Accessibility links

«Көші-қон – полицияның шаруасы емес» дейді сарапшылар


Көшіп бара жатқан қазақ отбасы. Қытай, Шыңжаң өлкесі, 23 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Көшіп бара жатқан қазақ отбасы. Қытай, Шыңжаң өлкесі, 23 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық саясаткер мен қоғамдық белсенділер көші-қон бағдарламасының жүзеге аспай жатып тоқтатылуына наразы екендерін айтып, оралмандарға қатысты заң актілеріндегі кемшіліктерге нұсқайды.


Қазақстан үкіметі шетелдерден қазақтарды тарихи отанына көшіру квотасын арнайы нұсқау шығарғанша тоқтата тұрмақшы. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің көші-қон комитеті хабарлады. Үкімет бағдарламасына сәйкес квота 2011-2014 жылдар арасында берілуі керек болатын.

«НҰРЛЫ КӨШ» ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Көші-қон комитетінің хабарлауынша, шетелдік қазақтарды көшірудің 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 10 мың қазақ отбасы көшіп келіп, қоныстануы тиіс еді. Бұл қаулы енді үкімет арнайы нұсқау қабылдағанға дейін тоқтатылып отыр.

2008 жылғы қарашада қол қойылған «2009-2011 жылдарға арналған оралмандар иммиграциясының квотасы туралы» президент жарлығына сәйкес 2011 жылы Қазақстан билігі 20 мың қазақ отбасын қабылдап, қоныстандыруды жоспарлаған.
Бұл квота 36,5 процент қана орындалып, елге 7 мың 304 отбасы немесе 28 мың 974 қазақ қоныстанды.

Іс жүзінде бұл квота 36,5 процент қана орындалып, елге 7 мың 304 отбасы немесе 28 мың 974 қазақ қоныстанды.

Сәуірдің 24-інде Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымов оралмандарды елге көшіріп әкелу туралы жаңа көші-қон бағдарламасын ішкі істер министрлігі дайындайтынын мәлім етті.

Оның айтуынша, қазір көші-қон бағдарламасы біржола қайта қаралып жатыр және оның «жаңа концепциясы мен тәртібі бекітіледі». Оның ішінде бірқатар маңызды мәселені шешу құзыры, мысалы – оралмандар қай уақытта және Қазақстанның қай өңіріне қоныстануы тиіс, олар қандай квотаға кіруі керек деген сияқты мәселелер қазақтар тұратын шет елдегі Қазақстан елшіліктеріне беріледі.

Азаттық радиосы өткізген кезекті дөңгелек үстелге қатысушылар көші-қон саясатындағы осы өзгерістер туралы пікірлерін айтты.

«КӨШІ-ҚОН ПОЛИЦИЯНЫҢ ІСІ ЕМЕС»

«Руханият» жасылдар партиясының бұрынғы жетекшісі Серікжан Мәмбеталиннің айтуынша, «Нұрлы көш» сияқты көші-қон бағдарламасы Германия, Грекия, Израиль сынды бірқатар елдерде бар.

- Бірақ ол елдерде көші-қон мәселесімен құзырлы, әрі дербес министрліктер айналысады. Ал көші-қон - өте күрделі, көп қырлы мәселе. Көші-қон – елге оралған
Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл.
Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл.
қазақтарды тіркеу немесе оларға азаматтық беру ғана емес, оларды әлеуметтік бейімдеу, баспанамен, оқумен, жұмыспен қамтамасыз ету және т.с.с. мәселелер, - дейді Серікжан Мәмбеталин.

Сондықтан көші-қон мәселесін ішкі істер министрлігіне беруді Мәмбеталин үлкен қателік деп санайды. «Жаңаөзендегі бейбіт, қарусыз ереуілге шыққан мұнайшыларды оқ жаудырып басып-жаншыған мекемеден жақсы көші-қон бағдарламасын күтуге болмайды. Ішкі істер министрлігінің міндеті тіпті басқа» дейді ол.

«20 ЖЫЛДА ҚОНЫС АУДАРҒАНДАР САНЫ ЖАРТЫ МИЛЛИОНҒА ДА ЖЕТПЕДІ»

Қоғамдық қор төрағасы Ибраһим Қошқари «Нұрлы көш» бағдарламасы түгел жүзеге асу тұрмақ, онда межеге тіпті жақындаған жоқ деп есептейді.

Ол шетелдегі қазақтардың ең көбі тұрады деп есептелетін Қытайдағы 1,6 миллион
Ибраһим Қошқари. Алматы, 15 ақпан 2012 жыл.
Ибраһим Қошқари. Алматы, 15 ақпан 2012 жыл.
қазақтан ғана жылына орта есеппен 26 мың сәби тууы тиіс дейді. Қошқаридің сөзінше, көш басталған 20 жыл ішінде Қытай қазақтарының өсімі шамамен 520 мыңға жетуі мүмкін.

- Бірақ өткен 20 жыл ішінде Қытай қазақтарының осы өсімі де Қазақстанға келіп қоныстанған жоқ, - деді ол.

«Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рақым Айыпұлының пікірінше, «Нұрлы көш» сияқты өміршең бағдарламаны іске асыру тетіктері жеткіліксіз болды. Сол себепті «Нұрлы көш» сенімнен шықпады.

Рақым Айыпұлы қазіргі қазақ билігінің қазақ көшіне деген көзқарасы соңғы жылдары түбегейлі өзгерді деп ойлайды.

- Бұл мәселе атқарушы билікке Кәрім Мәсімовтің үкіметі келгеннен бері әсіресе қатты ушығып кетті, - деп мәлімдеді ол.

Айыпұлының пікірінше, көші-қон мәселелері бойынша Қазақстанның бірқатар заң актісіне түзетулер енгізу туралы өткен жылдың тамыз айында күшіне енген қосымша заң негізінде азаматтық туралы заңға еш қисынсыз техникалық өзгеріс
Рақым Айыпұлы. Алматы, 27 қыркүйек 2011 жыл.
Рақым Айыпұлы. Алматы, 27 қыркүйек 2011 жыл.
кіріп кетті.

Соның кесірінен оралмандар Қазақстан азаматтығын бірқатар жеңілдікпен, мысалы азаматтықты 5 жыл күтпей немесе өзге елдің азаматтығынан шығып келмей-ақ алатындардың қатарынан түсіп қалған. Рақым Айыпұлының ойынша, құзыретті министрлік ол қателікті түзетуге құлық танытпай отыр.

Ол үкімет квота беруді тоқтату туралы қаулысын заңды белден басып қабылдап отыр деп санайды. Өйткені, оның пікірінше, 2012-2014 жылдарға арналған үш жылдық бюджет туралы заң қабылданып кеткен. Ал заңда 10 мың отбасын қабылдауға қаржы қарастырылып қойған.

- Парламент қабылдаған осы заң бола тұра, үкіметтің квота беруді тоқтатуын қалай түсінеміз? Демек мұның ар жағында үлкен қитұрқы саясат жатқан сияқты, - дейді Рақым Айыпұлы.

«ҚАЗАҚТАРДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ОТАНЫ»

Ибраһим Қошқари көші-қон туралы жаңа бағдарламадан «жақсылық күтпейді». Ол үкіметтің қазіргі аяқ алысына қарай жаңа бағдарлама «Нұрлы көш» бағдарламасынан нашарламаса, жақсара қоймайды деп күдіктенеді.

Ибраһим Қошқари президент Назарбаевтың дүниежүзі қазақтарының Астанадағы соңғы құрылтайында айтқан «Жер жүзінде қазақтардың бір ғана отаны бар, ол - Қазақстан» деген сөзін мысалға келтіріп: «Онда біз қандастарымыздың осы бір ғана отанына көшіп келуіне неге кедергі жасаймыз?» – деп сұрақ қояды.

Ал Серікжан Мәмбеталиннің пікірінше, ішкі істер министрлігі көші-қон мәселесіне қатысты дұрыс бағдарлама жасай алмайды. Ол «Нұрлы көш» бағларламасының орнына Рақым Айыпұлының «Жебе», Қайрат Бодауханұлының «Асар» орталығы сынды үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері бас қосып, жаңа бағдарлама жазуы тиіс деп санайды.
XS
SM
MD
LG