Accessibility links

Балқашта «өзін-өзі жарған» азаматтардың сүйектері туыстарына толық беріліп біткен жоқ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ал құқық қорғау органдары сараптама жұмыстарының әлі аяқталмағанын айтады.


Жарылыстан қаза тапқан азаматтардың бірінің туысы Бахрейн Сертаев жақынының денесін әлі ала алмағанын айтады.

«30 КҮННЕН КЕЙІН...»

Оның айтуынша, оқиғаны зерттеп жатқан мамандар бір айдан кейін өздері шақыратынын айтып, Балқаштан қайтарып жіберген.

– Әлгінде қан тапсырып кеттік. «30 күннен кейін өзіміз шақыртамыз» деді. «Астанада, ана жақта, мына жақта тексереміз» деп жатыр ғой. Ол жерде жарылыс болған ғой. Жарылыста кішкентай бөлшектерге бөлініп кеткен ғой. «Соны қан арқылы тексереміз» деді, – дейді Бахрейн Сертаев.

Оның айтуынша, қазір «өзін-өзі жарған» азаматтардың туыстарының бәрі Балқаштан кетіп қалған. Ол тек қызылордалық бір азамат қана
Балқаш қаласының көрінісі. (Көрнекі сурет)

жақынының сүйегін алып кеткенін көріпті.

– Олардыкі бір аяғы ма, бір қолы ма – жоқ қой деймін. Әйтеуір бетінен, тыртығынан таныпты ғой, – дейді Бахрейн Сертаев.

ТЕКСЕРУДІҢ «ҚАШАН АЯҚТАЛАТЫНЫ БЕЛГІСІЗ»

Қайтыс болған тұтқындардың сүйектері іздеп келген туыстарына толық тапсырылмағанын Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Наталья Горина да растайды. Оның айтуынша, мәйіттерге қатысты сараптама жұмыстары әлі жалғасып жатыр. «Қашан аяқталатыны белгісіз» дейді ол. Наталья Горина нақты неше адамның сүйегі жақындарына берілгенін де айта алмады.

Баспасөз хатшысының айтуынша, қазір «жарылыс болған» Балқаштағы колонияда қызметтік тексеріс жұмыстары жүріп жатыр.

– Қазір ол жақта бас прокуратура қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондықтан әзірге ешқандай түпкілікті нәтиже жоқ, – деді Наталья Горина Азаттық тілшісіне.

Колония басшылығы мен Қарағанды облыстық полициясы бұған қатысты еш жауап айтпай отыр.

КҮМӘН

Өткен аптада әділет мнистрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті «өзін-өзі жарған» азаматтардың барлығы ауыр қылмыс жасап, 15 пен 32 жыл аралығында түрмеге кесілген адамдар екенін айтқан еді. Алайда «өзін-өзі жарды» деген азаматтардың туыстарының бірі Азаттық тілшісіне жақынының тек төрт жарым жылға сотталғанын айтты.

Ал құқық қорғаушы Вадим Курамшин Азаттық тілшісімен сұхбатта ұзақ жылға кесілген азаматтар «жалпы режимдегі түрмеде отырды» деген сөз
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 19 шілде 2011 жыл.

күмәнді екенін айтады.

– Бұл колония жалпы режимдегі колония болғандықтан мұнда орташа және ауыр қылмыс үшін бірінші рет сотталғандар отырады. Олай болса, онда 32 жылға сотталғандар қалай болуы мүмкін? – дейді Вадим Курамшин.

Құқық қорғаушы «жақында Балқаш түрмесіндегі бірнеше сотталушы өзге жаққа ауыстырылды» деген хабарды естігенін айтты. Оның ойынша, «сотталушылардың атысқа қаншалықты қатысы бар екенін білу мақсатында колонияда бірнеше тұтқынды жазаламақ болған».

Ол қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «түрмеге қаруды біреулер лақтыруы мүмкін» деген болжамын да сынады.

– Бұлай болуы мүмкін емес. Қосауыз мылтықты тікенек сым темір тартылған дуалдың, сосын тұрақ аймақ пен өндірістік аймақты бөліп тұратын тиым салынған бақылау жолағының ар жағынан лақтыруы мүмкін емес. Өткен жылғы Ақтаудағы сияқты, «зонаға аңшы мылтығын кіргізуге мекеме қызметкерлерінің өздері көмектескен» деген болжам неге қарастырылмайды? Меніңше, қазір қылмыстық атқару жүйесі комитеті қызметкерлері өздерін жауапкершіліктен жалтарып жатыр, – деді Вадим Курамшин Азаттық тілшісіне.

Естеріңізде болса, құқық қорғау органдары шілденің 11-іне қараған түні Балқаш қаласы маңында орналасқан АК-159/21 жалпы тәртіптегі колониядан бір топ тұтқынның қашпақ болып, түрме күзетшісіне шабуыл жасағанын хабарлаған. Сотталушылар мен түрме қызметкерлері арасында болған атыстан колонияның бір күзетшісі қаза тауып, бірнеше қызметкер жараланған.

Ресми ақпарат бойынша, «бүлікшілер» мен полицияның шайқасы колония ішіндегі өндірістік базада жалғасқан, тұтқындар осы жерде өздерін-өздері жарып жіберген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG