Accessibility links

Алматы қонақ үйлерінің бағасы Еуропадан қымбат


Қонақ үйдің терезесі. (Көрнекі сурет)
Қонақ үйдің терезесі. (Көрнекі сурет)
Қазақстанда бес жұлдызды қонақ үйдің бір күндік құны 55 мың теңгеден басталады. Кейбірінде 500 мың теңгелік номерлер де бар.

ПАРИЖДЕ - 38 МЫҢ ТЕҢГЕ, АЛМАТЫДА - 60 МЫҢ

Туристік компания менеджері Жұпархан Жүйрікбаеваның айтуынша, Алматыдағы қонақ үйлердің бағасы Еуропа мен Азия қалаларынан қымбат.

– Еуропада төрт жұлдызды қонақ үйдің бағасы күніне 150 доллар (22 мың теңге) болады. Францияның Париж қаласындағы бес жұлдызды қонақ үйі арзан – шамамен 200 еуро (38 мың теңге). Дубайдағы Rixos the Palm Dubai қонақ үйінің бір люкс бөлмесі 250 доллар (37 мың теңге). Қызметіне үш уақыт тамақ, екі орынды бөлме, бассейн, корт, тегін такси – барлығы кіреді, – деді ол.
Астанадағы Rixos - President - Hotel қонақ үйі. Қазақстан, 1 қараша 2011 жыл.
Астанадағы Rixos - President - Hotel қонақ үйі. Қазақстан, 1 қараша 2011 жыл.

Rixos қонақ үйлері әлемнің он екі қаласында бар, оның екеуі Астана мен Алматыда орналасқан. Алматыдағы Rixos қонақ үйінің брондау бөлімінің қызметкерлері «екі адамдық бір бөлменің құны – 55 мың теңге» деген ақпарат берді.

– Бір адамдық бөлмелер 38 мың теңгеден басталады. Ал екі адамдық люкс бөлмелердің бағасы 55 мың мен 60 мыңның арасын құрайды, – дейді қонақ үй қызметкерлері.

Rixos қонақ үйінің Астанадағы бағасы бір күнге 50 мыңнан басталады. Ал Ливияның Триполи қаласындағы Rixos-та бір түн түнеп шықсаңыз – 38 мың теңге, Стамбулда – 40 мың теңге, Белградта 25 мың теңге төлейсіз.

ҚАЗАҚСТАНДА 598 МЫҢ ТЕҢГЕЛІК БӨЛМЕ ДЕ БАР

Алматыдағы төрт жұлдызды HolidayInn қонақ үйіне хабарласқанымызда қызметкерлері «екі адамға стандартты бөлме 49 мың, ал люкс бөлме 60 мың теңге тұрады» деді. Яғни, төрт жұлдызды HolidayInn люкс бөлмесі бес жұлдызды Rixos үйінің жоғары сервисті бөлмесінен қымбат.

Ал Киевтегі HolidayInn отелінің Олеся есімді қызметкері екі адамдық люкс бөлменің құны 230 еуро (44 мың теңге) тұратынын айтты.

HolidayInn қонақ үйлерінің бағасы теңгеге шаққанда Мәскеуде - 48 мың, Минскіде 46 мың теңге құрайды.

Алматыдағы Intercontinental қонақ үйінің өкілдерімен сөйлескенімізде стандартты бөлме – 89 мың теңге, VIP бөлмелер – 187 мың теңге, президенттік бөлменің құны 598 мың теңге екенін айтты.

Президенттік бөлме бір қабатты бір-ақ алып жатыр. Қызметкерлер мен күзетшілер де келушілерге қызмет көрсетеді. Ал 89 мың теңгелік бөлмені алсаңыз, көрсетілетін қызмет төмен.
– Президенттік бөлме бір қабатты бір-ақ алып жатыр. Онда қонақ бөлме, жатын бөлме және қонақ үй бар. Қызметкерлер мен күзетшілер де келушілерге қызмет көрсетеді. Ал 89 мың теңгелік бөлмені алсаңыз, көрсетілетін қызмет төмен, - деді қонақ үйдің Айнұр есімді қызметкері.

Алматыдағы төрт жұлдызды «Айсер» қонақ үйінің стандартты бөлмелері – 48 мың, ал VIP бөлмелерінің бағасы – 58 мың теңге.

«Қазақстан» қонақ үйіндегі номердің бір күндік құны да 50 мың теңгеден артық.

«ҚАЗАҚСТАН ҚОНАҚ ҮЙЛЕРІНІҢ АРАСЫНДА БӘСЕКЕ ЖОҚ»

Туристік компаниялардың бірінің менеджері Айбек Бауыржановтың айтуынша, «Қазақстанда қонақ үй бизнесі әлсіз, бес жұлдызды қонақ үйлер аз, бәсеке жоқ».

– Алматыда Rixos пен Intercontinental қонақ үйлері ғана бес жұлдызға ие. Шетелден келгендер бес жұлдызды қонақ үй іздесе, осы екеуінен басқа таңдау жоқ. Ал Еуропада бес жұлдызды қонақ үй көп. Сондықтан бағаларында белгілі бір жүйе бар. Алматыда төрт жұлдызды қонақ үйдің бағасы бес жұлдыздыдан қымбат болуы да мүмкін, – деді Айбек Бауыржанов.

Booking.com порталының дерегіне сүйенсек, Киевтегі төрт жұлдызды отельдердегі люкс бөлмелерінің құны теңгемен есептегенде – 38 мың теңге, Будапеште – 27 мың теңге, Мадридте – 38 мың теңге.

(Мақаланы әзірлеуге Әбілқасым Есентаев қатысты)
XS
SM
MD
LG