Accessibility links

Сотталған белсенді рақымшылықпен қайта босады


Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.

ОҚО Сарыағаш ауданында бұған дейін бір рет сотталған Амангелді Батырбековтің үстінен сол іспен тағы үкім шықты. Қайыра арыз түсірген - Сайрам ауданы прокуроры орынбасары Нұрлан Сапаров. Бір іспен екі рет сотталған белсенді рақымшылыққа разы емес, «толық ақталуым керек» дейді.

Іс 2015 жылы күзде басталған. Ол кезде Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары болып тұрған Нұрлан Сапаров «жала жапты» деп айыптап, белсенді Амангелді Батырбеков бір жарым жылға сотталды. Белсенді түрмеден ел президентіне хат жазып, іс қайта қаралды да, 2016 жылы қаңтарда босап шықты. Мұнан соң Сапаров жеке адам емес, лауазымды тұлға ретінде сотқа қайта шағымданып, белсенді маусымнан қарашаға дейін үйқамақта болды. Бүгін сол екінші шағымның үкімі шықты.

Ол бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) Сарыағаш қаласында журналист болып еңбек ететін әрі «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековке қылмыстық кодекстің 411 («Судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу») және 419-баптары («Көрiнеу жалған сөз жеткiзу») бойынша айып тағылған еді.

ҮКІМ

Сарыағаш ауданының №2 сотының төрағасы Нұрбол Ешпанов Амангелді Батырбековты 411-бап бойынша айыпты деп таныды, 419-бап бойынша ақтады.

Сот Нұрбол Ешпанов Азаттыққа «Қылмыстық кодекстің 411-бабының 3-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұған дейін қамалғаны ескеріліп, түпкілікті 1 жыл 6 ай 19 күнге бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Бірақ рақымшылық туралы заң бойынша сот залынан толығымен босатылды. Ал 419-баптың 3-бөлігі бойынша ақталды» деді.

Ал Амангелді Батырбековтің үстінен «Әділет» газетінде жарияланған «Заңнан да, құдайдан да... немесе жазықсыздардың жанайқайы бас прокуратураға жете ме?» деген мақалада өзін «қылмысты жасырған прокурор» деп сипаттағаны үшін екі қайтара арыз түсірген Нұрлан Сапаров «коментарий бергісі келмейтінін» айтты. Ол бұдан бұрын Азаттыққа «сот әділ шешім шығарады деп үміттенетінін» ғана мәлімдеген еді. Нұрлан Сапаров - қазір Сайрам ауданы прокуроры орынбасары.

Амангелді Батырбековтің "Әділет" газетінде жарияланған мақаласының скриншоты. 10 сәуір 2015 жыл.
Амангелді Батырбековтің "Әділет" газетінде жарияланған мақаласының скриншоты. 10 сәуір 2015 жыл.

СОТТАЛУШЫНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Ал сотталып, рақымшылық заңымен сот залынан қайта босаған Амангелді Батырбеков үкіммен келіспейтінін, «жазықсыз жазаланып отырғанын» айтты.

- Егер қарақан басымның мәселесі болса мені соттамайтын еді. Прокурор Нұрлан Сапаров қылмысты жасырды деген сөзден қайтқан жоқпын. Тілімді кесіп алса да айтамын. Толық ақталуым керек еді. Міндетті түрде ары қарай күресемін. Апелляциялық шағым түсіремін, - деді белсенді.

2015 жылы қазанның 14-і күні Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековті қылмыстық кодекстің 130-бабының («Жала жабу») 3-бөлігі бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге бұйырған үкім шығарған, Нұрлан Сапаровтың пайдасына 50 мың теңге өндіру туралы шешім қабылданған. Амангелді Батырбеков мақаласындағы мәліметтердің теріске шығаратын мақала жариялауға міндетті болған.

Амангелді Батырбеков 2015 жылы қарашаның 3-і күні Шымкентте түрмеде отырған жерінен БАҚ-қа хат жолдап, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жазықсыз сотталғанын жеткізуді өтінген. Ол ашық хатында өзін «құқықтық тақырыпта 70-тен аса мақала жариялаған адаммын» деп таныстырған. «Әділ сөз» ұйымы сол кезде Амангелді Батырбековты «Қазақстандағы сөз еркіндігінің тұтқыны» деп атаған.

Ал 2016 жылы қаңтардың 29-ы күні Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Сарыағаш аудандық сотының Батырбековке байланысты үкімін бұзған. Облыстық сот Сарыағаш ауданы прокуроры орынбасары Нұрлан Сапаровтың бұл іс бойынша жеке тұлға ретінде шағым түсіре алмайтынын айтып, істі ішкі істер департаментіне жолдаған. Нұрлан Сапаров содан кейін лауазымды тұлға ретінде Сарыағаш аудандық сотына қайта шағым берген. Сот маусымның 8-інде Амангелді Батырбековті қамауға алуға санкция беріп, белсенді маусымның 11-інде үйқамаққа алынған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG