Accessibility links

Қуғындағы оппозициялық тұлға, олигарх Мұхтар Әблязовтың саяси босқын статусы жойылуы мүмкін деген хабарды қазақстандық құқық қорғаушылар мен саясаткерлер «өте өкінішті жайт» деп сипаттады.

Сәуірдің 16-сы күні ұлыбританиялық басылымда қазақстандық қуғындағы оппозициялық тұлға, олигарх Мұхтар Әблязовқа осы елде 2011 жылы берілген саяси баспана жойылуы мүмкін деген ақпараттың шығуы Қазақстандағы саяси және азаматтық ортаны екіұдай күйде қалдырды. Азаттық тілшісі сөйлескен құқық қорғаушылар мен саясаткерлердің басым көпшілігі бұл шешімді «өкінішті, алаңдатарлық жайт» деп сипаттайды. Бұл хабарға «Ұлыбритания сотын сыйламаушыға қатысты шыққан қисынды шешім» деп баға бергендер де бар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін ашық сынаушы, оның басты қарсыласы саналатын Мұхтар Әблязовты жергілікті билік ол БТА Банкін басқарып тұрған кезде қаржылық алаяқтық жасады деп айыптайды. 2009 жылы шетке қашып шыққан соң 2013 жылдың жазында Францияда ұсталып, қамауда отырған Әблязов өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп мойындамайды.

«ЭКСТРАДИЦИЯЛАУ ҚАУПІ КҮШЕЙДІ»

Қазақстандық құқық қорғаушы, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина бұл хабардың бірнеше жағымсыз жағы бар екенін айтады. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әблязовты «саяси тұрғыда қуғын-сүргінге ұшыратқанына» сенімді.

«Әрине, Ұлыбритания сотының Әблязовқа [БТА Банкіне қатысты алдыңғы іс бойынша] қойған талабы бар. Бірақ одан оның саяси босқын статусы өзгермеуі тиіс. Ұлыбритания соты адам құқықтарының негізгі приниптерін қорғайтын әділ сот жүйесінің үлгісі болып саналады. Бірақ Әблязовке қатысты шығарғалы отырған шешімдері бұл мәртебеге қаншалықты сай келетінін түсіне алмаймын» дейді ол.
Бақытжан Төреғожина, қоғамдық белсенді, құқық қорғаушы
Бақытжан Төреғожина, қоғамдық белсенді, құқық қорғаушы


Құқық қорғаушының айтуынша, саяси босқын статусын қайтарып алған соң Әблязовты Қазақстанға экстрадициялау қаупі күшейе түсуі мүмкін. Ол осыған ұқсас шара бұрын Ресей азаматтарына да қолданылғанына, бірақ оны Әблязовтың жағдайымен салыстыруға келмейтініне нұсқайды.

«Әблязовты экстрадициялау үкімін тоқтату туралы Франция сотының шешімі шықпай тұрып Франция консулымен сөйлескен едім. Сонда ол мұндай шешімге дәл осы «саяси босқын статусы» себеп болатынын айтқан еді. Өйткені еуропалық сот жүйесі бойынша егер қандай да бір басқа елден келген адамның босқын статусы болса оны экстрадицияламайды. Енді мынадай шешім шығаратын болса, өте өкінішті» дейді Төреғожина.

Бақытжан Төреғожина Әблязовтан саяси босқын мәртебесі алынар болса, қазақстандық оппозициялық күштерге де соққы боп тиетінін айтады.
«Ұдайы қысым мен қауіп-қатер жағдайында жұмыс істейтін оппозициялық саясаткерлер әрі қарай бұл елде жүру мүмкіндігі қалмаса, онда Еуропаға кетуге болатынын білетін еді. Ал мына жағдайдан кейін Еуропа да қауіпсіз бола алмайтыны белгілі болды. Яғни қазақстандық билік қаласа Еуропадан кез-келген диссидентті, оппозициялық саясаткерді қайтарып ала салады екен. Ең өкініштісі де – осы» деді ол Азаттыққа.

«ӘБЛЯЗОВТЫҢ ӘЛІ ДЕ МҮМКІНДІГІ БАР»

Құқық қорғаушы Нинель Фокина Әблязовты саяси босқын статусынан айыруға оның «Ұлыбритания сотын сыйламауы» тікелей себеп бола алатынын айтады. Мұхтар Әблязов бұған дейін Ұлыбритания сотының БТА Банкінің ісін қарауы кезінде сотты сыйламағаны үшін 22 айға сотталған еді. Әблязов сот шешімімен келіспейтінін айтып, ол елден түсініксіз жағдайда кетіп қалған. 2013 жылдың жазында ол Францияда Украинаның талабы бойынша ұсталғанға дейін жасырынып келген. Олигархтың үстінен Қазақстанмен қатар Украина мен Ресейде де қылмыстық істер қозғалған.
Нинель Фокина, құқық қорғаушы
Нинель Фокина, құқық қорғаушы


«Ұлыбритания сот ісіне байланысты жайттарға қатаң қарайды. Сондықтан бұл ретте ағылшын соты тарапынан заң бұзушылық бар деуге болмайды. Бұл шешім Әблязов бірден Украинаға немесе Ресейге экстрадицияланады деген сөз емес. Ол тек Әблязовтың бұдан былай Ұлыбритания аумағында тұра алмайтынын білдіреді. Қазір Әблязов Ұлыбританияның аумағында емес Франция абақтысында отыр. Ал Франция оны экстрадициялау туралы сот шешімін қайта қарап, бұзды. Демек Әблязовтің енді Францияда немесе Ұлыбританиядан басқа да Батыс елдерінде өмір сүруіне мүмкіндігі бар» дейді Нинель Фокина.

Құқық қорғаушылар мен оппозициялық саясаткерлердің мұндай алаң білдіруіне қосыла қоймайтын қоғамдық белсенділер де бар. Мәселен, жергілікті белсенді Айгүл Қоқай «ағылшын сотын сыйламай, бұрынғы әдетімен қашып кеткен Әблязовті саяси босқын мәртебесінен айырғаны дұрыс» деп санайды.

Айгүл Қоқай «Батыста сот тәуелсіздігі бар» деп білетінін, «Қазақстанның қаржылық мүмкіндігі Англия сотын сатып алуға жетпейді деп сенетінін» айтады.
«Әблязов Ұлыбритания сотының тәуелсіздігіне күмән келтірді. Егер ағылшын сотының шешіміне бойұсынғанда саяси босқын мәртебесін сақтап қалатын еді» дейді Айгүл Қоқай.

«АСТАНАНЫҢ ЛОББИІ»

Әблязовтың Ұлыбританиядағы саяси баспанасынан айырылу қаупін ұлыбританиялық жекелеген саяси тұлғалардың экономикалық мүдделері үшін Қазақстан билігінің кейбір талап-тілектерін орындауға бейіл болуы күшейтіп отыр деп ойлайтындар да бар.

«Қазақстандағы парламентаризмнің дамуы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Зәуреш Батталованың айтуынша, Мұхтар Әблязовтың ісіне байланысты Испания (оққағарын экстрадициялауға оқталу – ред.) мен Италиядағы (әйелі мен қызын экстрадициялау – ред.) оқиғалар мен «Әблязовты экстрадициялау туралы» Франция сотының алғашқы шешімі қазақстандық лоббистердің Еуропада күшейгенін көрсетеді.

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.



«Егер Әблязовты саяси босқын статусынан айырса, онда Ұлыбритания біздің көз алдымызда адам құқығынан гөрі, өз экономикалық мүддесін жоғары қоятын елге айналады. Бұл елдің Қазақстанға қомақты инвестициялық қаржы салып отырғанын, әлі де салғысы келетінін білеміз» дейді ол.

Зәуреш Батталованың ойынша, Қазақстанда авторитарлық биліктің күшеюіне тек Қазақстан азаматтары ғана жол беріп отырмағанын осындай фактілер арқылы аңғаруға болады.

«Дамыған құқықтық елдер саналатын Батыстың өзі Қазақстанның саяси жүйесіне көз-жұма қарайды. Халықтың пікірінен гөрі билікпен ғана келісіп жұмыс істегенді жөн көреді» дейді ол.

Ұлыбритания мен Қазақстанның соңғы бірнеше жыл ішінде экономикалық ынтымақтастығын күшейте бастағаны байқалады. Қазақстанға ресми сапар жасаған Ұлыбританияның алғашқы премьер-министрі атанған Дэвид Кэмерон мен президент Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы шілде айында Астанада стратегиялық әріптестік пен бірнеше миллиард АҚШ доллары тұратын ондаған экономикалық келісімге қол қойған. Одан кейін де екі ел басшысы бірнеше мәрте кездесіп, телефон арқылы сөйлесті. Осы аптада Ұлыбританияның сыртқы істер вице-министрі Саида Варси Астанаға келіп, «экономика, сауда және адам құқықтары мәселесін» талықлап кеткені туралы хабарланған.

Өзін Ұлыбританияның саяси баспанадан айыру туралы шешіміне қатысты The Financial Times газетіне комментарий берген Мұхтар Әблязов премьер-министр Дэвид Кэмерон мен ұлыбританиялық саяси институттарды және сот жүйесін «клептократиялық диктатор манипуляция жасап отыр» деп мәлімдеген.

Сәуірдің 16-сы күні ұлыбританиялық The Financial Times газеті Ұлыбританияның ішкі істер министрлігі Қазақстан тарабынан күшейген лоббилік әрекеттен соң бұрынғы қазақстандық банкир, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басты саяси бәсекелесі Мұхтар Әблязовқа берілген саяси босқын статусын қайтарып алуды ұйғарды деп хабарлаған еді.

Газеттің дерегі бойынша Ұлыбритания билігінің Әблязовты саяси босқын статусынан айыратыны оған биылғы қаңтарда-ақ хабарланған. Әуелі Әблязовқа Ұлыбританияның СІМ-не жауап беру үшін 10 күн уақыт берілген. Бірақ оның адвокаттары бұл мерзімді сәуірдің ортасына дейін создырған. Қорғаушылар Әблязовтың саяси босқын статусы жойылса, ондай шешімнің үстінен сотқа шағымданатынын айтқан.

Былтыр жаздан бері Францияда қамауда отырған Мұхтар Әблязовтың адвокаттары Ұлыбритания билігі Әблязовтың босқын статусы туралы ол қашып шыққан елмен құпия келіссөз жүргізіп, босқындар туралы халықаралық заңды бұзып отыр деп мәлімдеді.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG