Accessibility links

Риоға «күміс үшін барған» Горичева қола алды


Қазақстандық ауыр атлет Карина Горичева. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 9 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық ауыр атлет Карина Горичева. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 9 тамыз 2016 жыл.

23 жастағы қазақстандық ауыр атлет Карина Горичева әйелдер арасындағы 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекеде қола медаль иеленді. Ол «Риоға қола емес, күміс үшін келгенін» айтты.

Горичева жұлқа көтеруде 107 килограм салмақтан бастамақ болған. Алайда штанганы жерден көтерген ол орнынан тұра алмады. Дереу шетте тұрған бапкерлерінен мүсәтір спиртін сұрады. Екі минут демалып алған соң ол бұл салмақты қайта көтеруге беттеді.

Карина Горичева қола медаль алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00
Жүктеп алу

Карина Горичева штанганы көтермес бұрын, ұзақ ойланып тұрды. Кейін дереу штанганы бар күшімен жұлқыды да дереу орнынан тік тұрды. Осылайша, 107 килограмм салмақты ол екінші мүмкіндігінде ғана көтерді. Атлет өте көңілсіз күйде спортшылар жүрген аймаққа беттеді. Бас бапкер Алексей Нидің «бәрі жақсы ма?» деген сұрағына тек басын изеді. Үшінші рет ол 111 килограмм салмақты көтермек болды. Ол штангаға жақындамас бұрын қобалжуын басқандай болып, терең тыныстап алды. Кейін штанганың қасына келіп, ойланып тұрды да оны орнынан жұлып алды. Бұл салмақты ол өте жеңіл көтеріп кетті. Горичева штанганы көтеріп тұрып, жымиды да жерге тастай салды.

Карина Горичеваның штанганы көтергеніне қуанған сәті. Рио-де-Жанейро, 9 тамыз 2016 жыл.
Карина Горичеваның штанганы көтергеніне қуанған сәті. Рио-де-Жанейро, 9 тамыз 2016 жыл.

Шетте тұрған Алексей Ни қолын жоғары көтеріп, балаша қуанып, секіре жөнелді. Спортшы залдағы Қазақстан туын ұстаған жанкүйерлеріне қолын бұлғап алғыс айтты да бапкерін құшақтап, жаттығу залына кіріп кетті.

Жұлқа көтеруде қытайлық Дэн Вей 115 килограмм көтеріп, бірінші орынға шықса, Горичева - екінші, ал солтүстіккореялық атлет Хью Сим Чой 105 килограммен үшінші болды.

СЕРПЕ КӨТЕРУ

Қазақстандық атлет серпе көтеруді 132 килограмнан бастады. Ол штанганы жылдам кеудесіне алып, басынан асыра жоғары көтерген сәтте теңселіп кетті.

Атлет 132 килограмды көтерген сәтте Riocentrio кешеніндегі қазақстандық жанкүйерлер айғайлап-шулап кетті.

Екінші шыққанында Карина 137 килограмдық штангаға беттеді. Ол бұл салмақты басынан асырып көтере бергенде оң аяғы майысып кетіп, штанганы жерге тастап жіберді. Үшінші рет шығарда бапкерлер спортшының арқасын уқалап жатты. Горичева штанганы төсіне көтере беріп, тізесімен отырып қалды. 137 килограмды екі рет көтере алмаған спортшы көңілсіз қабағын түйген күйі залдан шығып кетті. Бапкерлер оның арқасынан қағып жұбатып жатты.

Карина Горичеваның қоссайыс қорытындысы бойынша көтерген салмағы 243 килограмм болды. 248 килограмм көтерген Хью Сим Чой (серпе көтеруде - 143 килограмм) күміс жүлдегер атанды.

ВИДЕО: Карина Горичеваның сұхбаты (орыс тілінде)

Ал қытайлық Дэн Вей серпе көтеруде 147 килограмм нәтиже көрсетіп, әлем рекордын жаңартты. Оның қоссайыстағы нәтижесі де әлем рекорды – 262 килограмм. 63 килограмм салмақ дәрежесінде бұған дейінгі 261 килограмдық рекорд тайпейлік Лин Цу Шиге тиесілі болған. Ол бұл рекордты Инчхондағы (Оңтүстік Корея) Азия ойындарында орнатқан еді.

«​АУЫР ЖАТТЫҒУЛАР МЕН ЖАРАҚАТТАР АРТТА ҚАЛДЫ»​

Медаль алған сәтте Карина Горичеваның көңілі босады.

- Қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Барлық ауыр жаттығулар мен жарақаттар артта қалды. Жеңілденіп қалдым. Физикалық күш жағынан айтқанда, күміс алуға болар еді. Бірақ психологиялық тұрғыдан біраз дайындалу керек екен. Қатты толқыдым. Біздің (Қазақстанның - ред) бұл олимпиадаға қатысу-қатыспауымыз соңғы сәтке дейін белгісіз болды. Бұл біз үшін ең ауыр уақыт болды. Олимпиадада қола болса да медаль алдым. Өте қуаныштымын, - деді ол жарыстан кейін.

Ауыр атлетикадан 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әйелдер арасындағы жүлдегерлерді марапаттау сәті. Солдан оңға қарай: солтүстіккореялық атлет Хью Сим Чой (күміс), Қытай спортшысы Дэн Вэй (алтын), қазақстандық атлет Карина Горичева (қола). Рио олимпиадасы, 9 тамыз 2016 жыл.
Ауыр атлетикадан 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әйелдер арасындағы жүлдегерлерді марапаттау сәті. Солдан оңға қарай: солтүстіккореялық атлет Хью Сим Чой (күміс), Қытай спортшысы Дэн Вэй (алтын), қазақстандық атлет Карина Горичева (қола). Рио олимпиадасы, 9 тамыз 2016 жыл.

Ал ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Нидің айтуынша, 23 жастағы Горичева құрамада Майя Манезадан кейінгі «қосалқы атлет» болған.

- Горичева әлем чемпионатын да, Азия чемпионатында да медаль алмаған, Мая Манезадан кейінгі қосалқы атлет болған еді. Қатты қобалжып, бірінші мүмкіндігін көтере алмады. Серпе көтеруде 137 килограмм салмақты да асығыс қимылдап, көтере алмай қалды. Қытай атлетімен бәсекелесу өте қиын. Солтүстік Корея атлетімен күміске таласуға болар еді. Ол үшін Горичева 137 килограмды көтеруі керек еді. Маргарита Елисеева (Риода 5-орын алған) мен Горичева - әлі жас, қосалқы құрамдағы атлеттер. Олар төрт жылдан кейін Токио олимпиадасына баруы тиіс болатын. Рио ойындарына қатысуы үлкен тәжірибе болды. Токиода біз басқа Елисеева мен Горичеваны көреміз, - деді.

Лондонда 63 килограмм салмақ дәрежесінде әйелде арасындағы алтын медальды Қазақстан атлеті Майя Манеза алған болатын. Бірақ оның допинг сынамасынан препараттар табылып, Риоға бара алмады.

Қазір Қазақстан бір күміс, үш қоламен жалпы есепте 30-орында келеді. Бұған дейін ауыр атлет Фархад Харки - қола, дзюдошылар Елдос Сметов - күміс, Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль алған.

XS
SM
MD
LG