Accessibility links

Қарағандыдағы орталық мешіт құрбандық малдарының етін жетімханаларға үлестірді


Наурызбай Өтпенов, Қарағанды қаласы орталық мешітінің бас имамы. Қарағанды, 30 қараша 2009 жыл.
Наурызбай Өтпенов, Қарағанды қаласы орталық мешітінің бас имамы. Қарағанды, 30 қараша 2009 жыл.

Қарағанды қаласындағы орталық мешіт Құрбан айт аяқталған соң құрбандық малдарының етін жетімдер үйлеріне беріп, «Аялы алақан» деп аталатын қамқорлық акциясын өткізді. Биыл мешітке құрбандық шалған жамағаттан 200-дей ірілі-ұсақ малдың еті тапсырылған екен.

Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) Құрбан айт мейрамы кезінде мешіттің жанында жылап тұрған бір баланы көреді. Пайғамбар сонда әлгі баладан: - Балақай-ау, неге жылап тұрсың?- деп сұраған екен.

Бала: - Қараңызшы, ана балаларды әкелері аттарына, түйелеріне мінгізіп ойнатып жүр. Ал мені осылай ойнататын әке-шешем неге жоқ?-деп жылап жіберіпті. Сонда Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) жетім баланың алдына жата кетіп, арқасына мінгізіп, төрт тағандап тұрып алып, аттарша шапқылап ойнатқан екен… Мешітке жиналған жамағат алдында осы аңыз-әпсананы есіне алған бас имам қайырымдылық шарасын ұйымдастыру мақсатына тоқталды.

ЖЕТІМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР

- Жалпы Алла-тағала қасиетті Құранда жағдайы нашар кісілерге, жетім балаларға көмектесу жөнінде айтқан. Пайғамбарымыздың хадисінде айтқан, кімде-кім жетімдерге көмектессе, жәннатта бізбен бірге болады деп. Мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанда мешіттер мемлекеттен бөлек, жалпы халықтың қайыр-садақасымен күн көруде. Дегенмен де біз сол халықтың берген қайыр-садақасынан үнемдеп, кішкентай болса да жағдайы нашарлар мен жетім балаларға көмектесуді қолға алдық,- дейді Қарағанды қаласы орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов.

Құрбандық шалу рәсімі. Қарағанды, 29 қараша 2009 жыл.



Үш күнге жалғасқан Құрбан айт аяқталған күннің ертеңінде Қарағанды қаласындағы орталық мешіт С.Сейфуллин атындағы театр ғимаратында қаладағы 300 ге тарта жетім және тастанды балаларды тәрбиелейтін 21 балалар үйіне Құрбан айт кезінде құрбандыққа сойылып, мешітке тапсырылған 200 қойдың етін таратып берді.

Сонымен қатар театр ғимаратында балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арналған концерттік бағдарлама да ұсынылды. Онда жас өнерпаз мектеп оқушылары мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері өнерлерін ортаға салды.

-Біздің балалар үйінің тәрбиеленушілері осы концертке арнайы дайындалып барды. Үш баламыз түрлі әндер шырқап, балалар үйі тәрбиеленушілерінен құрылған «Еркем-ай» би тобы өз өнерлерін көрсетті. Осы қамқорлық акциясына шақырылған барлық балаларымыз сыйлықтарға ие болды,-дейді Қарағанды қаласының «Таңшолпан» балалар үйі директорының орынбасары Сәуле Тілеуханова.

Мешіт өкілдерінің айтуынша, осындай қайырымдылық акциясын өткізуге арнайы жоба әзірленген. Осыған байланысты қаладағы балалар үйлерінен Құрбан айт мерекесіне бір ай қалғанда түрлі сұраныстар мен өтініштер қабылдана бастаған.

- Жоба аясында осындай шараны ірі көлемде алғаш рет өткізгенімізбен, бұрынғы жылдары да қайырымдылық жасап келеміз. Дегенмен қолға алынған осы ауқымды шара бұдан былай жыл сайынғы дәстүрге айналады деген сеніміміз бар,- дейді Қарағанды қаласы орталық мешітінің өкілі Марат Бектажинов.

С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өткен қайырымдылық акциясында 100 ге тарта жағдайы нашар отбасыларға да көмек көрсетілген.

XS
SM
MD
LG