Accessibility links

«Экстремизмді насихаттағаны үшін» қандай сайттар жабылды?


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігі басшысы Қайрат Лама Шариф 1174 діни интернет-ресурсқа талдау жасалып, ондаған экстремистік сайттың заң талабына сай жабылғаны туралы мәлімдеген болатын. Бұл мәлімдеменің растығына сарапшылар мен діни қайраткерлер күмән келтірді.



Жабылған сайттар қандай діни ағымдардікі? Христиандардікі ме, мұсылмандардікі ме? Биліктің дін тарапында жүргізіп отырған саясаты Қазақстандағы ар-ұждан мен діни сенім бостандығына қалай әсер етеді? Әлбетте, бұл - Қазақстандағы мемлекеттің дінге қатысты саясатына қатысты сауалдардың бір парасы ғана.

Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде құқық қорғаушылар мен Қазақстанның бірқатар діни қауымдарының өкілдері осы мәселелерге пікір білдірді.

АХМАДИШІЛЕР САЙТЫНА ШАБУЫЛ

«Ахмадишілер» деп аталып жүрген мұсылман жамағатының өкілі Нұрым Тайбек «Қазақстан билігі сенім бостандығын шектеп отыр, діни сайттарды жабуы - діни қауымдарға қысым жасаудың амалы, конституцияға қарсы әрекет» деп есептейді.

Тайбек «билік әзірге ахмадишілдердің сайтын жаба қойған жоқ» дейді. Бірақ ол «науқан қызған кезде биліктің бұл қауымның да сайтын «құлыптап» тастамақ болғанын» айтты. Нұрым Тайбектің сөзіне серсек, «олардың сайтына шабуыл Қазақстан аумағынан жасалған» .

ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ САЙТЫ

Батыс Қазақстан облысының адвокаттар алқасының мүшесі Абзал Құспанов «БАҚ туралы заңда интернет-ресурстардың да бұқаралық ақпарат құралы саналатыны айтылған, демек, кез келген БАҚ тек сот шешімімен ғана жабылады» дейді.
Абзал Құспанов, Батыс Қазақстан облысы адвокаттар алқасының мүшесі. Алматы, 13 маусым 2011 жыл.
Абзал Құспанов, Батыс Қазақстан облысы адвокаттар алқасының мүшесі. Алматы, 13 маусым 2011 жыл.

Құспанов ақпан айының басында, Қайрат Лама Шариф 58 сайттың жабылғанын айтқаннан кейін, діни бағыттағы интернет-ресурстарды жабу жөніндегі сот қаулыларын зерттемекші болғанын айтады. Адвокат бұл қаулылардың заңдылығын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қайшы келетіні не келмейтінін тексергісі келген.

Осы мақсатта ол қылмыстық істер бойынша да, азаматтық істер бойынша да «анықтамалық» жүйесі бар жоғарғы соттың сайтын ашып қараған. Онда «2010, 2011 және 2012 жылдар ішінде қабылданған барлық сот шешімдері болуы тиіс». Әйткенмен, Абзал Құспанов «діни интернет-ресурстарды жабу жөнінде бір де бір сот шешімін таппағанын» айтты.

ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚТАР

Алматыдағы Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина «Барлық сот шешімдері, соның ішінде діни сайттарды жабу жөніндегі үкімдер, айқын да түсінікті болуы тиіс. Дін істер жөніндегі агенттіктің сайтында сот қаулыларының барлығы және жабылған сайттардың тізімі, жабылу себептерімен қоса, жарияланып тұруы керек» дейді.

Осы ретте ол «дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шарифтың мәлімдемелеріне күдікпен қарайтынын» айтады. «Агенттік басшысы 1174 діни сайтты қайдан тапқан?» дейді құқық қорғаушы.
Нинель Фокина, Алматы Хельсинкий комитетінің төрайымы. Алматы, 17 қараша 2010 жыл.
Нинель Фокина, Алматы Хельсинкий комитетінің төрайымы. Алматы, 17 қараша 2010 жыл.

Нинель Фокина «сот шешімімен жабылған сайттардан» бөлек, тыйым салынған әдебиеттер тізімін де іздеп көрген екен. Дін істері жөніндегі агенттіктің сайтынан бастап, ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ішкі істер министрлігінің, әділет министрлігінің ресми сайттарын ақтарып шыққан. Құқық қорғаушы тыйым салынған діни әдебиеттер тізімін Астанадағы кітапханаларды тексеру басталған кезде іздеген екен. Бірақ үкіметтік ақпарат құралдарынан ешқандай тізімді таба алмаған. Нинель Фокина осы орайда бірқатар күдіктерін айтты.

- Тыйым салынған әдебиеттер туралы айту үшін ең әуелі оның тізімін жасау керек. Ол тізім қайда? Бізде цензура жайлы заң жоқ. Яғни, Қазақстанда жазба мәліметтерге сот шешімі арқылы ғана тыйым салынады. Олай болса, сот үкімдері қайда? Немесе, «579 шағын діни бірлестікті жаптық» деген Лама Шарифтың тағы бір мәлімдемесін алып қарайықшы. Егжей-тегжейлі ештеңе айтпайды, құр «жаптық» дей салады. Меніңше, Лама Шариф бұл мәлімдемелерін дін туралы жаңа заңды қарқынды түрде іске асырып жатқанын жоғарыға «көрсету» үшін жасады. Ал шын мәнінде шешілуі тиіс мәселелер әлі шешілген жоқ. Мәселен, тіркелу, діни сараптамадан өту инструкциялары әлі күнге жасалған жоқ. Агенттіктің діни сараптама туралы жасаған дүниесін инструкция деп айту қиын, - дейді Нинель Фокина.

Қайрат Лама Шариф, Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы. Астана, 29 қыркүйек 2011 жыл.
Қайрат Лама Шариф, Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы. Астана, 29 қыркүйек 2011 жыл.
Ал «Кришна санасы» қоғамының президенті Галина Голоус «қайта тіркелу үшін қандай құжаттар қажет екені әлі күнге белгісіз» дейді. Бұны оларға қайта тіркелуге барған кездерінде әділет басқармасының мамандары айтқан. Ал Дін істері жөніндегі агенттік өкілдері қайта тіркеуден әуелі дәстүрлі діндер - мұсылман және христиан ұйымдары, одан кейін ғана «қалғандары» өтетінін хабарлаған. «Кришна санасы» қоғамының президенті «қалғандарын» тіркеуге уақыт жетпеуі мүмкін» дейді.


Азаттық радиосы орыс тілінде өткен бұл дөңгелек үстелге дін істері жөніндегі агенттік өкілдерін, дін істері жөніндегі агенттіктің жанындағы дінтанушылардың республикалық ассоциациясы жетекшісін, Қазақстан парламенті сенаты депутаты Ғарифолла Есімді шақырды. Бірақ олар түрлі себептермен бұл талқылауға қатыса алмады.

Дөңгелек үстелдің аудио нұсқасын мына жерден тыңдай аласыз:

please wait

No media source currently available

0:00 0:23:27 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG