Accessibility links

Agip KСО жұмысшыларының қараша-желтоқсандағы наразылықтары облыс әкімшілігіне ұпай әкелді


Аджип ККО- ССС, Бонатти, Сичим ИГС жұмысшылары ереуілде. Қарабатан, 20 желтоқсан, 2008 жыл.
Аджип ККО- ССС, Бонатти, Сичим ИГС жұмысшылары ереуілде. Қарабатан, 20 желтоқсан, 2008 жыл.

Атырау облыстық әкімшілігі Қарабатандағы зауыт құрылысындағы жұмысшылардың вахта ауысымы мәселесінің шешілгенін, тағы 7500 жұмыс орындары ашылатынын күн сайын жалықпай жарнамалауда. Бірақ ол жаңа проблемаларды туғызуы мүмкін екен.

Шындығына келгенде бұл жаңа жұмыс орындарын облыс әкімшілігі өз еңбектерінің жемісі ретінде еншілігенмен оның қандай бағамен келгенін Қарабатандағы әр жұмысшы жақсы біледі.

Біздер осыған дейін Agip KСО-ның Bonatti S.p.A, SICHIM Company, IGS Sichim, ССС тәрізді бір топ компаниялары жұмысшыларының жұмыс жағдайына, ақша аздығына наразылық білдіріп ереуілге шыққанын жан-жақты жазған едік. Нәтижесінде ең белсенді деп саналған бес жұмысшының заңсыз абақтыға қамалғанын да хабарлағанбыз.

Сол жолы түрмеден шыққан бесеуі бірден жұмыстан босатылған еді. Алайда өздеріне тағылған айыппен келіспеген әрі жұмыссыз қалғандарына ашынған жұмысшылар оппозициялық партиялар мен үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардан жәрдем сұраған болатын. Дегенмен, істің ушығып бара жатқанын сезген жергілікті билік «қорадан шығып бара жатқан» бесеуді қақпақылдап әкеліп облыс әкімі алдына апарған еді. Олармен жеке жолыққан әкім өзінің жақында жиналыс өткізетінін, мәселелерін шешіп, вахтаны енгізетінін және бұларды қайта жұмысқа алдыратын болып шағымданбақшы болғандарды райынан қайтарған.

Сонымен Қарабатандағы Agip KСО мердігер компаниялары жұмысшыларымен қаңтардың 15-16 күндері екі күн жиын құрған облыс әкімі Бергей Рысқалиев 20 ақпаннан бастап жұмысшылардың вахталық әдіске көшетіндерін жариялады.

- Халық өзінің құқын заң шеңберінде қорғай білуі керек. Біз қазақстандық жұмысшылар санын 7500 адамға көбейтуге тырыспақпыз. Жұмыс жағдайларын жақсартамыз, жалақыны көбейтеміз,- деді әкім.

Бұл тек құрғақ уәде ме, болмаса іс жүзіне асырылатын шаруа ма оны уақыт көрсетер. Өйткені вахталық ауысым енгізіледі дегенмен вахталық поселкенің әлі нұсқасы да жоқ.. Әкімнің сөзіне сүйенсек, Қарабатанда 4 мың адамға арналған тұрғын жәй салынуға тиіс. Бұл әрине тез арада жүзеге асырылар шаруа емес.

Осы жиында басқа мердігер компаниялардағы да жұмыс жағдайының оңып тұрмағаны белгілі болды. Жан-жақтан жамырай шулаған жұмысшылар дауысы олардың әбден шегіне жеткен әлеуметтік жағдайларынан анық хабар бергендей еді.

Мәселен, GATE компаниясы жұмысшыларының айтуынша оларда жаппай себепсіз және алдын ала қысқарту жүргізіліп жатқан көрінеді. -Компания қызметкері таңертең сағат 10-да келіп мынадай адамдар жұмыстан босатылады деп тізімді оқиды, ал түскі сағат екі де бұлар дереу жұмыстан шығарылады. Неге? Себебін айтпайды ,- деді жұмысшылар.
Дәл жиылыс өтетін күні бұл компаниядан 6 жұмысшы себепсіз жұмыстан босатылған.

Ал әкім «менің тікелей араласуыммен желтоқсанда ереуілге шыққандардың белсенділері жұмысқа қайта алынды» деп, өз еңбегін астын сыза көрсеткенмен, олардың тұтқындалуы және сот шешімінің кейбір түсініксіз тұстары көлеңкеде қалды. Бірақ қалай болғанда да әкімнің беделінің жарнамасы өте ұтымды жасалды. Сөйтіп, қараша-желтоқсан айларындағы жұмысшылар ереуілі әкім қоржынына - оның рейтингіне қосылар жаңа ұпайы болып құйылды.

«Азат» партиясы филиалының жетекшісі Жалғас Тікенбаев болса, облыс әкімінің бұл бағыттағы іс-қимылын өрт сөндірушінің әрекетімен салыстырады.

- Біздің әкім тек ереуіл басталғанда ғана қамдана бастайды. Ал жұмысшылар оған дейін әкімшілікке хат жазады, басқа заң орындарына барады. Жергілікті билік түсініксіз бір меморандумдар жасайды, бірақ жағдай өзгермейді,- деді ол. Мен жұмысшылардың еңбек шартымен таныстым. Онда жұмысшылардың ереуілге шығуға құқы жоқ деп жазылған. Бұл барып тұрған заңға қайшылық.
Ал вахтаны аңсағандарға енді жалақысын өздерін ауыстырып, ауысымға келетін әріптестерімен бөлісуге тура келеді. Бұл жайдың келесі әлеуметтік дүмпудің өзегіне айналмасына кім кепіл?

Вахталық ауысымының енуі Agip KСО-ның да шымбайына бататыны анық. Яғни, шығынның артуы жоба акционерлері арасында дау тудыруы ықтимал деп жобалайды кейбір бейүкіметтік ұйымдар өкілдері.
XS
SM
MD
LG