Accessibility links

Үкімет азық-түлік бағасын талқылағысы келмеді


Қала базарларының бірінде. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.
Қала базарларының бірінде. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.

Үкіметтің «азық-түлік бағасын талқылау» жайлы хабарының аяғы құрдымға кетті. Ал қарапайым тұрғындар қымбатшылыққа алаңдайды.

Наурыздың 13-інде әлеуметтік желілер мен сайттарда «ертең өтетін үкімет отырысында азық-түлік бағасы талқыланады» деген хабарландыру жарияланды. Онда қазақстандықтардың бұл мәселе жайлы сауалдарын әлеуметтік желі арқылы қоя алатыны да жазылған. Ақпарат жариялана салысымен тұрғындардан азық-түлікке ғана емес, бензин бағасына, зейнеткерлерге көрсететін жеңілдіктерге де қатысты көптеген сауал түскен.

Бірақ наурыздың 14-і күні өткен үкімет отырысында азық-түлік бағасы мүлдем талқыланған жоқ. Ол жиын «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, сонымен қатар бірқатар әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі нормативті-құқықтық құжаттар төңірегінде» болды.

Азаттық тілшісі уәде етілгендей азық-түлік бағасы неге талқыланбағанын сұрап, үкіметтің баспасөз қызметіне хабарласқан еді. Баспасөз қызметінің аты-жөнін атаудан бас тартқан өкілі: «Біз бұл сұрақпен айналыспаймыз. Бүгінгі отырысты өткізуді ұйымдастырушы – тұтынушылар құқығын қорғау комитеті» деп, сол мекемеге сілтеді. Алайды тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті: «Біз білмейміз. Ұлттық экономика министрлігіне хабарласыңыз» деп, жауап беруден қашты. Ал ұлттық экономика министрлігінен еш жауап болмады.

Бүгін кейбір ресми ақпарат құралдары «үкіметтің 14 наурыздағы отырысында азық-түлік бағасы талқыланады» деген кешегі хабарландыруды алып тастады.

«БЫЛТЫРДАН БЕРІ ЕТ ЖЕМЕЙМІЗ»

Үкімет азық-түлік бағасын талқылау жоспарынан айнып қалғанымен, ол бағаның қалай құбылып бара жатқанын Алматы облысы Талғар ауданында тұратын Кәлима Тұрсын жақсы біледі. Ол күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы өсіп кеткенін айтады.

– Былтырдан бері ет жемейміз. Бұрынғыдай көкөністі де көп пайдалана бермейміз. Балаларға жеміс-жидек те алып бермейтін болғанбыз, – дейді үш балалы ана.

Базардағы азық-түлік бағасы. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.
Базардағы азық-түлік бағасы. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.

Ол Алматы облысы Балқаш ауданына біреудің малын бағуға кеткен ері Қалмұраттың еңбек ақысын тамақтай да алатынын айтады.

– Айына 70 мың теңге, бір қап ұн және 5 литр сұйық майға келіскен. Бірақ бір жылғы ақшасына есептесіп, қожайыннан мал сатып алған. Сондықтан бізге тек айына бір рет 5 литр май мен 25 килограм ұн ғана жіберіп тұрады, – дейді Кәлима Тұрсын.

Ол кісі қолындағы екі сиырдың сүтін литрін 150 теңгеден сатып, айына содан түсетін 30 мың теңгеге күн көреді екен.

– Қыста сиыр сүтінен түскен ақшаның 15 мыңын өзіне жаратамыз. Жем аламыз дегенім ғой. Қалған 15 мыңын өзіміздің күнделікті керек-жарағымызға пайдаланамыз. Сүтті қазір де 2015 жылғы бағамен сатамыз. Өйткені елде ақша жоқ. 200 теңгеге көтерсек, ала алмайды, – дейді Кәлима Тұрсын.

Ол кісі «біз сүттің бағасын өсірмегенмен дүкендегі күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы өсіп кеткен» деп қынжылады.

Базарға келген адамдар. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.
Базарға келген адамдар. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.

«АЗЫҚ-ТҮЛІК 35-40 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАДЫ»

Азық-түліктің қымбаттағанын Талғар ауданындағы шағын дүкендердің бірінің иесі әрі сатушысы Қарлығаш (толық аты-жөнін айтпады) та растайды.

– Тауарлар өткен жылмен салыстырғанда 35-40 пайызға қымбаттады. Мәселен, былтыр картоптың килограмы 90-100 теңге болса, қазір – 160 теңге. Былтыр 5 литрлік сұйық майдың орташа бағасы 1800 теңгеден болса, қазір 2500 теңгеге дейін барды. Сиыр етінің килосы былтыр 1100 теңгеден болса, биыл – 1600 теңгеден. Басқасын айтпағанда, ас тұзы өткен жылы 35 теңге болса, биыл 60 теңгеге шықты, – дейді Қарлығаш.

Ол қымбатшылыққа байланысты қазір дүкенінен азық-түлік алушылар аз екенін, келген клиенттерінің көбі тамақты қарызға алатынын айтады.

Базардағы азық-түлік бағасы. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.
Базардағы азық-түлік бағасы. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.

Ал ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің дерегінше, 2017 жыл басталғалы бері елде инфляция деңгейі 1,8 пайыз болып, азық-түлік тауарлары 2,6 пайызға қымбаттаған.

Бірақ кейбір тағам түрлерінің бағасы өсуі бұдан да көп. Мәселен, комитет дерегінше, картоп – 15 пайызға, жаңадан жиналған көкөністерге – 13,9 пайызға, сиыр еті – 5,3 пайызға, сары май – 4,3 пайызға, қой еті – 4,2 пайызға, жылқы еті – 2,7 пайызға, нан мен консервіленген сүт 2,1 пайызға қымбаттаған.

Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда бағасы түскен азық-түлік түрлері де бар. Мәселен, жұмыртқа – 4,7 пайызға, қант – 3,2 пайызға, қарақұмық жармасы 1 пайызға арзандаған.

XS
SM
MD
LG