Accessibility links

«Назарбаев, кет!» деген Нарымбаев рақымшылыққа ілікті


«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.
«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының соты «Полицейге қарсы күш қолданды» деген айыппен төрт жылға сотталған оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаевқа рақымшылық жасау туралы шешім шығарды.


Ермек Нарымбаевқа рақымшылық жасалғаны жөнінде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Қуат Рақымбердин хабарлады. «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев енді 15 күннен соң бостандыққа шығады.

Бұған дейін амнистияға ілінген құқық қорғаушы Евгений Жовтис пен журналист Тоқнияз Күшіковтің те екі аптадан кейін босатылатыны мәлім болған.

БҰРЫНҒЫ УӘЖ

Жарма аудандық сотына хабарласқанымызда, сот шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан колонияның өзінде өтіп жатқанын, судьялардың ол жақтан әлі келмегенін айтты.

Ал Ермек Нарымбаевтың туыстары рақымшылық туралы сот шешімін әлі естімепті. Олар тек істің 9 ақпанда қаралатынын ғана біледі екен.

Ермек Нарымбаев бұдан бұрын өзін мерзімінен босату жөнінде өтініш беріп, оны түрме әкімшілігі қанағаттандырмаған еді.

- «Белсенді түрде шараларға қатыспайды» деген уәжбенен өтінішін қанағаттандырмаған болатын. Ал бірақ ол колонияның ішінде өтіп жатқан сенбілік сияқты шаралар болса, ол өзі қатысып жүр. «Қатыспаймын» деп қарсылық танытқан жоқ. Әйтеуір, бұл меніңше оны шығармаудың амалы болды ғой деп ойладым, - дейді оның әкесі Ерсайын Нарымбаев.

ЕКІ АУЫЗ СӨЗ

Ермек Нарымбаев 2010 жылы мамырдың 1-інде Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштердің жиынында «Назарбаев, кет!» деген ұран айтқан еді.

Одан кейін жиынды өткізуге кедергі жасаған полицияның іс-әрекетіне наразылық ретінде аштық жариялаған. Бірақ сол күні кешке оны полиция ұстап әкетіп, ертеңінде "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 тәулікке абақтыға қамаған.

Кейін қамауда отырған Ермек Нарымбаев билікке қарсы қылмыс жасаған күдіктіге айналды. Оған «сотқа құрмет көрсетпеді» және «полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті» деген айыптар тағылды. Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша 2010 жылы маусымның 26-сы күні Ермек Нарымбаевты төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Ермек Нарымбаев содан бері Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Жаңғызтөбе елді мекеніндегі жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқан.

Ол түрмеде отырған кезде 2011 жылы азаматтық қоғам мен демократияның дамуына үлес қосқан тұлғаларға берілетін «Азаттық» сыйлығын алды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG