Accessibility links

Ресей атқан зымыран жарығы ел назарын аударды


26 қыркүйек күні кешке Атырау, Қостанай қалаларының тұрғындары аспаннан көрген "ұшатын объекті". Ресей қорғаныс министрі оның "Тополь" зымыраны екенін хабарлады. Youtube желісінің видеосынан алынған скриншот.
26 қыркүйек күні кешке Атырау, Қостанай қалаларының тұрғындары аспаннан көрген "ұшатын объекті". Ресей қорғаныс министрі оның "Тополь" зымыраны екенін хабарлады. Youtube желісінің видеосынан алынған скриншот.

2017 жылы қыркүйектің 27-сі күні таңертең интернетте Қазақстанның бірнеше қалаларының тұрғындары түнде аспанда көрінген беймәлім жарықты видеоға түсіріп жариялағанын хабарлап жатты. Ал Ресей қорғаныс министрлігі "Тополь" зымыранының Қазақстандағы Сарышаған полигонындағы шартты нысанаға "дәл тигенін" мәлімдеді.

Қазақстандағы Tengrinews ақпараттық сайтының хабарлауынша, қыркүйектің 26-сы күні кешкі сағат сегіз жарымдарда Атырау, Қостанай, т.б. қалалардың тұрғындары аспаннан "ұшатын объекті" көрген.

Аталған сайтқа сұхбат берген атыраулық тұрғын "Ол ұшаққа да, зымыранға да ұқсамады. Біреу аспанда шам ұстап кетіп бара жатқандай көрінді. Оған қараған адамның бойын тіпті қорқыныш билейді екен. Аяқ астынан ол тоқтап, шеңбер жасаса қайтем деп ойлайды екенсің" деген.

Әлеуметтік желілерден аспандағы "түсініксіз жарықты" Ресейдің Волга өзені бойындағы елді мекендерінің де тұрғындары байқағанын аңғаруға болады. Кейбірі мұны "беймәлім ұшатын нысан" (НЛО) деп болжаса, енді бірі "метеорит" деп жатты.

Ал YouTube желісінің "Газета Ак Жайык" атты қолданушысы Атыраудың үстінен ұшты деген нысанның мынадай видеосын жариялады:

Интернеттен мұндай видеолардың бірнешеуін табуға болады.

САРЫШАҒАНҒА ТҮСКЕН "ТОПОЛЬ"

Қазақстан ақпарат құралдарында жарияланған "ұшатын беймәлім объектінің" ізі Ресей қорғаныс министрлігінің сайтынан табылды. Онда "Астрахань облысында «Тополь» құрлықаралық баллистикалық зымыраны сынағы жасалғаны" хабарланған.

Ресей министрлігінің жазуынша, зымыран атудың мақсаты "құрлықаралық баллистикалық зымырандардың келешектегі әскери жабдығын сынау" болған. Ресми мәлімдемеде "Зымыранның оқу-жаттығуға арналған бөлігі Сарышаған полигонындағы (Қазақстан республикасы) белгіленген шартты нысанаға дәл тиді" деп жазылған.

Ресей қорғаныс министрлігі бұл сынақтан алынған мағлұматтардың болашақта зымырандарды дамытуға пайдаланылатынын хабарлайды. Жазбаның төменгі жағында Қазақстанмен шекаралас орналасқан Астрахань облысындағы "Капсутин Яр" полигонының ерекше екені, табылмайтын артықшылықтары бар екені ескертілген.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ "БӘЙМӘЛІМ ОБЪЕКТІІЛЕР"

Ресей бұған дейін бірнеше мәрте "Капустин Яр" полигонынан "Тополь" құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынақтан өткізген. Ол зымырандардың барлығы Сарышаған полигонындағы шартты нысанаға бағытталып, дәл тиген. Соңғы сынақ биыл қаңтар айында жасалған. Ол кезде Плесецк космодромынан ұшырылған "Тополь" Камчатка түбегіндегі полигонда орналасқан шартты нысананы атып түсірген.

Зымырандар атылған сайын интернетке "беймәлім ұшатын объекті" туралы видеолар "НЛО в Атырау" сияқты тақырыптармен шығып тұрады:

Ресей Қарағанды облысындағы Сарышаған полигонының бір бөлігін 1996 жылы Қазақстанмен жасалған келісім бойынша жалға алған. Полигонның қалған бөлігін Қазақстан пайдаланады.

XS
SM
MD
LG