Accessibility links

Тәуелсіз басылыммен аттас жаңа газет сынға ілінді


Тәуелсіз «Трибуна – Ашық алаң» газеті. 5 қыркүйек 2013 жыл.
Тәуелсіз «Трибуна – Ашық алаң» газеті. 5 қыркүйек 2013 жыл.

Былтыр бірнеше мәрте шектеуге ұшыраған «Трибуна – Ашық алаң» газетінің журналистері «билікшіл» партия өздеріне атауы ұқсас басылымды әдейі шығарды деп сенеді. Ал партия газеті өзін тәуелсіз БАҚ деп санайды.

Қаңтардың 8-і күні Владислав Косарев жетекшілік ететін Қазақстан коммунистік халық партиясы «Трибуна. Коммунист Казахстана» атты жаңа газет шығарғанын хабарлады. Басылым атауының шығуына бірнеше рет тыйым салынған тәуелсіз «Трибуна – Ашық алаң» газетінің атымен ұқсастығы әрқилы пікір туғызды.

Бұл жөнінде әлеуметтік желілерде де талқыланып, кейбірі жаңа газет «Трибуна – Ашық алаң» газетінің оқырмандарын шатастыру үшін шығарылған десе, ендірі бірі «ақпарат кеңістігіндегі бәсекелестікті күшейтеді» деп пікір айтты.

«БИЛІКТЕН БӘРІН КҮТЕМІЗ»

«Трибуна. Коммунист Казахстана» газетінің шығатыны туралы алғашқы ақпаратты Facebook әлеуметтік желісі арқылы тәуелсіз «Трибуна – Ашық алаң» газетінің тілшісі, қоғамдық белсенді Инга Иманбай мен бас редакторы, қоғамдық белсенді Жанболат Мамай таратқан еді.

Бұл ақпаратқа қарағанда билік орындарының бірінде жұмыс істейтін әлдекім оларға арнайы хат жолдап, «Трибуна. Коммунист Казахстана» газеті шыққалы
Журналист Инга Иманбай. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Журналист Инга Иманбай. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
жатқанын, одан соң «Трибуна – Ашық алаң» газетін түрлі сылтаумен жауып тастау мүмкін екендігін» ескерткен.

«Бәрі түсінікті, біз жұмысымызды жалғастыра береміз. Кезінде президент әкімшілігі «Жас Алаш» газетінің ықпалын бәсеңдету үшін «Жас қазақ» деген газет ойлап тауып, «Жас Алаштың» журналистерін тартқан еді. Одан «Жас Алаш» әлсіреп қалған жоқ» деп жазады Инга Иманбай.

Ал Жанболат Мамайдың Азаттыққа айтуынша, аталған ескерту хат газет редакциясына жаңа жылдың алдында түскен. Одан кейін хат авторының өзі де келген. Коммунистік халық партиясының қызметкерлерінің бірі бұл газетті «Голос коммуниста Казахстана» деп тіркемек болғанда, «Трибуна. Коммунист Казахстана» деп тіркеу жөнінде жоғарыдан нұсқау түскенін айтқан.

«Біз шығаратын газетпен бір күнде, бір баспаханада шығатын бұл газеттің атауы арандатушылық мақсатында, оқырмандарды шатастыру үшін қойылғаны көрініп тұр. Біршама уақыттан кейін біз шығарып отырған газетті ретін тауып жауып, демократияшыл күштерге, Батыс қоғамына «Біз «Трибунаны» жапқан жоқпыз» деп фасад жасаудың айласы» деп тұспалдайды журналист.

Жанболат Мамай кезінде Серікболсын Әбділдин жетекшілік еткен оппозициялық
Журналист Жанболат Мамай. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.
Журналист Жанболат Мамай. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.
​ коммунистік партияға балама болып құрылған Владислав Косарев басқаратын Қазақстанның коммунистік халық партиясы (ҚКХП) тәуелсіз газет шығарады дегенге күмәнмен қарайды.

«Осыған дейін билік біз шығарған «Трибуна – Ашық алаң» газетін үш айға жауып тастады. Бұл – тәуелсіз газетті қудалаудың бір түрі. Екінші қудалау –газетті таратушы монополист компаниялар өзімізге тиесілі қаржымызды қайтарғысы келмейді. Бұл да – жанама қысым. Биліктен бәрін де күтеміз» дейді ол.

Мамайдың сөзіне қарағанда, «Трибуна – Ашық алаң» газетінің ресми атауы «Ашық алаң». Орыс тілділерге түсінікті болу үшін маңдайшасына «Трибуна» деп үлкен әріптермен жазылған.

«16 БАҒАННЫҢ ЕКЕУІ ҒАНА - БИЛІКТІКІ»

Азаттық тілшісі ҚКХП жаңадан шығарған газеттің бас редакторы Алмат Азадимен де сөйлесті. Ол былтырғы тамыз айына дейін қазіргі Жанболат Мамай басқаратын «Трибуна – Ашық алаң» газетінің бас редакторы болған.

«Трибуна» деген атаумен тіркелген ешбір газет жоқ. Ол сөзді орыс тілділерге де
"Трибуна - Коммунист Казахстана" газетінің бірінші саны. 8 қаңтар 2014 жыл.
"Трибуна - Коммунист Казахстана" газетінің бірінші саны. 8 қаңтар 2014 жыл.
ұғынықты болуы үшін «Трибуна. Ашық алаң» газетінің маңдайшасына шығару жөніндегі ұсынысты мен айтқанмын. Былтыр құрылтайшылар «қаржы жоқ» деген желеумен мені жұмыстан босатты. Бірақ газет әрі қарай тілшілерімнің жазған материалдарымен шығып жатты. Мен басқарған кезде ол газеттің тиражы 20 мыңға дейін жетті. Ал жаңа газет те одан кем болмайды» дейді Алмат Азади.

Ол жаңа газетті өткір мәселе көтеретін тәуелсіз басылымға айналдырғысы келеді.

«Газет құрылтайшысы коммунистік халық партиясы болғандықтан халықтың кей бөлігі «биліктің газеті» деп санауы мүмкін. Бірақ бұл партиялық газет емес. Газетте тек аты ғана тұрады, газет бетіндегі 16 бағанның тек екеуі ғана партияныкі болады» дейді ол.

Алмат Азади өзі шығаратын газеттің «биліктің қолшоқпарына айналатыны» туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі пікірлерді оқығанын, бірақ оған жауап қатуды өзіне лайық көрмейтінін айтады.

«ҰҚСАС АТАУЛАРДЫ ҚОЛДАНУ»

Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының құқығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы сараптамалық орталығының жетекшісі Ғалия Әженова тәуелсіз газеттерде бірнеше жыл жұмыс істеген Алмат Азадидің ұқсас атауды қолдануы кездейсоқтық болуы да мүмкін деп санайды. Бірақ ол парламент мәжілісіндегі
«Әділ сөз» ұйымы сараптамалық орталығының жетекшісі Ғалия Әженова. Алматы, 23 шілде 2013 жыл.
«Әділ сөз» ұйымы сараптамалық орталығының жетекшісі Ғалия Әженова. Алматы, 23 шілде 2013 жыл.
фракцияның бірін құрып отырған Владислав Косарев жетекшілік ететін партияның газетіне қатысты «кездейсоқтық» сөзін және қолданғысы келмейді.

Қазақстанның жаңа саяси тарихында «ұқсас атауларды қолдану» тәсілі бұрын да болған. Әсіресе сайлау кездерінде танымал газеттердің атауымен бір күндік газеттер аяқ астынан шыға келетін. Ол, тіпті тек баспасөзде ғана емес сайлауға қатысатын кандидаттарың арасында да кездеседі. Сол сияқты жаңадан ашылған кейбір үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) бұрыннан танымал ҮЕҰ-лардың атауларына қосамжарланып, бедел жинағысы келетін әрекеттері байқалады.

«Жанболат Мамайдың «Трибуна – Ашық алаң» газеті былтыр жазда түрлі желеумен үш айға жабылды. Сөз еркіндігін шектейтін мұндай қадамға жол бермеуге шақырдық, алайда билік оған қараған жоқ» дейді Ғалия Әженова.

Қазақстандық журналист, саяси шолушы Сергей Расов «өздерін тәуелсіз санайтын басылымдар көбейсе, оған тек қуану керек» деп санайды.
Ең дұрысы, кімнің тәуелсіз екенін әр редакция іспен дәлелдеуі тиіс.
Журналист Сергей Расов.

«Егер жаңа құрылтайшының көздеген мақсаты әлдекімді тұқырту болса, оны оқырман тез-ақ түсінеді. Ондай газетті ешбір қаражат ұзақ ұстап тұра алмайды. Ең дұрысы, кімнің тәуелсіз екенін әр редакция іспен дәлелдеуі тиіс» дейді Расов.

Жаңадан шыққан «Трибуна. Коммунист Казахстана» газетінің құрылтайшысы Қазақстан коммунистік халық партиясы 2004 жылы маусым айында тіркелген. Сол жылы Серікболсын Әбділдин жетекшілік ететін оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясынан бөлініп шыққан. 2012 жылы Қазақстан коммунистік партиясы сайлаудан шеттетілгенде, билікшіл саналатын комунистік халық партиясы мәжіліске өтіп, «көп партиялы» парламент фракциясының бірін құрады.

Қазақ және орыс тіліндегі «Трибуна – Ашық алаң» газетінің алғашқы нөмірі 2012 жылы қыркүйектің 6-сында шыққан. Былтыр, 2013 жылы қыркүйектің 23-і күні Алматы қалалық әкімшілік соты газетті «жариялану мерзімін бұзды» деп айып тағы үш ай мерзімге жапты және басылым иесіне ірі айыппұл салды. Бұл шара халықаралық құқық қорғау ұйымдары тарапынан «сөз бостандығын шектеу» ретінде бағаланған болатын. Бірақ басылым жұмысын тоқтатпай қазір «Трибуна – Саясат алаңы» деген атпен шығып келеді.
XS
SM
MD
LG