Accessibility links

Мұхтар Әуезовтің ататегі туралы еңбек жарыққа шықты


Қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов
Қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов

Алматыда М.Әуезов мұражай-үйінде «Мұхтар Әуезовтің ататегі» деп аталатын кітаптың таныстырылымы өтті. Кітапта жазушының Орталық Азияға ислам дінін тарата келген арабтардың, яғни қазақ арасына қожа деген туыстық атаумен сіңген атаның ұрпағы екені баяндалады.



Кітаптың таныстырылымына Әуезов қорының президенті Мұрат Әуезов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасыныың төрағасы, бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі, ақын-жазушылар, зерттеушілер және жазушының ұрпақтары мен туысқандары қатысты. Кітапты шығаруға мұрындық болған - Әуезов қоры.

"МҰХТАР ӘУЕЗОВ ӨЗ АТАТЕГІ ТУРАЛЫ ЖАЛҒЫЗ ДЕРЕК ҚАНА АЙТҚАН"

Кітап авторы Сейітомар Саттаров Мұхтар Әуезовтің шыққан тегі туралы шежіре кітап жазу идеясын жазушының баласы Мұрат Әуезов ұсынғанын айтады. Сейітомар Саттаров кітап жазу барысында Мұхтар Әуезовтің туған жері Шыңғыстау өңіріне бірнеше рет сапарлап барып, ондағы жер-суды, зират-қорымдарды, көне жұрттарды аралап көріп, көне көз адамдармен әңгімелесіп дерек жинаған.

– Мұхтар Әуезовтің аталары Ысқақ бабтан тарайды. Мұнда Әзірет Әлінің екі әйелінің балалары бар. Біріншісі – Бибі Фатимадан тарайтындар. Оларды "сейіт қожалар" дейді. Әзірет Әлінің тағы бір ұрпағы – Мұхаммедқанафия. Бұларды Мұхаммедқанафия әулеті дейді. Сөйтіп, бұлар Әбдіжәліл баб және Ысқақ баб болып екіге бөлінеді. Ысқақтан тараған Бақшайыш өз алдына бір ата болып кетеді, – дейді Сейітомар Саттаров.

Алайда, Мұхтар Әуезовтен қалған мұраларының ішінде өз ататегі туралы жалғыз ғана дерек бар. Оның өзі – жазушының Смағұл Сәдуақасовқа жазған хатының ішіндегі шыққан тегі туралы жазған тұсы ғана.
Сейітомар Саттаров, "Мұхтар Әуезовтің ататегі" кітабының авторы. Алматы, 14 қазан 2010 жыл.


– Сәдуақасовқа жазған хатында: «Менің тегім – Қаратаудан найманның ішіне келген қожалар. Найманның ішінен Бердіқожа бір топ ағайындарын ертіп, тобықты ішіне көшіп келді деген сөз бар. Бақшайыш пен менің атам Омарханның арасы он сегіз ата болады екен. Тым әрі сияқты» деген сөздер бар. Бұл туралы жазған хаты бар. Әуезовтің өзінен осыдан басқа ешқандай дерек жоқ, – дейді Сейітомар Саттаров.

«ЗАМАН ОҒАН БАБАЛАРЫ ТУРАЛЫ АЙТУҒА МҮМКІНДК БЕРГЕН ЖОҚ»

Ал әкесі Мұхтар Әуезовтің шыққан тегін айтуына өмір сүрген заманы жол ашпады дейді жазушының ұлы Мұрат Әуезов.

– Сопылар, қожалар туралы кезінде әртүрлі түсініктер болған. «Біздің арғы аталарымыз араб шөлдерінен» деген бір-екі ауыз сөзі болмаса, заман оған өзінің бабалары туралы айтуға мүмкіндік берген жоқ. Соны қазір терең зерттеп, «Мұхтар Әуезовтің ататегі» деген кітап шығып отыр, – деді Мұрат Әуезов.

Кітап авторы Разақтың Мұхтардың әкесі Омарханмен бірге туғанын айтады. Омархан өмірден ерте озған соң бала Мұхтарды тәрбиелеп, асырап-сақтау Разақтың мойнында болған екен. Ал аталған таныстырылымға қатысқан Разақтың қызы Гүлнар «бұл кітапта Мұхтар Әуезовтің туыстары туралы көп дүние айтылмаған және шежіреге де біраз адам енбей қалған» дегенді айтады.

Бірақ Сейітомар Саттаров бұл кітаптың ешқандай дау тудырмайтынын атап көрсетті.

«Мұхтар Әуезовтің ататегі» деп аталатын кітап мың данамен «Жібек жолы» баспасынан жарық көрді.
XS
SM
MD
LG