Accessibility links

Қазақстанда сайлауға қатыспау туралы ұрандар күшейіп отыр


Кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялау туралы жазу ұстап тұрған қоғам белсенділері. Алматы, 25 наурыз 2011 ж.
Кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялау туралы жазу ұстап тұрған қоғам белсенділері. Алматы, 25 наурыз 2011 ж.

Егер «Азат» ЖСДП сайлауға тағы бойкот жариялайтын болса, билік партияны жабуы мүмкін. Ал оппозицияға парламенттен орын тиеріне бақылаушылардың көбі күмән келтіреді. Ондай жағдайда БҰҰ-ның адам құқын қорғау комитетіне шағымдану керек дейді құқыққорғаушы.


Қазақстанда биылғы сайлауда жергілікті мәслихат депутаттығынан бас тартқан бір топ қоғам белсенділері «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын сайлауға қатысу арқылы бұл сайлауды заңдастырмауға шақырып, ол үшін парламент пен жергілікті мәслихат сайлауына қатыспауға үндеді.

Тәуелсіз кандидаттар Жаңаөзен қаласында бейбіт адамдарға оқ атылғанына қарсылық ретінде сайлауға қатысудан бас тартқан болатын. Енді олар оппозициялық партия өкілдерін өздерінен үлгі алуға шақырып отыр.

Парламенттің кезектен тыс сайлауына қатысып отырған елдегі жалғыз оппозициялық саяси ұйым – «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бұл ұсынысқа құлақ асып, сайлаудан бас тарта ма, жоқ па?

Осы мәселе төңірегінде Азаттық радиосы ұйымдастырған дөңгелек үстел басындағы әңгімеге Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына экс-кандидат, заңгер Сергей Уткин, «Фридом Хаус» құқық қорғау ұйымының өкілі Вячеслав Абрамов, «Азат» ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосанов және кезектен тыс өткізілген «Руханият» жасылдар партиясының құрылтайында партия қатарынан шығарылған осы партияның бұрынғы төрағасы Серікжан Мәмбеталин қатысты.

«ҚАСІРЕТ ШЕГІП ОТЫРҒАН ЕЛДЕ САЙЛАУ ӨТКІЗУ ҚИСЫНСЫЗ»

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын сайлаудан бас таруға шақырған үндеуге қол қойған заңгер Сергей Уткин өзінің бұл қадамын екі себеппен түсіндірді. Біріншісі – мәселенің моральдық жағы, екіншіден, бұл жерде «жедел тактика» да бар.

Сергей Уткинның пікірінше, қасірет шегіп отырған елде үгіт-насихат науқанын жүргізіп, сайлау өткізу, дауыс беруге қатысу – адамгершілікке жатпайды.

Сергей Уткин «Азат» ЖСДП үшін сайлауға қатысудан бас тарту дәл осы кезде қолайлы деп санайды.

– Оппозициялық партия қазіргі билікті жеңу үшін, сайлау жолымен емес, конституциялық жолмен күресуі керек. Себебі, бүгінгі билік партиясын сайлау жолымен жеңу мүмкін емес. Өйткені сайлаудың нәтижесі сайлау учаскелерінде дауыс берген адамдардың дауыс санымен емес, жоғарыдан анықталып, қорытындыланып шығарылады. Сөйтіп, «Азат» ЖСДП парламентке өту үшін 7 балдық көрсеткішке де қол жеткізе алмай қалады, – дейді Сергей Уткин.

Сергей Уткин өз пікіріне негіз ретінде билікке бүйрегі бұратын ұйымдар жариялаған әлеуметтік зерттеулерді алға тартады. Бұл зерттеулердің қорытындысында,
Заңгер Сергей Уткин.
Заңгер Сергей Уткин.
сайлауда 7 балдық көрсеткішке тек билікке жақын саяси партиялар ғана ие болатыны айтылған. Мұнан өзге әр жерде жария түрде «Азат» ЖСДП-ның қатарынан шығу сияқты «арнайы операциялар» жалғасып жатыр. Осының бәрі бүгінгі биліктің оппозициялық партияны парламентке қайткенде де өткізбеу үшін жасап отырған әрекеттер дейді заңгер.

– Тіпті, ЖСДП сайлауға қатыспаған күннің өзінде, билікке жақын «Ақ жол», ҚХКП және өзге де саяси партиялардың қайсысы парламенттен қанша орын алатыны тек қана жоғарыдан шешілетін шаруа. Бүгінгі билік сайлауды бұрмалап дағдыланған, ол өзгеше істей алмайды. Бұл жолы сайлау қорытындысын бұрмалау тіпті сорақы болады. Және оны әшкерелеу еш қиынға түспейді, - дейді мәслихат депутаттығына экс-кандидат Сергей Уткин.

Оның пікірінше, «Руханият» партиясы мен оның төрағасы Серікжан Мәмбеталинге қатысты жағдайды, билікке жақпайтын саяси партиялар өкілдері мен тәуелсіз тұлғаларды мәслихат депутаттығына кандидаттықтан түрлі сылтаулармен шеттету – президенттік «Нұр Отан» партиясы үлкен саяси бәсеке түгілі, болар-болмас бәсекеге де дайын емес дегенді білдіреді.

БОЙКОТ ЖАРИЯЛАСА, ПАРТИЯ ЖАБЫЛАДЫ

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов партия басшылығында және аймақтардағы кездесулер барысында, бір топ азаматтың сайлауға қатысудан бас тарту туралы ЖСДП-ға жасаған ұсынысы талқыланып жүргенін айтты. Бірақ әлі түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Бірақ, бұған қарамастан, «Азат» ЖСДП бұл үндеуді Қазақстанда қалыптаса
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов.
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов.
бастаған азаматтық қоғамның алғашқы бастамасы деп бағалап отыр. Әміржан Қосановтың пікірінше, бұл бастама барлық саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдар, жастар ұйымдарының елдегі азаматтық қоғамды ояту үшін сайлау науқанына мониторинг жасап, бақылауымен бірдей деген сөз.

– Бірақ, қатарынан екі рет сайлауға қатыспасақ, билік соны сылтау етіп партияны жауып тастайды. Сөйтіп, мұндай саяси ұйымды құрып, оны қалыптастыру үшін жасалған көп жылғы қыруар еңбек далаға кетеді. Сондықтан, мен осы партияның мүшесі ретінде, сайлауға қатысу керек деген пікірдемін. Бұл билік партиясының ұрлық ісін ашу үшін, 15 қаңтардан кейін де партияның идеясын алға апару үшін қажет. Оның үстіне бізді алда өзге – транзиттік кезең күтіп тұруы әбден мүмкін. Өз басым, келесі парламент сайлауы арада бес жыл өткенде өтеді деп ойламаймын, ол тағы да осыған дейінгі сайлаулар сияқты мерзімінен тыс өтеді деген ойдамын, – деді Әміржан Қосанов.

ФАНТАСТИКАЛЫҚ СЦЕНАРИЙ

«Фридом Хаус» халықаралық құқық қорғау ұйымының Алматыдағы өкілдігінің директоры Вячеслав Абрамов саясаткер Әміржан Қосановтың пікірін құптайды. Ол билік «Азат» ЖСДП-сына әлі тіркеле алмай жүрген «Алға» мен жабылып қалған Коммунистік партияның кебін кигізуі мүмкін деп қауіптенеді.

– Сөйтіп, Қазақстанда тек қана билікшіл саяси партиялар ғана қалады. Сондықтан «Азат» ЖСДП бұл мәселені өз ішінде мұқият талқылап, ең тиімді деген шешім қабылдауы тиіс, – дейді Вячеслав Абрамов.

Оның пікірінше, бұған дейін де Қазақстанда сайлауға қатысудан бас тартып, бойкот жариялаған саяси партиялар болған. Бірақ мұның сайлау қорытындысының
«Фридом Хаус» құқық қорғау ұйымының Алматыдағы өкілдігінің директоры Вячеслав Абрамов.
«Фридом Хаус» құқық қорғау ұйымының Алматыдағы өкілдігінің директоры Вячеслав Абрамов.
әділ болуына еш ықпалы болған жоқ. Және ондай қадамға тек қана сайлау қорытындысын бұрмалау ғана емес, сонымен бірге бойкот жариялаған саяси партия немесе саяси топтар үшін өз ұстанымдарын халыққа жеткізуге мүмкіндіктің жоқтығы да себеп болған еді – олар үшін БАҚ атаулы жабық болды дейді құқыққорғаушы.

– Сондықтан, дәл қазір «Азат» ЖСДП үшін сайлауға барудан бас тартудың еш негізі жоқ. Партия сайлауға қатысуы керек. Себебі, елде Жаңаөзен қасіретінен өзге де шешімін күтіп тұрған мәселелер жеткілікті, – дейді «Фридом Хаус» ұйымының өкілі.

Өзін әлі «Руханият» партиясының төрағасымын деп есептейтін Серікжан Мәмбеталин, «Руханияттың» сот шешімі арқылы сайлауға қатысуы мен өзінің төрағалық орнына оралу мүмкіндігін «фантастикалық сценарий» деп атайды.

Серікжан Мәмбеталин кезектен тыс өткелі отырған сайлау қорытындысы «Азат» ЖСДП үшін де еш нәтиже бермейтініне сенімді.

– Адамдарды еркін ойлары үшін қудалайтын Қазақстанда парламенттен орын алу мүмкін емес екенін түсінбеу – таңғаларлық нәрсе. Таң атардың алдында төңіректі қою қараңғылық басады. Қазақстан қазір дәл сондай жағдайда тұр: елде таң атып, күн шығардың алдындағы қараңғылық орнаған, – дейді Серікжан Мәмбеталин.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫ ІСКЕ ҚОСУ

«Фридом Хаус» құқық қорғау ұйымының Алматыдағы өкілдігінің директоры Вячеслав Абрамов Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдері және саяси партиялардың халықаралық ұйымдарға, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне өтініш жасаулары бәсең екенін айтады.

Ол бұл сөзіне дәлел ретінде, елде әлі тіркеле алмай жүрген «Алға» партиясын атады. Оның пікірінше, бұл партия биліктің өздерін тіркемей отырғанына заң негізінде наразылық танытып ең соңғы сатыға – Қазақстанның Жоғарғы сотына дейін шағымданып, одан да қайран болмаса, халықаралық деңгейге – БҰҰ-ға жүгінуге талпынған емес.

– «Алға» ғана емес, бүгінгі жағдайда «Азат» ЖСДП, сайлау науқаны мен Жаңаөзендегі жағдайға мониторинг жасап, бақылау жүргізіп отырған кез келген үкіметтік емес ұйымдар үшін дәл қазір халықаралық ұйымдарға жүгінуге болар еді, – дейді Вячеслав Абрамов.

Дөңгелек үстел басындағы әңгіменің орыс тіліндегі толық аудиожазбасын мына жерде тыңдауға болады
XS
SM
MD
LG