Accessibility links

«Халық майданы» басты қарсылас деп «Нұржолды» атады


Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 20 шілде 2011 жыл.
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 20 шілде 2011 жыл.

Парламенттік сайлауға орай елдегі бірқатар оппозициялық күштерден құралған қозғалыс өкілдері жер-жерде бөлімшелері құрыла бастағанын мәлімдеді.


Республика тұрғындарын осы қозғалысқа кіруге шақырған олар сәрсенбі күні өткізген жиында мақсаттарын тағы айтты.

– «Халық майданының» ақырғы мақсаты – Қазақстан конституциясына сәйкес демократиялық мемлекет орнату, – деді Қазақстанның коммунистік партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров.

«Халық майданы» таратқан мәлімдемеде қозғалыстың «елдегі қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, азаматтардың конституцияда
Қазақстан коммунистік партиясы жетекшісі Ғазиз Алдамжаров. Алматы, 20 шілде 2011 жыл.

жазылған құқықтарын қорғауды мақсат ететіні» жазылған. Қозғалыс өкілдері «елдегі барлық салада жүріп жатқан заңсыздықты жою үшін» күш біріктіру қажет екенін айтады.

АЙЫРМАШЫЛЫҚ ПЕН ҰҚСАСТЫҚ

Сәрсенбілік баспасөз жиынында журналистер қозғалыс өкілдеріне кезекті парламенттік сайлауда кімді бәсекелес көретіні туралы сұрақ қойған еді.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов «сайлау кезінде бізге басты қарсылас партия – «Нұржол» деді. Саясаткер «Нұр Отан» мен «Ақжол» партияларының атауларын біріктіріп, осындай ат ойлап тапты.

– Президенттік «Нұр Отан» мен президенттік «Ақжол» партиясының ұқсастығы мен айырмашылығын басқаша айта алмай да тұрмын, – дейді Владимир Козлов.

«Халық майданы» оппозициялық радикалды ұйымдармен одақ құруды жоспарлап отыр ма?» деген сұрақ қойды журналистер. Бұл сұраққа жауап берген режиссер Болат Атабаев елде діни оппозиция пайда болып үлгерсе де, олармен мүдделері қабыспайтынын айтты.

– Бізде ортақ мақсат жоқ: олар ислам халифатын құрғысы келеді, ал біз демократиялық мемлекет құруды көздейміз, – деді Болат Атабаев.

Маусым айының соңында Қазақстан Коммунистік партиясы, тіркелмеген «Алға» партиясы және бірқатар қоғамдық ұйымдар «Халық майданы» деп аталатын бірлескен қозғалыс құрғандарын жариялаған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG