Accessibility links

"Ретро-айтыс" ақындары сипай қамшылап сөз айтты


Ардагер айтыскер Әселхан Қалыбекова. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.
Ардагер айтыскер Әселхан Қалыбекова. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Маусымның 2-сі күні Алматыдағы Республика сарайында өткен «Ретро-айтысқа» жиналған жұрт «айтыс өнері – жастыққа тән қасиет» деген оймен тарқасты.

Айтыс басталар сәтте сахнаға көтерілген Жүрсін Ерман сарайдың жартысын ғана толтырып отырған жұртты көріп: «Осы аптаның басында Алматы қаласының әкімшілігі осы айтыстың өтуіне қарсы болып, бес күн бойы билет саттырмай қойды. Ақыры министрлікке қоңырау шалып жүріп әрең дегенде рұқсат алдық. Сол бес күн ішінде талай адам билет ала алмай, ақыры айтысқа келе алмай қалды» деді.

«ПАЙДА ТАУЫП ЖАТЫР ҒОЙ ДЕЙСІЗДЕР МЕ?!»

Сатылған билеттен түскен қаражаттың «бар-жоғы 120 мың теңге» болғанын айтқан Жүрсін Ерман: «Мына залды үш жарым миллион теңгеге жалдаған едік. Оның үш миллионын айтыстың бас демеушісі Исламбек Салжанов төлеп отыр. Қалғанын сіздерден түскен қаржыдан өтерміз деп ойлаған едік. Оның үстіне мынау оформление жасаған суретшіге 150 мың теңге берешекпін. Анау сарайдың маңдайындағы жүгіртпелі жолдар арқылы жүгіріп жатқан жарнама үшін 150 мың теңге төлеуім керек. Мұның сыртында көшедегі афишаларға, теледидардағы рекламаға ақша керек, келген ақындардың да жол пұлын төлеу керек. Енді осыларды қалай жабамын деп басым қатып отыр. Сіздер осы айтыстан осылар байып жатыр деп ойлайтын шығарсыздар. Айтыстың бюджеті осындай» деп бар мұңын айтысқа келген жұртқа жайып салды.

Жүрсін Ерманның айтуынша, бұдан кейін айтыс бола ма, болмай ма - белгісіз. Ол «көкейінде саңылауы жоқ, айтысқа қарсы бір адамдармен алысамын деп шаршап кеткенін» де айтқан.
Ақын Жүрсін Ерман (алдыңғы қатарда) "Ретро-айтысты" ашып тұр. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.
Ақын Жүрсін Ерман (алдыңғы қатарда) "Ретро-айтысты" ашып тұр. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Айтысқа ардагер ақындар ретінде Айтақын Бұлғақов, Абаш Кәкенов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Әбілқайыр Сыздықов, Есенқұл Жақыпбеков, Қонысбай Әбілов, Қуаныш Мақсұтов, Шорабек Айдаров шақырылыпты. Айтыс сахнасында жүргеніне 20 жыл болғандығын ескеріп, түркістандық Бегарыс Шойбековті де ардагер ақындардың тізіміне енгізсе керек. Қазіргі айтыстың көрігін қыздырып жүрген Жандарбек Бұлғақов пен Төреғали Төрәліні, республикалық жыр додасына енді ілескен шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен павлодарлық Асланбек Шұғатаев та арнайы шақырылыпты.

Көрермендер арасынан Мелс Қосымбаевтың неге шақырылмағанын сұраған хат түскендігін айтқан Жүрсін Ерман: «Оған да хабарластым. «Мен айтыстан мүлдем басқа бағытқа кетіп қалдым, мені қинамаңыз» деп бас тартты. Керек десеңіздер, Баянғали Әлімжановты да шақырған болатынмын. Ол «Қартайғаным соншалық, айтыс түгілі дастархан басында өлең айта алмайтын дәрежеге жеттім» деді. Енді маған неғыл дейсіздер?» деп жауап берді.

«ҚҰЛАҒЫ ЖОҚ, КӨЗІ ЖОҚ АЗАТТЫҚТЫҢ БАСЫНА ҚАРА БАҚЫР КЕПТЕЛІП ТҰР»

Айтыскерлердің алғашқы жұбы болып сахнаға Әселхан Қалыбекова мен Есенқұл Жақыпбеков шыққан болатын.

Бүгінгі қоғамның күйін Әселхан Қалыбекова былай жеткізді:

Тұратын өлі ұйқыдан шақ келіп тұр,
Отанға жан-жағынан от төніп тұр.
Жиып ап дастарханнан құрт-майымды,
Алпауыттар апарып өткеріп тұр.
Сорып ап сары алтынды, қара алтынды,
Жылтырақ жуындысын жеткеріп тұр.

Тілімді, ділімді біл дегендерді,
Жау шығып ішімізден жек көріп тұр.
Қоғамда өтіріктен қазан қайнап,
Бұқара батылдыққа бет беріп тұр.

Көзі жоқ, құлағы жоқ азаттықтың,
Басына қара бақыр кептеліп тұр.
Қисада қылша мойын сезер емес,
Шыңғырып оянатын кез болып тұр!
Айтыскер ақындар Шорабек Айдаров (сол жақта) пен Қонысбай Әбілов (оң жақта). Алматы, 2 маусым 2012 жыл.
Айтыскер ақындар Шорабек Айдаров (сол жақта) пен Қонысбай Әбілов (оң жақта). Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Алайда қарсыласы оның сөзін жалғап әкете алмады. Есенқұл Жақыпбековтің сөз ауаны басқа жаққа қарай бұрылды. Алматылық ақын:

Жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды,
Жамандар «жақсымын» деп айқайлайды.
Жүрген соң күнде-күнде көзің көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды.
Біздің елде жақсысын өзі өлтіріп,
Соңынан ел-жұрт болып той-тойлайды, - деп тоқтады.

Бірақ «күнде көріп жүрсек те биіктігін байқамайтын таудың» кім екенін нақты атап жатпады.

«ОПЕРАҒА КЕЛГЕН ЖОҚПЫЗ!»

Мұнан кейін сахнаға көтерілген Шорабек Айдаров пен Айтақын Бұлғақов «тоқал» жайын жырлап отырып алса, қызылордалық Әбілқайыр мен астаналық Қонысбай Әбілов талайдан бері сөз болып келе жатқан қала атауларын ауыстыру мәселесін тілге тиек етті.

Ұзақ-сонар терме айтып кеткен Қонысбай Әбіловке: «Тоқта! Біз опера тыңдауға емес, айтысқа келдік. Жүрсін, мыналарды айтыстырсаңшы!» деп ел арасынан наразылық білдіргендер де болды.

Келесі жұпты таныстыру кезінде: «Өткен ғасырдың соңында бірі қызын сұрап, екіншісі «беремін» деп айтысқан Әсия Беркенова мен Бегарыс Шойбековты «Сол әңгімені әрі жалғастырсын» деп жұптадық» деді Жүрсін Ерман.

Бегарыс Шойбековтің Қостанайдағы қырылған киіктерді ілік етіп қарсыласына «Халық ақыны ретінде әкімшіліктің алдына неге барып жатып алмадың» деген сөзіне орай Әсия Беркенова:

«Ресейге жалға берген Байқоңырдың
Қазаққа пайдасынан зияны көп...
Аяулы Ақбөкендер айдаладан,
Не өліп, не Ресейге кетіп жатыр, - деп жауап қатты.

«КӨНЕ СӨЗДЕР ҚЫЛАҢ БЕРДІ»

Айтыстың соңын республикалық сахнаға енді шығып жүрген шәуілдірлік Нұрлан Есенқұлов пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев түйіндеген еді.
Аспанбек Шұғататев билік басындағы сыбайлас жемқорлық тақырыбын сөз ете келе:

– Шын мазақ Мәсімовтің отырғаны,
Бір қазақ тумағандай шыңға шығар.
... «Өз еліңде ұлтан бол» деген сөзді,
Шығарған қазақ бүгін ырза шығар, - деп термелетті.
Айтысты көруге келген әжесіне еркелеп тұрған немересі. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.
Айтысты көруге келген әжесіне еркелеп тұрған немересі. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Айтысқа келген жұрт ардагер ақындардың шау тартып қалғанын айтып, тарасып жатты.

Серік Тұрғынбек Азаттық тілшісіне:

- Бұл кісілер айтарын кезінде айтып кеткен. Сондықтан біз кешіріммен қарауымыз керек. Бүгінгі айтысқа қарап отырып, бұл өнердің өзі тек жалындаған жастыққа ғана тән нәрсе ме деген ой түйеді екенсің, - деді.

Ал айтыскер Бақыт Жағыпарұлы:

– Халық бүгінгі айтысты көріп отырып, айтыстың деңгейінің қаншалықты өскенін көрген болар. Жоқ жерден жік шығарып жүрген бәзбіреулер, мынау аласапыран дүниені басынан өткерген көрермендер, шынында да кейінгі толқындағы айтыскерлердің айтысының көркемдік деңгейінің жоғарғы биікке көтерілгенін іштей болса да мойындады. Бірақ мына ардагер ақындардың сөздерінен сөзге тоқтау, сыпайлық және көне сөздердің көрінісі қылаң берді, біз соған сүйсіндік, - деді.

Жүрсін Ерманның жоғарыда айтқан сөзін мына жерден тыңдай аласыз:
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:50 0:00
Жүктеп алу

Редакциядан: Азаттық радиосы маусымның 4-інен бастап "Ретро-айтыстың" аудио және видео нұсқаларын жарияламақшы.
XS
SM
MD
LG