Accessibility links

Сарапшылар қауіпсіздік стратегиясын аймақтандыруға шақырды


Алматы облысындағы Мәтібұлақ әскери полигонында жаттығу өткізіп жатқан Қазақстан және Қытай сарбаздары. 13 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы облысындағы Мәтібұлақ әскери полигонында жаттығу өткізіп жатқан Қазақстан және Қытай сарбаздары. 13 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинадағы дағдарыс кезінде қазақстандық сарапшылар “қауіпсіздік бойынша стратегиялық тұрлаусыздық” бар екенін ескертіп, ЕО және Қытаймен ынтымақтастықтың маңызына нұсқады.

Шығыс Украинадағы қақтығыстан кейін Қазақстанда “Азия елдері өз қауіпсіздігін өздері қамтамасыз ету керек” деген тұжырым талқылана бастады. ЕҚЫҰ-ға бәсекелес бола алатын мұндай ұйымның қажеттілігі туралы сөз былтыр Шанхайда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) төртінші саммитінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аузынан шыққан. Енді бұл мәселені талқылауды жергілікті бірқатар сарапшылар қайта қозғады.

«Ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың бірден-бір жолы - ынтымақтастық, Азия елдері аймақтағы өз қауіпсіздігін өздері қамтамасыз ету керек» деген көзқарастағы сарапшылардың бірі - тарих ғылымдарының докторы Болат Сұлтанов. Ол еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ЕҚЫҰ-ның 2010 жылы Астанада қабылдаған декларациясына сүйенуге шақырады.

- Біз еуразиялық қауіпсіздік жүйесі туралы сөз қозғағанда, бірполярлық жүйеден көпполярлық жүйеге көшу - күтпеген тосын жайттарға соқтыратынын ұмытпағанымыз жөн, бұл тұста 2015 жыл да солай болуы ықтимал. Егер бір жыл бұрын, әлдекім Таяу Шығыстағы хаос постосветтік елдерге, оның ішінде Украинаға жетеді десе, оған ешкім сенбес еді. Дегенмен өткен жылы осындай жағдай туды. Енді біз бұл жағдайдан шығудың амалын ойластырып жатырмыз. Меніңше, оның бірден-бір жолы – Еуропа Одағымен (ЕО) байланысты күшейту, - дейді Болат Сұлтанов.

Еуропа комиссиясының басшысы Жозе Мануэль Баррозу (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 3 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Еуропа комиссиясының басшысы Жозе Мануэль Баррозу (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 3 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыда өткен аптада ұйымдастырылған арнайы баспасөз жиынында сөйлеген Болат Сұлтанов Қазақстан үшін ЕО-ның тек қауіпсіздік емес, экономикалық тұрғыда да маңызы зор екенін фактілермен әйгілей сипаттады.

- ЕО-ға мүше елдермен арадағы Қазақстанның тауар айналымы 53 миллиард долларды құрайды. Ал Ресеймен – 28 миллиард, Қытаймен – 25 миллиард доллар, - деді ол.

Қазақстан-Герман университетінің профессоры Рустам Бурнашев Украинадағы дағдарыстан кейін Орталық Азия елдеріндегі құқықтық база олардың қауіпсіздігіне кепіл бола алмайтынына назар аудартты. Бірақ ол қауіпсіздік мәселесіне қатысты Орталық Азия елдері тек ЕО векторын емес, “еуразиялық векторды” ұстану қажеттігін айтады.

- 2014 жылы сөз болды. 2010-2014 жылдары біз стратегиялық тұрлаусыздықты бастан кештік. Сондықтан қазір біздің алдымызда аймақтандыру мен Қазақстан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын қандай жүйе қажет екендігі туралы мәселе тұр. Біз қазір Орталық Азия деген тар түсініктен еуразиялық концепцияға көшетін кеңейтілген форматқа бет алдық, - дейді Алматыдағы жиынға қатысқан Бурнашев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа Қазақстан билігі 2000 жылдардың басынан бері қауіпсіздік пен экономика салаларында бағытын Азияға бұрғанын, оның ішінде Қытайдың потенциалын бағалай бастағанын айтады.

- Қауіпсіздік мәселесіне келсек, қазір постсоветтік елдер өз ішінде жікке бөлініп, кішігірім қауіпті аймақтарға айналып отыр. Бұдан бөлек, Қазақстанның жанында - Орталық Азия деген тағы бір қауіпті аймақ бар. Шекара мен суға қатысты даулар, экстремистик ұйымдардың белсенділігі, Ауғанстандағы тұрақсыздық, ішкі миграция секілді мәселелер Орталық Азияда көп. Қазақстанның батыс жағында орналасқан, Ресейдің геосаясатына кіретін постсоветтік елдерді алсақ, онда қарулы қақтығыс болып жатыр. Өзбекстандағы саяси тұрақсыз жағдайды ескерген жөн. Осы тұста Қазақстан өз қауіпсіздігін ойлағаны дұрыс әрине, - дейді саясаттанушы.

АӨСШК төртінші саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинге қалжыңдап тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
АӨСШК төртінші саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинге қалжыңдап тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан аймақтық қауіпсіздікке қатысты Қытайдың бастамасымен құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ресейдің ықпалы басым Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) және өзі мұрындық болған АӨСШК ұйымдары аясында территориялық тұтастығы мен сырттан төнетін қауіп-қатерге қарсы кепілдік иеленуге тырысып келеді.

Досым Сәтпаев бұл ұйымдардың әзірше мәлімдеме жасаудан әрі аспағанын, ал Қазақстанның экономикалық, саяси және әскери жағынан алғанда геосаясаттағы салмағы ауырлай қоймағанын ескертеді.

АӨСШК-тің 2014 жылғы мамырда Шанхайда өткен төртінші саммитінде президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің негізінде тиімді жұмыс жүргізе білетін Азияның қауіпсіздігі мен дамуы ұйымын құратын кез жетті деп санаймын. Ол Киевтегі қантөгіске қауқары жетпеген ЕҚЫҰ-ға бәсеке таныта білуі қажет» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG