Accessibility links

Владимир Козловты мерзімінен бұрын босатпады


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов құқық қорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный, Алматы облысы, 21 шілде 2015 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов құқық қорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный, Алматы облысы, 21 шілде 2015 жыл.

Сот Алматы облысы Заречный түрмесіне қамалған оппозициялық саясаткер Владимир Козловты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан бас тартты. Козлов түрме басшылығының өзіне қысым жасап келе жатқанын айтады.

Қапшағай қалалық соты Алматы облысындағы Заречный кентінде орналасқан жалпы режимдегі ЛА-155/14 колониясында желтоқсанның 8-і күні өткен көшпелі сот отырысында оппозициялық саясаткер Владимир Козловты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан бас тартты. Козловтың "әлі күші жойылмаған жазасы бар" екенін айтқан түрме басшысы, полковник Абылғазы Еділов пен прокурор саясаткерді мерзімінен бұрын босатуға қарсылық білдірді.

Сот процесі жабық болмаса да, судья Мэлс Ыдырысов сот залына журналистердің кіруіне тыйым салды. Бұдан бұрын, желтоқсанның 4-і күні өткен сот отырысында Владимир Козловтың адвокаты Айман Омарова бұл сотты ашық өткізуді және оған журналистерді қатыстыруды сұраған өтініш түсірген. Бірақ судья оны қабылдамай тастаған. Мұнан соң Айман Омарова "Мэлс Ыдырысов сотты жариялылық, тараптар теңдігі сияқты қағидаларды бұза отырып бастады" деп мәлімдеп, судьяға қарсылық білдірген еді. Бүгін адвокаттың судья Ыдырысовқа қарсылық білдірген өтініші қабылданбай қалды.

Істі қарауды жалғастырған Мэлс Ыдырысов Владимир Козловтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы арызын қанағаттандырмайтын шешім шығарды. Бірақ ол бұл шешімге қарсы Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасына шағым түсіруге болатынын мәлімдеді. Козловтың адвокаты Айман Омарова апелляциялық арыз түсіретіндерін айтады. Оның сөзінше, сот шешімі «заңсыз, түрмеде заңсыз жаза тағайындау негізінде шығарылған». Владимир Козловқа түрме әкімшілігі бұған дейін «тәртіп бұзды» деп, жаза тағайындаған.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов қамауда отырған Заречный кентіндегі түрменің қақпасы. Алматы облысы, 8 желтоқсан 2015 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов қамауда отырған Заречный кентіндегі түрменің қақпасы. Алматы облысы, 8 желтоқсан 2015 жыл.

Козлов сотта «түрме бастығы Абылғазы Еділов шағымы қаралатын кезде қасақана жазаға тартып, мерзімінен ерте босау мүмкіндігінен айыру арқылы қысым жасап жатқанын» мәлімдеді. Олар түрме басшысының бұл ісін заңсыз деп санайды. Владимир Козловтың Еділовтің бұл қысымына қарсы шағымдану әрекеттері сәтсіз аяқталған еді.

Қазақстанда ресми тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік араздық туғызды» деген айыппен сотқа тартылып, 2012 жылы жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Козлов жаза мерзімінің жартысын биыл қазанның 23-і өтеп бітірді. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға арыз жаза мерзімінің жартысы өтелген соң беріледі.

Алайда Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА155/14 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Владимир Козловқа түрме басшылығы «​тәртібіне байланысты»​ үнемі жаза тағайындап келеді. Жаңа жаза тағайындалған жағдайда түрме басшылығына тұтқынды қатаң жағдайда ұстауға мүмкіндік туады.

Қазақстандық кейбір құқық қорғау ұйымдары Владимир Козловты «саяси тұтқын» деп таныған.​ Бірқатар халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Владимир Козлов ісінің саяси астары бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG