуесқой форматты бейнематериалда Жаңаөзендегі орталық көшені бойлай наразылық танытушыларды тықсырып келе жатқан полиция жасағының қорғаныс қана емес, атыс қаруымен де жарақталғаны көрінеді. Полицияға алыстан тас лақтырып жатқан наразы топ пен оларға оқ ата бастаған қарулы жасақтың әрекетін көшенің екі жағында қалған қарапайым тұрғындар бақылап тұр. Олардың арасында егде адамдар, әйелдер мен жасөспірімдер де бар.

Видеода жараланған адамдардың қышқырған үні, полиция қаруынан атылған оқ пен жасақтың қалқандарынан шыққан дыбыс естіледі. Бір көріністе жараланып құлаған жігітке көмектесіп жатқан бейбіт тұрғын, ал тағы бірінде "Атпаңдар!" деп екі қолын көтеріп тұрған бойы полиция жасағының ортасында қалған адам кадрге түскен. Жасақтың артында сүйретіле еңбектеп барып құлаған, кейбірі мүлдем қозғалыссыз қалған адам денелері назарға шалынады.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында болған толқу кезінде полиция қолынан кем дегенде 16 адам қаза тапты. Одан бөлек Шетпе станциясындағы наразылық таныту акциясы кезінде бір адам қаза болды. Осыған байланысты Жаңаөзен қаласында жарияланған төтенше жағдай 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейін жалғаспақ. Қазақстан үкіметі төтенше жағдай мерзімін бұдан да ары ұзарта түсу ниеті бар екенін білдірді. Толқу кезінде өкілетін асыра пайдаланды деген айыппен бірнеше полицейдің үстінен прокуратура қылмыстық іс қозғады.


XS
SM
MD
LG