Accessibility links

Екі олимпиада жүлдесін алған алғашқы қазақстандық жеңіл атлет


Рио олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Рыпакова. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 14 тамыз 2016 жыл.0
Рио олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Рыпакова. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 14 тамыз 2016 жыл.0

Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Риода алған қола жүлдесін «алтынмен тең» деп бағалайды. Ол - Қазақстанның екі олимпиадада қатарынан жүлде алған алғашқы жеңіл атлеті.

Үш қарғып секіру жарысында спортшыларға алты мүмкіндік беріледі. Осы алты мүмкіндіктің ішіндегі ең үздік нәтиже есепке алынады.

МАУСЫМДАҒЫ ҮЗДІК НӘТИЖЕ

31 жастағы Ольга Рыпакованың Риодағы үздік нәтижесі 14,74 метр болды. Ал алтын алған 32 жастағы колумбиялық Катерин Ибаргуэн - 15,17 метрге, күміс жүлде иеленген 20 жастағы Венесуэла атлеті Юлимар Рохас 14,98 метрге қарғыды. Жарыс алдында Рыпакова дәл осы екі қарсыласынан қауіптенетінін айтқан.

Ольга Рыпакованың секірген сәті. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 14 тамыз 2016 жыл.
Ольга Рыпакованың секірген сәті. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 14 тамыз 2016 жыл.

- Олар (Колумбия мен Венесуэла спортшыларын айтады – ред) финалда менен мықты болды және өте жоғары нәтиже көрсетті. Екеуі дәл қазір өте жақсы формада, бұдан да ұзаққа секіруге мүмкіндіктері бар, - деді жарыстан кейін Рыпакова Азаттық тілшісіне.

Ибаргуэн 15.17 метрге секіргенде Рыпакованың алтынға мүмкіндігі азайған еді. Себебі, оны басып озу үшін қазақстандық атлет кем дегенде 15.18 метрге секіру керек болатын. Ал ол соңғы рет 2008 жылы Пекиндегі олимпиадада 15,11 метрге қарғыған. Бұл - оның жеке рекорды.

Дегенмен Рыпакова 2016 жылы қатысқан жарыстарында 14,74 метрге секіріп көрген емес. Демек, бұл - оның биылғы маусымда көрсеткен ең үздік нәтижесі.

- Мен соңғы сегіз жылда 15 метр нәтиже көрсетпедім. Жаттығуда 14.50 метрден аспадым. Жаттығу залында стадиондағыдай атмосфера жоқ. Екіұдай күйде тұрмын. Бір жағы - ұзаққа секіре алмадым, екінші жағынан - Қазақстанға медаль алып бердім, - дейді спортшы.

“ЕКІ ҰЛДЫҢ АНАСЫ РЕТІНДЕ ТҰҒЫРДА ТҰРАМЫН”

2012 жылы өткен Лондон олимпиадасында Ольга Рыпакова - алтын, Ибаргуэн - күміс, украиналық Ольга Саладуха қола алған еді. Бірақ Саладуха Рио ойындарының финалына шыға алмады.

Ольга Рыпакованың секірген сәті.
Ольга Рыпакованың секірген сәті.

Лондон олимпиадасынан кейін Ольга Рыпакова екінші баласын (бірінші ұлы 12 жаста) дүниеге әкеліп, спорттық карьерасына үзіліс жасаған еді. Ол жаттығу залына 2014 жылдың басында ғана оралды.

- Көп жылғы жаттығуым босқа кетпей екінші медальды алғаныма қуаныштымын. Риода марапат тұғырының төменгі сатысына шығамын. Бірақ онда екі ұлдың анасы ретінде тұрамын. (марапаттау рәсімінің алдында сөйлеген – ред.) Сондықтан, бұл медаль мен үшін алтынмен тең, - деп жымиды атлет.

Ольга Рыпакова жарыстан кейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында «спорттық карьерасын жалғастыра беретінін» айтты. Ол 2017 жылы Лондонда өтетін әлем чемпионатына дайындалмақ.

- Олимпиададан кейін сәл демаламын және бапкеріммен Риода жіберген қателіктерімді анықтап, оларды түзетуге кірісемін. Лондон - менің сүйікті қалам. Сондықтан келер жылы әлем чемпионатына қатысамын. Токио олимпиадасына қатысу мәселесін кейін ойластырармын, - деді Рио ойындарының қола жүлдегері.

Рио олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Рыпакова Қазақстан туын көтеріп тұр. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 14 тамыз 2016 жыл.
Рио олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Рыпакова Қазақстан туын көтеріп тұр. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 14 тамыз 2016 жыл.

Ал Рио олимпиадасында күміс алған Венесуэла спортшысы Рохас «үш жүлдегер арасындағы бәсеке келер жылы Лондонда өтетін әлем чемпионатында да жалғасатынын» айтты.

Ольга Рыпакова осымен қатарынан үшінші олимпиадаға қатысты. Ол - екі олимпиададан қатарынан медаль алған алғашқы қазақстандық жеңіл атлет.

Қазірге дейін Қазақстан құрамасы қоржынында Рио олимпиадасында екі алтын, екі күміс, төрт қола медаль бар. Бұған дейін ауыр атлетикадан Нижат Рахимов пен жүзуден Дмитрий Баландин алтын алған. Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика) мен Елдос Сметов (дзюдо) күміс медаль еншілеген. Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Карина Горичева мен Фархад Харки (екеуі де - ауыр атлетика) қола медаль иеленді. Қазақстан тамыздың 14-і күнгі жалпыкомандалық есеп бойынша 16-орында тұр.

XS
SM
MD
LG