Accessibility links

ҰҚК ұшағының "ақауы" жайлы хабар тарады


Шекара қызметінің апатқа ұшыраған "Ан-72" ұшағы. Суретті 2005 жылы 25 қарашада ұшақ Алматы әуежайында тұрған кезінде Григорий Беденко түсірген.
Шекара қызметінің апатқа ұшыраған "Ан-72" ұшағы. Суретті 2005 жылы 25 қарашада ұшақ Алматы әуежайында тұрған кезінде Григорий Беденко түсірген.

Украинада жөндеуден өтіп келе жатқан ҰҚК шекара қызметіне тиесілі Ан-72 ұшағының Ақтауға қонуының себебі әрқилы түсіндірілді.

«Қазаэронавигация» республикалық мекемесінің өкіліне сілтеме жасаған Tengrinews.kz агенттігінің хабарлауынша, мамырдың 13-і күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің Киевте жөндеуден өткен Ан-72 ұшағы (борт нөмірі 72850 ) түс кезінде Ақтау әуежайына қонуға мәжбүр болған.

Агенттік «Ұшақ Ростов облысы аумағында ұшып келе жатқанда командирі диспетчерге ұшақтың гидрожүйесінен сұйықтық ағып тұрғанын хабарлаған» дейді.

Алайда ҰҚК шекара қызметінің Азаттыққа берген ақпаратында «ұшақтың Ақтау әуежайына штаттық режимде, жоспарлы түрде қонғаны» жазылған.

«Ұшақ Киевтегі №410 авиажөндеу зауытынан жоспарлы жөндеуден өтіп, Киев-Ақтау-Алматы маршруты бойынша ұшып шыққан. Оны Украинадағы «Антонов» конструкторлық бюросының ұшқышы айдап әкелген. Ұшақ Ақтау қаласына жоспарлы түрде қонған» деп түсіндіреді ҰҚК.
Шымкент түбінде апатқа ұшыраған әскери Ан-72 ұшағының қалдығы. 26 желтоқсан 2012 жыл
Шымкент түбінде апатқа ұшыраған әскери Ан-72 ұшағының қалдығы. 26 желтоқсан 2012 жыл


ҰҚК шекара қызметі «ұшақтың гидрожүйесінің бірінен ақау табылғанын» растады. Бірақ ол ақау «Ақтау әуежайына қонған кезде анықталған». Бұл туралы зауытқа хабарланған, зауыт бір аптаның ішінде ұшақты жөндеп беретінін айтқан.

ҰҚК-нің Азаттыққа берген ақпаратына қарағанда, «жөндеуден кейін ұшақты «Антонов» конструкторлық бюросының ұшқыштары сынақтан өткізген, ол кезде ешқандай ақау байқалмаған».

2012 жылы желтоқсанның 25-і күні Шымкент маңында ҰҚК шекара қызметінің дәл осындай Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адам (20-сы – әскери қызметкер, жетеуі - экипаж мүшелері) түгел қаза тапқан еді. Қаза тапқан адамдардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.

2014 жылы сәуірдің 28-і күні ұшақ апатына айыпты деп танылған «Қазаэронавигация» компаниясының Шымкент филиалының диспетчері Қанат Ақылбеков алты жылға сотталды.

Апатқа ұшыраған ол ұшақтың да 2012 жылы Украинадағы «Антонов» конструкторлық бюросы зауытында жөндеуден өткені айтылған.
XS
SM
MD
LG