Accessibility links

Оралман наразылық танытқан соң құжат иеленді


Оралман Сәуле Қаспайдың төлқұжатындағы балаларының суреттері. Алматы облысы, Ешкіөлмес, наурыз 2013 жыл
Оралман Сәуле Қаспайдың төлқұжатындағы балаларының суреттері. Алматы облысы, Ешкіөлмес, наурыз 2013 жыл

Талдықорғандық бір оралман отбасы азаматтық алу туралы құжаттарына қол жеткізу үшін екі жыл бойы құзырлы мекемелердің арасында сандалғандарын айтады.

Моңғолиядан қоныс аударған көп балалы оралмандар отбасы Қазақстан азаматтығын алу үшін Алматы облысындағы құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргеніне екі жыл болыпты. Азаматтық беру құжаттары наразылық шарасынан кейін полициядан табылды.

Қаспайлар отбасы Ешкіөлмес кентінде туыстарының үйінде тұрады. Сәуле Қаспайдың айтуынша, олар азаматтық беру жөніндегі өтініштерін көші-қон қызметіне 2011 жылдың басында жіберген. Содан бері ресми органдар уәде берумен ғана келген.

Күтуден төзімі таусылған оралмандар Наурыз қарсаңында үйдің қақпасына «Көші-қон қызметіне сенбейміз!» деген сөздер жазылған плакаттар іліп тастаған.

- Күнде барамыз, құрғақ уәде беріп, шығарып салады. Қолымда өзімнің үш балам, асырап алған жетім бала бар. Құжатсыз жұмысқа да алмайды. Жеке куәлігіміз де, ЖСН-іміз де жоқ. Мектепте мұғалімдер «анықтама мен жеке куәліктеріңнің көшірмесін әкеліңдер» деп жатыр. Құжатсыз күн көру мүмкін еместігін өзіңіз де білесіз ғой, - дейді Сәуле Қаспай Азаттық тілшісіне.
Оралман Сәуле Қаспай. Алматы облысы, Ешкіөлмес, наурыз 2013 жыл
Оралман Сәуле Қаспай. Алматы облысы, Ешкіөлмес, наурыз 2013 жыл

Наразылық білдірген оралмандар отбасын көршілері де қолдады. Олар Азаттық тілшісіне тарихи отанына оралған жандардың қиын өмірі жайлы айтып берді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Сәуле де, күйеуі де тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүр, ал емдеу мекемелері балаларын құжатсыз қабылдамайды.

- Бұл отбасында қамқорлыққа алған ұл бала бар. Моңғолияда оған жәрдемақы алып тұрыпты. 2011 жылдан бері әлгі баланың зейнетақысын да, жәрдемақысын да алмайды. Қолында ЖСН-і болмағандықтан, ауруханаға да бара алмайды. Жағдайлары өте ауыр, - дейді оралман отбасының көршісі Бибінұр Керімбекова.

Көші-қон полициясы құжаттарды ресімдеуде былыққа жол бергенін Алматы облысы ішкі істер департаменті қызметкерлері растады. Бүгін ІІД баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет Азаттық тілшісіне өз ісіне салдыр-салақ қараған қызметкерлердің жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

- Бұл былыққа жол берген адам жағымсыз мінездеме бойынша ішкі істер органынан жұмыстан шығарылды. Қазір әлгі отбасының құжаттары дайын болды. Кез-келген уақытта келіп, құжаттарын алуына болады, - деді Көбейхан Нұрахмет.

Көп балалы отбасы бұл жаңалыққа қуанып жатыр. Сәуле Қаспай «Енді күйеуім жұмысқа орналасып, балаларға тәтті-мәтті сатып алып, киім-кешегін жаңалап алатын болдым» дейді.

Азаттық бұған дейін де оралман квотасы бойынша азаматтық алғысы келетін шетелдік қазақтардың басындағы қиындықтары туралы жазған еді. "Нұрлы көш" бағдарламасы уақытша тоқтағалы бері квотаға қолы жетпей, өз бетімен көшіп келіп, уақытша ықтиярхат ала тұрғысы келген оралмандардың көптеген мемлекеттік мекемелерге тіркеле алмай, түрлі әлеуметтік жәрдемақылардан қағылып жүргені туралы да хабарлағанбыз. Ресми мәліметтер бойынша 1991-2011 жылдар арасында Қазақстанға сыртта тұратын 800 мыңнан астам қазақ репатриант ретінде көшіп келген. Қазақстанда оларды "оралман" деп атап кетті.
XS
SM
MD
LG