Accessibility links

Директордың кешірім сұрауын талап еткен үш мұғалім сотқа жүгінбек


Парамоновка ауылы мектебіндегі сабақ. Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.
Парамоновка ауылы мектебіндегі сабақ. Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.

Павлодар облысындағы Парамоновка ауылындағы орта мектептің мұғалімдер ұжымында шыққан жанжалдың сотқа жететін түрі бар. Үш мұғалім оқу мекемесі директорының үстінен жазылған арызын қайтарған сот шешіміне қатысты апелляция шағымын әзірлеп жатыр. Азаттық тілшісі мектепке барып, істің мән-жайын анықтауға тырысып көрді.

Парамоновка ауылындағы (Павлодар қаласынан 80 километр жерде) орта мектеп директоры Тавархан Қоядардың үстінен «Іскерлік беделін, ар-намысын қорғау туралы» арызды осы мектептің қызметкерлері – мұғалім Нағима Нұркенова, оқу меңгерушісі Жанаргүл Ареден және директордың орынбасары Күлзила Игай берген. Үшеуі өздерін зәбірлеген сөздер үшін директордың кешірім сұрауын және моральдық зиян үшін бір миллион теңге өтемақы талап еткен.

Мұғалімдер директордың үсітенен шағым түсірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:25 0:00
Жүктеп алу

Қаңтардың 30-ы күні Ақсу қалалық соты мұғалімдер талабын негізсіз деп танып, талапкерлер мектеп директоры Тавархан Қоядардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақ ұсынбады деген қаулы шығарған. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Үш мұғалім облыстық сотқа апелляция шағымын жолдау үшін құжаттарын әзірлеп жатыр.

МҰҒАЛІМДЕР БӨЛМЕСІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Парамоновка ауылы мектебі журналистер келеді деп күтпеген. Мектеп директоры орнында болмай шықты. Қабылдау бөлмесіндегі қызметкерлер оның Ақсу қаласына жиналысқа кеткенін айтты. Бастығының үстінен шағымданған мұғалімдер сұхбат беруге келісті. Мұғалімдер бөлмесіне жайғасқаннан кейін ұстаздар мектепте болған жағдай туралы баяндай бастады.

Парамоновка мектебінің мұғалімі Нағима Нұркенова. Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.
Парамоновка мектебінің мұғалімі Нағима Нұркенова. Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.

Мұғалім Нағима Нұркенова 2016 жылдың жазында ортақ таныстарының үйінде қонақта отырған кезде мектеп директоры Тавархан Қоядар оны «маскүнем» деп атағаны үшін мектеп директорын сотқа бергенін айтады.

- Мен арақ ішпеймін, - деп бастады әңгімесін көз жасына булыққан Нағима Нұркенова.

– Онкологиялық дертке шалдыққанмын, маған арақ ішуге болмайды. Ұлымды жалғыз асырап отырмын. Ол кісінің маған неге бұлай шүйлігетінін білмеймін. Осы мектепте жұмыс істегеніме 20 жылдан асты. Жоғарғы санатым бар, былтыр сыныбымдағы бір оқушы «Алтын белгімен» бітірген. Мүмкін, ол кісінікі қызғаныш шығар? Ол бұл - менің емес, өзінің бұрынғы күйеуі - қазір мектептен кетіп қалған математика пәні мұғалімінің еңбегі деп маған бірден айтты, - дейді ол.

Нағима Нұркенованың айтуынша, ол Тавархан Қоядар жанжалды «жуып-шаюға» тырысып, үйіне кешірім сұрауға келген кезде директордың кешірімін қабылдамаған.

Парамоновка мектебінің оқу бөлімі меңгерушісі Жанаргүл Ареден әріптестеріне араша түскені үшін оны «террорист» деп атап, директордың ауызша «шабуылынан» өзінің де зардап шеккенін айтады. Ол «мектеп директоры оқушылардың көзінше жиі кемсітіп, қорлайды, ал бұл жосықсыз қылық қой» дейді.

Парамоновка мектебінің мұғалімдері Күлзила Игай мен Жанаргүл Ареден (оң жақта). Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.
Парамоновка мектебінің мұғалімдері Күлзила Игай мен Жанаргүл Ареден (оң жақта). Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.

- Зәбіріне шыдамай сотқа бердік, бірақ процесте жеңілдік. Бізді тілдеген сөздерін аудиоға жазып алғанбыз, бірақ одан қайыр болмады. Әлгі процестен кейін жағдай тіпті ушығып кетті, - дейді Парамоновка ауылы мектебінің мұғалімі Жанаргүл Ареден.

Директордың орынбасары Күлзила Игай мектеп директоры «жағамнан ұстап, итеріп жіберді» дейді. Оның үстіне, мұғалімнің айтуынша, әлгі оқиға оқушылар ата-аналарының көз алдында болған.

Арызданушы мұғалімдер 20 жылдан көп білетін басшыларының жөнсізқылығының себебін түсіндіре алмайды. Бір кездері олар мұғалімдікті Парамоновкадағы бір ұжымда қарапайым мұғалім болып бастаған.

ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНДЕ

Хатшының сөзінше, «қорланған» мұғалімдермен әңгіме кезінде мектеп директоры сол күйі келмеген. Қабылдау бөлмесінде күтіп отырғандардың шырқын әлдебір «әлеуметтік педагог» бұзды (әлгі кісі өзін дәл солай деп таныстырды). Ол мектепке журналистерді кім шақырғанын айтуды талап етті. Әлгі ер адам ертіп келген жергілікті бірнеше тұрғын да «журналистерді кім және не үшін шақырды?» деп сұрады. Ақыры дауыс көтере бастады. Айғайды естіп, шошыған оқушылар дәлізге жүгіріп шықты. Кей мұғалімдер басу айтуға шығып, мектептегі тәртіпті бұзбай, айғай-шуды тоқтатуға шақырды.

Журналисті мектепке кім шақырғанын айтуды талап еткен «әлеуметтік педагог» пен жергілікті тұрғындар. Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.
Журналисті мектепке кім шақырғанын айтуды талап еткен «әлеуметтік педагог» пен жергілікті тұрғындар. Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.

Біраздан кейін журналистермен мектеп директоры Тавархан Қоядар кездесті. Ол «талқылайтын түгі жоқ, оның үстіне соттың әділ шешімі бар» деп мәлімдеді. Мектеп директоры «ренжітетін сөздерді» айтқанын мойындамайды. Оның пікірінше, «бақталастары» оны директорлықтан осындай амалмен кетіргісі келеді. Тавархан Қоядар арызданушы әріптестерімен талай жыл бірге жұмыс істегенін, олардан мұндай «орынсыз шабуыл» күтпегенін, ал «арызқойлардың» жұмысына ешқандай кінәрат тақпайтынын айтады.

- Мектепте ешкімді зәбірлеп, кемсіткенім жоқ, бізде ешқандай конфликт болған жоқ. Олар әлдебір нәрселерді айтады... Дәл мектептің ішінде ондай ештеңе болған жоқ. Керісінше, осы мектепті басқарған үш жылда оның деңгейін көтердім. Мұның бәрі сотта айтылды. Мені «осылай, осылай айтты» деп айыптайды, бірақ біз сотта ант береміз ғой, шындықты айтуға ант береміз ғой. Сот шешіміне бүтіндей ризамын, - дейді Парамоновка ауылы мектебінің директоры Тавархан Қоядар.

Парамоновка ауылы мектебінің директоры Тавархан Қоядар. 31 қаңтар 2017 жыл.
Парамоновка ауылы мектебінің директоры Тавархан Қоядар. 31 қаңтар 2017 жыл.

Бұған қоса, «бұрын қалай жұмыс істесем, сол күйінде жалғастыра беремін» деген Тавархан Қоядар басшылық ету принципін өзгерту ниеті жоқ екенін айтты.

«ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІК БЕРГЕН»

Парамоновка ауылы мектебіндегі жағдайдың мән-жайын Ақсу қаласы білім беру бөлімі бастығы Қайрат Смағұлов түсіндіруге тырысып, жанжал «кей мұғалімдер мен оқу мекемесі директорының жеке араздығы» кесірінен шыққанын айтты.

Бұған қоса, Қайрат Смағұловтың айтуынша, әлгі мектепте мұндай жағдай бұрын да болған, ертеректе Тавархан Қоядар айтқан сөздері үшін ұжым жиналысында мұғалімдерден білім саласы шенеуніктері көзінше кешірім сұраған. Қайрат Смағұлов ол кезде мұғалімдерден «мұндай директор» керек пе деп сұрағанын, ал мұғалімдер тағы бір мүмкіндік беруді ұйғарғанын айтады.

Ақсу қаласы білім беру бөлімі бастығы Қайрат Смағұлов. Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.
Ақсу қаласы білім беру бөлімі бастығы Қайрат Смағұлов. Павлодар облысы, 31 қаңтар 2017 жыл.

- Мектеп директоры (Тавархан Қоядар) тарапынан этикалық нормаларды бұзу фактілері шынымен болғанын біз мойындаймыз. Яғни ол кісі басшы ретінде өзін онша сыпайы және дұрыс ұстамаған. Тіпті кей тұстарда шиеленісті жағдайларды өзі қоздырған деп айтуға болады. Осы мәселе бойынша әлгі мектепте талай болғанбыз, тексеру жүргізіп, директор соңғы ескерту алған. Қайталанған жағдайда тәртіптік шара қолданамыз, қажет болса, тиісті қорытынды шығарамыз, - дейді Ақсу қаласы білім беру бөлімі бастығы Қайрат Смағұлов.

Нағима Нұркенова, Жанаргүл Ареден және Күлзила Игай мектепте әлі жұмыс істеп жатыр. Үшеуі директордың үстінен берген арызын қайтарып тастаған Ақсу қалалық соты шешімімен келіспейтінін,сондықтан қайта шағымданатындарын айтады.

Парамоновка ауылындағы мектеп.
Парамоновка ауылындағы мектеп.

Парамоновка ауылы Павлодар облысы Ақсу қаласы аймағына қарасты Достық ауылдық округінде орналасқан. Парамоновка мектебінде 300-гежуық оқушы бар.

XS
SM
MD
LG