Accessibility links

Белсенді психологтың өзі «жынды» атанды


Солтүстік Қазақстан облысы Есіл аудандық ауруханасы психологы Людмила Хромина. Алматы, 24 желтоқсан 2015 жыл.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл аудандық ауруханасы психологы Людмила Хромина. Алматы, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Құқық қорғаушылар ыңғайсыз азаматтық белсенділерден психиатрия арқылы құтылу билік үшін ыңғайлы амалға айналып бара жатқанын айтады.

Солтүстік Қазақстан тұрғыны Людмила Хромина желтоқсанның 21-і күні Алматыдағы Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығында өз еркімен тексеруден өтті. Психолог болып қызмет ететін Хромина соңғы бірнеше жыл бойы әріптестеріне «есі дұрыс екенін» дәлелдемек болып жүр. Бұған дейін 35 жастағы дәрігер әйел Есіл ауданындағы Тораңғыл тоғайын жергілікті орман шаруашылығы қызметкерлерінің заңсыз отауына қарсы шығып, браконьерлерді жазалатуға қол жеткізген экологиялық белсенді ретінде танылған еді. Бірақ соңғы жылдары оның қоғамдық белсенділігі тек орман шаруашылығы емес, өзі қызмет ететін саланың өкілдерінің де қитығына тие бастағанға ұқсайды.

БЕЛСЕНДІ ДӘРІГЕРДІҢ СӨЗІ

- Алматыдағы дәрігерлер маған «эпилепсия, тұлғаның өзгергені және еңбекке жарамдылықтың төмендеуі» деген диагноз бен қорытынды жазып берді. Бұл – Петропавлдағы психиатр дәрігерлердің маған қойған «параноиалды синдром» диагнозынан да асып түсті,- деп қынжылады Хромина.

Есіл аудандық ауруханасының психологы Людмила Хромина бірнеше жыл бұрын әріптестерінің медициналық анықтамаларды қолдан жасап, сатуының куәсі болғанын айтады. Бұл әрекетті «жемқорлықтың бір түрі» деп білген ол аурухананың бірнеше қызметкерінің заңсыз әрекетін ұялы телефонына видеоға түсірмек болған. Сол кезде әріптестерімен арасында жанжал туған.

Ақша үшін кез-келген адамға «медициналық тексеруден өтті» деп анықтама беретін қызметкерлер бар. Солар менің атымнан арыз жазып, жұмыс істеуіме кедергі келтіріп, реті келсе ызаландырып, есімнің дұрыс емес екенін айтып жүрді.

- Менімен бірге өз ісіне жауапты, әр науқасты көзі көріп, емдемейінше ешқандай қағазға қол қоймайтын, білікті дәрігерлер істейді. Алайда, олардың атынан қол қойып, ақша үшін кез-келген адамға «медициналық тексеруден өтті» деп анықтама беретін қызметкерлер де бар. Міне, дәл солар менің атымнан арыз жазып, жұмыс істеуіме кедергі келтіріп, реті келсе ызаландырып, менің есімнің дұрыс емес екенін айтып жүрді. Ақыры мен жұмыстан заңсыз шығарылдым. Бірақ бірнеше ай өткен соң президент әкімшілігіндегі Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын инспекторға хат жазып, оның тапсырмасымен жұмысыма қайта алындым, - дейді Хромина.

Людмила Хромина үстінен түсіп жатқан арыздардың азаяр түрі жоқ екенін айтады.

- Менің үстімнен екі бірдей санитар келіншек арыз жазыпты, бірінің – мұрнын сындырыппын, екіншісін – терезе сүртіп тұрғанда орындықтың үстінен құлатпақ болыппын. Бұл – барып тұрған өтірік. Осыдан кейін ауруханамыздың бас дәрігері барлығымызды шақырып алып, психологқа барып қаралуымызды тапсырды. Екі санитар өздерінің «сау екендігі» жайлы анықтама алып келді, ал маған «тексерілуі тиіс» деген анықтама берді, - дейді ол.

Людмила Хромина мұның барлығы өзін жұмыстан қайта кетірудің амалы екеніне сенімді. Оның сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысының психиатрлары оған «парониалды синдром бар» деп сырттай диагноз қоя салған. Онымен келіспеген Хромина Алматыдағы Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына ес-ақылы сау екенін дәлелдеу үшін өз еркімен тексеруге келген. Оның сөзінше, бұл орталық та «психологтың ес-ақылы дұрыс емес екенін астарлап тұжырым жазып берген».

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Мэлс Елеусизов. Алматы, 24 желтоқсан 2015 жыл.
Мэлс Елеусизов. Алматы, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Желтоқсанның 24-і күні Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюрода өткен баспасөз мәслихатында эколог Мэлс Елеусізов те Людмила Хроминаның жанайғайына қоғам назарын аударуға тырысты. Оның сөзінше, «ыңғайсыз адамдардан» психиатрия арқылы құтылу – билік үшін өте ыңғайлы тәсіл.

- Қоғамда өз құқықтарын талап етіп, өз мүддесін көздеу – жат қылық болып табылады. Ондайлардан құтылудың бірден-бір жолы – психдиспансерлерге жабу. Ал онда кіргендердің сау болып шығуы мүмкін емес, - дейді Елеусізов.

«Қорғау HR» қоғамдық құқыққорғау ұйымы өкілі Әлия Абдинова үшін Людмила Хроминаның бастан кешкені таң қалуға келмейтін оқиға.

- Психиатриялық ауруханаға түскен науқас міндетті түрде психиатриялық диагнозбен шығады. Бұл диагноз - өміріне түскен үлкен дақ. Себебі психиатриялық дигноздан құтылуы өте қиын. Мәселен, егер адам психиатриалық диагнозбен келіспей сотқа шағымданса, сот азаматқа сот-психиатриялық экспертиза тағайындайды. Ал ол экспертизадан өту үшін азамат қайтадан 1 – 1,5 ай психиатриялық ауруғанаға жатып шығуы тиіс, - дейді Әлия Абдинова.

ДИАГНОЗ ҚОЮШЫЛАРДЫҢ УӘЖІ

Бұл іске қатысты Алматыдағы республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының аға дәрігері Наталья Логачева белсенді психолог Людмила Хроминаға «объективті диагноз» қойылды деп ойлайды.

Алматыдағы Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының аға дәрігері Наталья Логачева. Алматы, 23 шілде 2012 жыл.
Алматыдағы Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының аға дәрігері Наталья Логачева. Алматы, 23 шілде 2012 жыл.

- Ол (Людмила Хромина – ред.) ашық бөлімде жатты, оның құқығы еш шектелген жоқ. Ол еркін жатып, аурухана территориясында еркін жүрді. Қойған диагнозымыз объективті болды деп санаймын. Біз науқасқа қатысты ауданнан көптеген мінездемелер сұраттық, одан бөлек бізде зерттеудің инструменталды түрі бар әрі Хроминаның өзінен алынған жауаптар негізінде диагноз қойылды. Онда тек психиатр дәрігер емес, эпилептолог, неврапотолог дәрігерлер болды. Бірнеше консилиум өтті, - деді Наталья Логачева Азаттыққа.

Ал Людмила Хроминаның жұмыс істейтін Есіл аудандық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Шахабаев, қол астындағы қызметкерінің кәсіби қызметіне қатысты «сын-ескертпесінің жоқ» екенін айтады.

Менің алдымда не болғанын анық айта алмаймын, ал қазір біздің ауруханада ешқандай анықтама ақшаға жасалмайды.

- Ендігі диагнозымен халыққа қызмет көрсете ала ма, жоқ па - оны арнайы комиссия шешеді. Ал [Хромина мәлімдеген дәрігерлер арасындағы] жемқорлық фактісіне қатысты айтарым, оқиға 2011 жылы болған, ал мен мына қызметке осы жылдың наурыз айында келдім. Менің алдымда не болғанын анық айта алмаймын, ал қазір біздің ауруханада ешқандай анықтама ақшаға жасалмайды, сізге мұны сеніммен нық айта алам, - деді Мұрат Шахабаев.

Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін кейбір жергілікті қоғам белсенділерін психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеу тәсілі арқылы бақылауға тырысады деп бірнеше мәрте айыптаған еді. Лауазымды тұлғаның үстінен президентке арызданған балқаштық заңгер Зинаида Мухортованың кейін сотқа тартылып, мәжбүрлі емделу курсынан өтуге мәжбүрленуі де жергілікті және шетелдік құқық қорғаушыларды алаңдатқан.

XS
SM
MD
LG