Accessibility links

Оралмандар мәселесін сөз еткен жиынның тақырыбы да дауға ұласты


Қазақстанға шетелден көшіп келген қазақ Дархан Бадауұлының отбасы. (Көрнекі сурет).
Қазақстанға шетелден көшіп келген қазақ Дархан Бадауұлының отбасы. (Көрнекі сурет).

Алматыдағы жиындардың бірінде шеттен келген қазақтарға қатысты «аутсайдер» ұғымы қолданылды. Ал мамандар тұрғындарды «жергілікті қазақ» және «оралман» деп бөлуге қарсы шықты.


Маусымның 2-сі күні Алматыда Саяси шешімдер институтында «Оралмандар: әлеуметтік аутсайдерліктен сапалы адам капиталына өту» атты жиын өтті. Шамамен үш сағатқа созылған жиынның тақырыбы бірден дау тудырды.

«АУТСАЙДЕР»

Әуелі сөз кезегін алған «Жебеу» қоғамдық ұйымының төрағасы, кәсіпкер Рақым Айыпұлы тарихи отанына оралған қазақтарды «аутсайдер» яғни «қоғамдағы екінші сортты адам» деп атау сауатсыздық болатынын, олардың ел экономикасының дамуына бір адамдай үлес қосып жүргендерін айтты.

Спикер сөзін дәлелдеу үшін мынандай есеп келтірді: Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға оралған 825 мың қазақтың 41 мыңы – жоғары білімді, 93 600 адамның арнаулы орта білімі бар. Шеттен келген
Жебеу» қоғамдық ұйымының төрағасы, кәсіпкер Рақым Айыпұлы. Алматы, 2 маусым 2011 жыл.

қазақтардың 450 мыңға жуығы – еңбекке қабілетті. Ал зейнеткерлердің үлес салмағы – небәрі 4 пайыз.

– Оралмандардың арасында әлеуметтік күйзеліске түскендер баршылық. Бірақ бұл – қазаққа ортақ құбылыс. Ондай күйзеліс болмаса, кешегі Бақай, Шаңырақ, Думандағыдай жағдайлар болмас еді. Біз оралмандар мәселесін қазақ мәселесімен бірдей қарастыруымыз қажет, – дейді Рақым Айыпұлы.

Ол шеттен келген қазақтардың әсіресе ауыл шаруашылығы саласында жемісті қызмет етіп жүргенін айтып өтті.

«ОРАЛМАНДАРДЫ БЕЙІМДЕУ»

Ал екінші баяндамашы – саясаттанушы Талғат Мамырайымов «Аккультурация – оралмандардың әлеуметтік бейімделуінің факторы ретінде» атты баяндамасын шеттен келген қазақтарды жергілікті қоғамға бейімдеу қажеттігі мәселесінен бастады.

– Менің көзқарасым бойынша, әлеуметтік-мәдени факторлар, нақтырақ айтсақ, оралмандардың аккультурациясы – олардың басындағы қиын
Саясаттанушы Талғат Мамырайымов. Алматы, 2 маусым 2011 жыл.

әлеуметтік экономикалық жағдайының басты проблемасы, – деді саясаттанушы.

Талғат Мамырайымов диаспорология ғылымының тарихына тоқталып, талқыланып отырған тақырыптан ауытқып бара жатқан соң, баяндамасын соңына дейін тыңдауға көпшіліктің шыдамы жетпеді.

Отырғандар «Оралмандар қайда кетті?» деп баяндамашыға шүйлікті, «Сіз оралмандардың тарихын мүлдем білмейді екенсіз, қандай еңбектерге сүйеніп жаздыңыз?» деп ренжігендер де болды.

«ЖЕРГІЛІКТІ ҚАЗАҚ», «ОРАЛМАН» ДЕП БӨЛУ ҚОҒАМДЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЙДІ

Талқылау кезеңіне жеткенде жиынға келген ғалымдар, саясаттанушылар, мамандар дөңгелек үстел тақырыбының дұрыс қойылмағанын тағы айтып, «оралмандардың аккультурациясы» мәселесін қозғаған баяндамашыны қайта-қайта сынады.

Біріншіден, оралмандар мәселесіне қатысты «аутсайдер» ұғымын қолдану – қате. Екіншіден, «аккультурация» терминін өзара тарихи тегі бір қазақтарға қатысты қолдануға болмайды десті жиынға келгендер. Олардың ойынша, «жергілікті қазақтар», «оралмандар» деп бөлу қоғамды тығырыққа тірейді.

– Бұл оралмандар мен отанымыздағы тұрғылықты халықты жақындатпайды, керісінше алыстатады. Біз саяси терминдер қолданған кезде өте абай болуымыз керек. Оралмандар ұлттық мәдениетімізді
Ақын Алмас Ахметбекұлы. Алматы, 2 маусым 2011 жыл.

байытады. Оралмандарды Қазақстандағы мәдениетке «бейімдету» емес, қайта оралмандардың мәдениетімен ұлттық мәдениетімізді толықтыруымыз керек, – дейді ақын Алмас Ахметбекұлы.

КВОТА, ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ІШКІ МИГРАЦИЯ

Жиында отанына оралғысы келген қазақтардың басты қиындықтары да сөз болды. Қазақстандағы ақпараттандыру жүйесінің жоқтығы, жұмыссыздық мәселесі, Израиль немесе Германиядағыдай оралмандарға қолдау көрсету орталықтарының жоқтығы, құжат (әсіресе квота) жөндетудегі қиындықтар, орыс тілін білмегені үшін оралмандардың дискриминацияға ұшырауы, т.б. мәселелер қозғалды.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының өкілі Рақым Бекназаров квота алудағы коррупция мәселесін сөз етті:

– Неге осы мәселе жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр? Сіз моңғолдың базарына барсаңыз, ол жерде балалардың туу куәлігін сатып аласыз. Кәдімгідей сатып аласыз. Арзан әрі. Осы мәселені көтерсеңіздер. Себебі осының бәрі болашақта жарылады, – дейді Рақым Бекназаров.

Квотаның жайын Өзбекстан қазағы, «Нұрлы қоныс» қайырымдылық қорының директоры Зүбайра Аллабергенова да айтты:

– Квота мәселесінде өте үлкен кемшіліктер болып жатыр. Әсіресе, соңғы уақытта департаменттің таратылуы түрлі қиындықтарға душар етіп жатыр. Жартысын көші-қон полициясына қосты, жартысы еңбек бақылауы болып кетті. Бұл мәселемізді бұрынғыдан да қиындататын болды.

Ал «Өзбекстанның экологиялық мигранттарын қолдау орталығы» қорының директоры Дина Бөлешова «20 жыл бойғы оралмандардың жағдайына зерттеу жүргізу керек», «оралмандар үшін дайындық орталықтарын құру керек» деген ұсыныстар айтты.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали:

– Семей және Шығыс Қазақстан облысында алдымен орыстар кеткен еді. Қазір қазақтар кетіп жатыр. Егер де әрі бұлай жалғаса берсе, шекараға жақын жерде жұртшылық саны азаяды, – дей келе. – Жаңа география жұртшылығы мәселесін зерттеуіміз керек. Содан кейін оралмандардың проблемасын ішкі миграция мәселесі аясында қарастыруымыз керек. Аралас қоныстандыру керек, – деген ойын айтты.

Жиынға қатысқан мамандар осы сияқты мәселелер алда қарастырылатын «Оралмандар туралы» заң жобасында ескерілсе екен деп тарасты.

Дөңгелек үстелдегі дау
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:59 0:00
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG