Accessibility links

ЕҚЫҰ Рамазан Есіргеповтің тағдырына алаңдап, оны босатуға шақырды


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы бойынша өкілі Миклош Харасти
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы бойынша өкілі Миклош Харасти

Сәрсенбі күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы бойынша өкілі Миклош Харасти ресми Ақорданы “мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерді заңсыз жинап, жариялады” деген айыппен абақтыға жабылған журналисті босатып, ел заңдарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге шақырған мәлімдеме жасады

“Алма-Ата-ИНФО” газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов – ауруханада емделіп жатқан жерінен 6 қаңтар күні тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды.

Қауіпсіздік комитетінің ішкі хат-қағаздарын жариялағаны үшін Р.Есіргеповтің үстінен қылмыстық іс қозғалған соң, ол Тараздағы тергеу абақтысында аштық жариялады. Оған қоса өткен аптаның соңында мәлім болғандай, қауіпсіздік комитеті журналистке таққан айыбын қатаңдатты.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжинге жолдаған хатында М.Харасти “Ең бірінші маңызды қадам ретінде мен сіздің өкіметіңізден журналисті босатуын өтінемін”, -деп жазды.

Журналистке бас бостандығынан айрылу қатерінің төнуі сияқты, оның қамауда отыруы да қоғамдық проблемаларды мәселе етіп көтерген журналистикаға қолайлы жағдай туғызу туралы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының міндеттемелерін бұзу болып табылады.

ЕҚЫҰ-ның БАҚ-тың еркіндігі бойынша өкілі атап көрсеткендей, “бейресми тергеу жүргізудің төңірегіндегі дау-жанжалдар – журналистика өзінің кәсіби міндетін еркін атқара алатын кез-келген қоғамдағы БАҚ бостандығы дамуының нышаны”.

М.Харастидің сөзіне қарағанда, журналистердің жүргізген тергеуі барысында “мемлекеттік құпия” заңдары бұзылған оқиғалардан кейін таяуда Батыс Еуропа елдері мен АҚШ мемлекеттік құпия және журналистердің ақпарат көздері туралы заңдарын өзгертті.

Р.Есіргеповке қатысты оқиғадан кейін, -деп мәлімдеді М.Харасти, - Қазақстан да өз заңдарын жетілдіріп, мемлекеттік құпиялар туралы ұстанымды қайта қарап, қылмыстық жазадан босатып, журналистердің ақпарат көздерін қорғауға тиіс.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің міндеттемелеріне сәйкес, олар қоғамның жемқорлық, бюрократиялық заңсыздықтар, таныс-тамырлық, экологиялық заң бұзушылықтар сынды қоғамдық маңызы бар мәселелерді еркін талдау құқын мойындауға тиіс.

ЕҚЫҰ-ның БАҚ-тың бостандығы бойынша өкілі Миклош Харастидің кеңсесі Рамазан Есіргеповтің тағдырын қадағалап отырады.
XS
SM
MD
LG