Accessibility links

Бұрынғы дене шынықтыру пәні мұғалімі – олимпиада жүлдегері


Екатерина Ларионова Рио олимпиадасының қола медалін сүйіп тұр. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 18 тамыз 2016 жыл.
Екатерина Ларионова Рио олимпиадасының қола медалін сүйіп тұр. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 18 тамыз 2016 жыл.

Рио олимпиадасында еркін күрестен қола жүлде алған 22 жастағы балуан Екатерина Ларионова - қарапайым отбасынан шыққан спортшы. Ол Оралдағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген.

Екатерина Ларионова Қазақстанның еркін күрес құрамасына екі жыл бұрын ғана қабылданған. Оған дейін ол жастар арасындағы жарыстарға қатысып, барлығында жүлде алды. Жастар арасында бір мәрте әлем чемпионы (2011), үш дүркін Азия чемпионы (2010, 2011, 2013) атанды. Ал 2013 жылы Будапеште (Венгрия) өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль иеленген.

Ларионова Рио олимпиадасының бірінші айналымында (63 килограмм) Еуропа чемпионы, өзінен бір жас үлкен Мария Мамашуктен (Беларусь) жеңіліп қалады. Ларионова бұл қарсыласынан осымен үшінші рет жеңіліп отыр.

Күрес ережесі бойынша, финалға шыққан балуаннан алдыңғы кезеңдерде ұтылған спортшы қола медальге таласа алады. Мамашук олимпиада финалына шығып, Ларионова қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Екатерина 2010 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері швециялық Хенна Йоханссонмен кездесіп, оны 4:1 есебімен жеңді. Мұнан соңғы шешуші кездесуде 2012 жылғы әлем чемпионы Елена Пирожковадан (АҚШ) 0:3 есебімен жеңіліп жатып, уақыт бітер соңғы сәтте оны белінен қапсыра құшақтап, кілемге жауырынымен тастады. Сөйтіп қазақстандық балуан қыз 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әйелдер арасындағы қола жүлдені «жұлып әкетті».

Екатерина Ларионованың Рио олимпиадасында 2012 жылғы әлем чемпионы Елена Пирожкованы жеңген сәті. Бразилия, 18 тамыз 2016 жыл.
Екатерина Ларионованың Рио олимпиадасында 2012 жылғы әлем чемпионы Елена Пирожкованы жеңген сәті. Бразилия, 18 тамыз 2016 жыл.

– Белден қапсыра ұстап лақтыру – негізгі әдісім. 2011 жылы жастар әлем чемпионатының финалында қарсыласымнан (украиналық - Ганна Урода) жеңіліп жатып, өте аз уақыт қалғанда осы әдіспен жеңгенмін. Олимпиадаға келген соң медаль ұтқың келеді. Алтын болсын, қола болсын - бәрібір. Сондықтан өте қуаныштымын. Олимпиада алдында иығымда жарақат болған. Бірақ Риода күресіп жатқанда жарақатым мүлде мазалаған жоқ. Осыған қатты таңғалдым, – дейді балуан.

ӘКЕСІ – АЛҒАШҚЫ БАПКЕРІ

Қазақстанның батысындағы Орал қаласында туған Екатерина күреспен жеті жасынан айналысады. Алғашқы бапкері – әкесі Алексей Ларионов. Анасы Наталья Ларионова да қызының күреске барғанын қолдаған.

Екатерина алдымен 2008 жылы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңіске жетіп, елдің жасөспірімдер құрамасына шақырту алады. Ол содан бері халықаралық жарыстарға қатысып келеді.

Екатерина Ларионова 2013 жылы Будапеште өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатына 19 жасында қатысты. Жас балуанға өте қиын жеребе түсіп, кілемге шыққан бетте 10 дүркін әлем, 4 дүркін олимпиада чемпионымен – жапониялық балуан Каори Ичомен күрескен. Ичо Ларионованы үш минутқа жеткізбей жеңген. Кейін жапон балуаны финалға шығып, Екатеринаға қола жүлдеге таласу құқығы берілген. Оның қола жүлдеге жету жолы да ауыр болды. Ларионова 2011 жылғы әлем чемпионы, қытайлық балуан Си Лочжоманы, Пекин және Лондон олимпиадасының қола жүлдегері колумбиялық Джаклин Рентерианы ұтып, 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша 3-орын алады.

Екатерина Ларионованың қола жүлдеге жеткен сәтіндегі қуанышы. Бразилия, 18 тамыз 2016 жыл.
Екатерина Ларионованың қола жүлдеге жеткен сәтіндегі қуанышы. Бразилия, 18 тамыз 2016 жыл.

– Ересектер арасында күресіп жүргеніме екінші жыл болды. Жастар арасынан ересектерге ауысып, күшімді, бабымды сақтап қалғаныма қуанамын, - дейді балуан.

Екатерина Ларионова Оралдағы педагогикалық коллежді дене шынықтыру мамандығы бойынша бітірген. Қаладағы мектептердің бірінде екі жыл сабақ берген.

– Колледж бітірген соң, 2012-2014 жылдары мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бердім. Колледж мұғалімдері мектепке өздері жіберді. Кейін жаттығуға ден қойып, мектептен кеттім, – дейді ол.

«БӘРІН ҚАЙТА БАСТАЙМЫН»

Екатерина - төрт ағайынды. Өзінен кейін інілері бар. Бауырлары - Нұрлыбек, Дәулет, Алексей де спортпен айналысады. Әкесі Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыхановтың жолын берсін деп екінші ұлын «Дәулет» атаған. Дәулет Ларионов – еркін күрестен жастар арасында екі дүркін Қазақстан чемпионы.

– Енді үйге, отбасыма барып, бауырларымның жанында демаламын. Бір-екі ай демалыс. Мұрнымда жарақат бар. Соған операция жасату керек. Одан кейін жаттығуға ораламын. Олимпиада алдындағы жаттығулар қиын болды. Қиналып, жылаған кездерім де болды. Бірақ күрестен кетпеймін. Олимпиадада жүлде алғаныммен, Қазақстан чемпионатына қатысып, бәрін қайта бастаймын. Қарсыластарым енді мені зерттейтін шығар, зерттей берсін, – деді олимпиада жүлдегері.

Қазақстан туын көтерген Екатерина Ларионова. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 18 тамыз 2016 жыл.
Қазақстан туын көтерген Екатерина Ларионова. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 18 тамыз 2016 жыл.

Екатерина Ларионова енді 2017 жылы Парижде (Франция) өтетін әлем чемпинонатына, 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өтетін Азия ойындарына дайындалмақ.

Рио-де-Жанейро олимпиадасы 16 күнге созылып, жабылу салтанаты тамыздың 21-інде өтті. Қазақстан үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медальмен жалпы есепте 22-орын алып, Азия құрлығы бойынша төрт ел - Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстаннан кейін тұр. Қазақстан Рио олимпиадасында 17 медаль иеленіп, жүлде жағынан тәуелсіздік алғалы бергі жеке рекордын жасады.

XS
SM
MD
LG