Accessibility links

Президентке «пысқырмау», полицияны ақтау және пәтуа


Назарбаев Жаңаөзен оқиғасы кезінде кезекшілікте болған полицейлермен кездесіп тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Назарбаев Жаңаөзен оқиғасы кезінде кезекшілікте болған полицейлермен кездесіп тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш оқиғаны ғана айтайын.


І. МЕРЕКЕ КҮНГІ «ТЫЙЫМДАР»

«Қарағанды қаласының бас сәулетшісі жаңа жыл мерекесін Еуропада тойлағаны үшін қызметінен қуылды» деп хабарлады осы аптада КТК телеарнасы.

«Қаланың бас сәулетшісі еңбек демалысына кететіні туралы арызын басшылығына желтоқсанның аяғында тапсырған. Бірақ Елбасының: «Шенеуніктер мемлекеттік мереке күндері шетел асып, тойлап кетпесін» деген ескертпесінен кейін жергілікті басшылар бұл арызға қол қоймаған. Бұған пысқырмаған Тайхан Қалмаханов отбасымен Австрияға демалуға кетіп, жұмысқа 9 қаңтарда бір-ақ шығыпты» дейді телеарна.

Қарағандылық бас сәулетшіні мен де сөгіп отырмын, бірақ қай «қылмысы» ауыр екенін таппай отырмын:

президент Назарбаевтың ескертпесіне «пысқырмағаны» ма?

әлде президенттің бұрынғы күйеу баласы Әлиевті «экстрадициялаңдар» деп екі рет сұрау жібергенде Астананың екі өтінішін де орындамаған, «Рахат Әлиев Қазақстанда өзіне қатысты сот әділ болады деп санамайды» деп уәж айтқан Австрияға барып демалғаны ма?

P.S. Сіздерден бір нәрсені сұрайын деп едім: Қазақстан президенті енді «Шенеуніктер шетел асып, емделіп кетпесін!» деген бұйрық шығарса, ақыры не болар еді?

ІІ. «БАСТЫҚТЫҢ ОРЫНБАСАРЫН ҰРЫП-СОҒУ»

Қаңтардың 31-і күні таңғы сағат 7.00-де Жаңаөзен қаласына енгізілген төтенше жағдай мерзімі аяқталды.

Ал ақпанның 4-і күні «Жаңаөзендегі тәртіпздіктерді басу кезінде өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қамауда жатқан 5 полиция қызметкері - Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) бастығының орынбасары Қабдығали Өтеғалиев, ІІД экстремизммен күрес бөлімінің бастығы Бекжан Бағдабаев, Жаңаөзен қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары Ерлан Бақытқалиұлы, Маңғыстау облыстық ІІД арнайы өкілі Ринат Жолдыбаев, Жаңаөзен қалалық ІІБ уақытша қамау орнының бастығы Жеңісбек Теміров - үйқамаққа босатылды.

Бір қызығы, осы аптада бостандықта жүрген полицейлер де қатты белсенділік танытып, жаңаөзендік әріптестерінің «қылмысы жоқ екенін» жиі айтып кетті.

Мәселен, Шымкенттік бұрынғы полицейлер бас прокуратураға хат жазып, «әріптестерінің ешқашан бейбіт адамдарға оқ атпайтынын» ескертіп, «сондықтан бұл мәселенің егжей-тегжейлі зерделенуін талап етіп», «Жаңаөзендік полиция қызметкерлерін бекерден-бекер соттаудың қажеті жоқ» екенін айтып жатыр дейді «Отырар» телеарнасы.

«30 жылдай ішкі істер саласында қызмет еткен полковник Ақылбек Медеубековтің айтуынша, полиция қызметкерінің имиджі дәл осылай қорланған емес».

- Бастықтың орынбасарын ұрып-соққаннан кейін барып қару қолдануға мәжбүр болған екен. Қазіргі мәліметтер бойынша, олар бейбіт тұрғындарға оқ атуға мәжбүр болыпты, - дейді Ақылбек Медеубеков.

Ал Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті штабының бастығы Серік Тоқтарбаевтың ойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде «полиция қызметкерлері қару қолданбаса, қарапайым азаматтарды бар шамасынша қорғамаса, қайтыс болғандар оншақты есе көп болар еді».

- Қарулы бүлікшілерді тоқтатпағанда, олар полиция бөлімі мен ішкі істер басқармасындағы қаруды тартып алғанда не болар еді? Жаңаөзендік полицейлер қиын кезде зор трагедияның алдын алып, қылмыскерлердің талаптарын қоюларына мүмкіндік бермеді, - дейді Серік Тоқтарбаев.

P.S. Сіздерден бір нәрсені сұрайын деп едім: егер алда-жалда Қазақстан түрмелеріне Жаңаөзенде «әлеуметтік араздықты қоздырғаны» үшін айыпталған адамдар түсе қалса, «Жаңаөзенде шыныққан» полицейлер де керек емес пе оларға сол жақта?

ІІІ. «ЗИЯНДЫ ИДЕЯЛАР» МЕН «КЕМЕЛ АДАМДАР»

Осы аптаның тағы бір жаңалығы – Қазақстанда бұған дейін «діни экстремизм» деген тар атаумен қосақталып келген «экстремизмнің» арнасы кеңіп, «идеологиялық» деген ауқымды мәртебе алды.

Қазақстандық вице-премьер Ербол Орынбаев «идеологиялық экстремизм» деген нәрсе бар екенін және онымен күресудің «амалын» айтты.

- Тәрбие жұмысы – өте үлкен мәселе. Өкінішке қарай, оған талай жыл мән бермей, қапы қалдық. Соның кесірінен идеологиялық экстремизмнің түр-түріне тап келдік. «Жанашырларымыз» әртүрлі арнамен келіп, сол вакуумды сол сәтте иелене қалмақ болды, - деді ол білім және ғылым министрлігіндегі жиында.

Бірақ шенеунік «идеологиялық экстремизм» деген сөзін таратып айтпапты, «жанашырларды» да түгендемепті.

Вице-премьердің айтуынша, «мұндай жат қылыққа ермейтін жастарды тәрбиелеу стандарты» Назарбаев интеллектуальдық мектебінде бар. Ондай жастар «патриот, өзіне сенімді, ар-ұяты зор, өз бетімен үйрене алатын, бастамашыл, шығармашылыққа бейім, кемелдік пен идеалға ұмтылатын» адам болуы керек екен.

P.S. Египеттің шейхы осы аптада пәтуа шығарды «Chevrolet маркалы көліктің эмблемасы христиандардың кресіне ұқсағаны үшін мұсылмандар оны алмасын, оған мінбесін» деп. «Елде басқа уайым жоқтай кресте неңіз бар еді!» деп ренжіді оған Египет телеарнасының журналисі.

Сіздерден бір нәрсені сұрайын деп едім: қазақстандық вице-премьер енді бас мүфтиге барып, «идеологиялық зиянды ойлар» туралы пәтуа шығартып алса, қалай болар еді?
XS
SM
MD
LG