Accessibility links

Тірі шыршаны жалға алып, қайта егетіндер


Ыдыстағы шырша
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:35 0:00

ВИДЕО: Алматыда ыдысқа салынған табиғи шыршаны Жаңа жыл мерекесінде тұрғындарға жалға беру қызметі пайда болды. 26 желтоқсан 2013 жыл.

Жаңа жыл қарсаңында арнайы ыдыстағы табиғи шыршаны жалға берушілер бұл үрдісті экологияны қорғау дәстүріне айналдыруға шақырады.

Жылда отбасылық жаңажылдық мейрам үшін кесілген шырша сатып алып құратын алматылық Талап Әбішев – биыл Алматыда көпке танымал бола бастаған қызмет түрін пайдаланып, табиғи шыршаны жалға алып жатқандардың бірі.

«Қарап тұрсам түбінен шабылған шырша мен мына ыдыстағы табиғи шыршаның құны бір-бірімен шамалас екен. Әлгі шабылған шыршаны жаңа жылдан кейін қоқысқа шығарып тастаймыз. Өзімізге де, экологияға да зиян» дейді Талап Азаттыққа.

Шабылған шыршаны жыл сайын 15-20 мың теңгеге сатып алып келген Талап биыл тірі шыршаны екі аптаға 15 мың теңгеге жалға алды.

Ол тірі шыршасын көктемде жалға беруші компанияның питомнигіне апарып өзі қайта еккісі келеді.

Шыршаны жалға беруші компаниялардың бірінде жұмыс істейтін Дәуреннің сөзінше, клиенттердің көпшілігі Талап құсап жаңа жылдық бас ағашты кейін бала-шағасымен бірге табиғи ортасына апарып, өздері қайта еккілері келеді. Мұндай ниетті қолдай тұра Дәурен шыршаны «өлтіріп» алмау үшін, кәсіпқой бағбандардың еккені жөн деп санайды. Сол себепті оның компаниясы тірі шыршаны ары кетсе 15 күнге ғана жалға береді де, сосын жинап әкетіп, күн жылығанша қаладан 60 шақырым жердегі питомникке апарып қояды.

Сатуға қойылған жасанды шыршалар. (Көрнекі сурет)
Сатуға қойылған жасанды шыршалар. (Көрнекі сурет)
Бағбанның сөзінше, ыдыстағы тірі шыршалар көктемде қала маңындағы өртең жерлерге егіледі. Ол жаңа жыл кештері өткесін қоқысқа шығып шыршаларды заңсыз кесу әрекетін осындай жолмен азайтуға шақырады.

«Қала тұрғындары жаңа жыл алдында шыршаларды кесіп әкеледі немесе базардан сатып алады да, үйінде ары кетсе бір ай ұстайды. Сосын далаға шығарып тастайды. Бұл экологияға зиян. Сондықтан біз шыршаны жөнсіз отауды болдырмас үшін биылдан бастап жалға алу туралы жаңа бастама көтеріп отырмыз» деді Дәурен.

«Табиғат» ұйымының жетекшісі, эколог Мэлс Елеусізов жаңа жыл мейрамы алдында Алматы маңындағы қырық жылдық шыршаларға дейін жаппай оталып кететінін айтып, қынжылады.

«Егер жалға берушілер расымен де сол ағаштарды далаға апарып қайта ексе, жақсы бастама. Нәтижесі бар. Бірақ бұл да ақша табудың бір жолы. Сондықтан тек жасанды шырша құру керек» дейді Мэлс Елеусізов Азаттыққа.

Шырша көп өсетін таулы Алматы облысында биыл да жаңа жыл қарсаңында қылқанжапырақты ағаштарды заңсыз кесу мен дайындаудың алдын алу бойынша жедел шаралар қолға алынғаны хабарланып жатыр. Мысалы желтоқсанның ортасында облыстық табиғатты қорғау полициясы биіктігі 1,5 метрлік төрт шыршаны заңсыз кескен Көксу ауданының тұрғындарын ұстаған болатын.
XS
SM
MD
LG