Accessibility links

Серік Ахметовтің түрмеден ерте босауын түрліше болжайды


Серік Ахметовтің премьер-министр кезінде түскен суреті. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Серік Ахметовтің премьер-министр кезінде түскен суреті. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, коррупциялық айыппен сотталған Серік Ахметов қыркүйектің 21-інде бостандыққа шықты. Азаттық сөйлескен сарапшылар "Қазақстанда заң әркімге әрқалай қолданылатынын, саяси тұтқындарға Ахметовке жасалғандай рақымшылық болмайтынын" айтады.

Серік Ахметов Қарағанды облысындағы Қарабас кентіндегі түрмеден қыркүйектің 21-і күні таңертең шықты. Жеңіл күртеше мен қаракөк джинс шалбар киген бұрынғы премьерді ондаған журналист пен видеооператор күтіп алды. Журналистерге Ахметовтен сұхбат алудың сәті түспеді, ол колониядан шыққан бетте қасындағы қарауыл жігіттің көмегімен жол талғамайтын Toyota көлігіне мініп кетіп қалды. Көлікке қарай жүріп бара жатып ол журналистерге болашақта не істейтінін «әлі жоспарламағанын», денсаулығының жақсы екенін айтып, «Рахмет сіздерге!» деп қана тіл қатты.

ЕКІ ЖЫЛҒА ЖЕТЕР-ЖЕТПЕС МЕРЗІМ

Қазақстанның премьер-министрі қызметіне дейін өскен Серік Ахметовтің 2015 жылы ұсталуы да, сотталуы да қоғам назарын айрықша аударған. Ресми түрде «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «өкілетін асыра қолданды» деп айыпталған бұрынғы премьерді «кінәсіз» санаушылар әлеуметтік желіде Ахметовті қолдайтындарын жиі білдірген еді.

Таяуда «Ахметовтің бас бостандығынан айыру жазасының қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріне өзгерту туралы» сот шешімі шықты деген алғашқы ақпарат та әлеуметтік желі қолданушылар арасында жылдам тарады.

Сот залынан шығып бара жатқан Серік Ахметов. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл.
Сот залынан шығып бара жатқан Серік Ахметов. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл.

2015 жылы желтоқсанда 10 жылға сотталған Серік Ахметов жаза мерзімін біртіндеп азайтуға ұдайы тырысқанын ақпарат құралдарындағы хабарлардан аңғаруға болады. Соттағы соңғы сөзінде Серік Ахметов президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраған. Кейін 2016 жылы наурыздағы апелляциялық сотта ол «тағылған айыпты мойындайтынын, адал ниетімен өкінетінін айтып, жалпы сомасы 2 миллиард 255 миллион теңге материалдық залалды толық өтегенін ескеруді» өтінген. Мұнан соң апелляциялық сот оның жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан еді.

Ахметовке тағайындалған жаза мерзімін тағы бір кемітуге «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негіз болған. Ахметов қамауда отырған колония басшылығы «жазаның өтелмеген мерзімінің төрттен бір бөлігін рақымшылықпен азайту туралы ұсыныс» жасап, Ахметовке кесілген жаза тағы да бір жыл жеті ай 11 күнге қысқарған болатын.

Ал кейінгі сот шешімінде «Серік Ахметов жазасының бас бостандығынан айырудан оны шектеуге ауыстыруға қажетті мерзімін және келтірген шығынын толық өтегені, түрмеде «тәртібі жақсы болғаны», колонияның қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны» ескерілген.

Серік Ахметовтің жазасының біртіндеп азайтылып, 10 жылға сотталса да екі жылға жетер-жетпес уақытта жаза түрінің бас бостандығын шектеуге ауысып, оның колониядан шығуы сарапшылардың түрлі болжамына себеп болды.

«​ЗАҢСЫЗ БОСАТА АЛМАЙДЫ, БІРАҚ...»​

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоғары лауазымды қызметкерлер арасында ұзақ жылға сотталғанымен, көп ұзамай-ақ бостандыққа шығатындар жиі кездеседі. Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың көбі Серік Ахметовтің колониядан босап шығуын заңсыз деп санамайды, заң мүмкіндіктерінің жұрттың бәріне бірдей қолданылмайтынын ғана айтады.

Адвокат Айман Омарованың сөзінше, «сотталушыларды түрмеден шартты жазамен босатуға заңды мүмкіндіктер бар, Серік Ахметов сол мүмкіндікті пайдаланған».

- Оның барлық құжаттары бостандыққа шығуына мүмкіндік беретін заң нормаларына сәйкес реттелген болар. Онсыз бостандыққа шығара алмайды. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе, сондай мүмкіндік сотталғандардың бәріне бірдей беріле бермейді. Интернеттегі ақпаратты көшіріп жариялағаны үшін «діни экстремистік ақпарат таратты» деп бес жылға сотталған балалы әйелдерді, «40 мың теңге пара алды» деген толық дәлелденбеген айыппен төрт жылға сотталған, бірақ әлі күнге шартты жазамен бостандыққа шыға алмай отырған адамдарды білемін, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Серік Ахметовтің бостандыққа шығуын заңға қайшы деп санамайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Бірақ ол «қылмыскер деп саналса да биліктің өз адамдары бар» екенін айтады. Серік Ахметов билікте жүрген кезінде де, сотталған шағында да елде қалыптасқан саяси жүйеге қатысты сын-ескертпеге ұқсайтын пікірлер де айтпаған. Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, кейінгі жылдары «қылмыстық жазаға тартуда тырнақша ішіндегі гуманизация» тенденциясы пайда болған. Оны кейде билік кейбір әріптестерін жуасыту үшін де пайдаланады.

- Біз оның мысалын соңғы кездері жиі байқадық. Ауыр айып таға тұра заңның түрлі баптарына сәйкестендіріп, жазасын жеңілдете салудағы мақсат – ең бірінші «сотталған» деген статус бергісі келетіндіктерін көрсетеді. Яғни оның түрмеде отырған-отырмағаны маңызды емес. «Сотталған» деген таңба қою арқылы олар қарсыластарын, бәсекелестерін жолдан алып тастағысы келеді, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Ахметовтің дүние-мүлкі тәркіленіп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынған. Соттылығы бар азамат ретінде ол әзірге мемлекеттік қызметке бара алмайды.

Құқық қорғаушылардың көбі Серік Ахметовтің босауы мен «Қазақ атом өнеркәсібі» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің (14 жылға сотталған) әлі түрмеде отыруын салыстыруға бейім екені байқалды. Жәкішев ісі қозғалғанда «қуғында жүрген оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовке қатысы болды» деген болжам айтылған. Құқық қорғаушылар «жаза мерзімінің жартысынан астамын өтеген Жәкішевті босату жайлы билікке бірнеше хат жолдағандарын, ондай ұсыныстар халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан да түскенін» айтады.

Ал саясаткер Әміржан Қосановтың сөзінше, биліктің Серік Ахметовке «жұмсақ қарауына» бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Соның ішінде Қосанов сот кезіндегі қоғамдық реакцияны атайды.

- Ахметовтің басына іс түскенде көптеген қазақстандықтар оған тағылған айыптарға сене қоймады. Оның білімі, іскерлігі мен елбасына адалдығына қоса басқалар секілді жемқорлыққа батпағаны да айтылып жатты, - дейді саясаткер.

Саясаткер Әміржан Қосанов.
Саясаткер Әміржан Қосанов.

Әміржан Қосанов «Ахметовке қатысты жағдайдың өзгеріп, жұмсартылуын кланаралық тепе-теңдіктегі таразы басының өзгеруінен» деп те біледі.

Азаттық тілшісімен сөйлескен құқық қорғаушылар жоғары лауазымды қызметкерлер сотталғанда «президенттен кешірім сұрауы немесе өкіну мәселесі» де айтарлықтай рөл атқаратынын айтты.

Қазақстан жоғары лауазымды қызметкерлердің қылмыстық жауапқа тартылуы жиі кездеседі. Кейбір бейресми пікірлерге қарағанда «сотталған бұрынғы үкімет мүшелерінің өзінен «абақтыдағы үкімет» құрауға болады». Олардың арасында жауапқа тартылғанымен, «президенттен кешірім сұрап» сот залынан босатылғандары да, «қылмыстық істің ашылуына көмектескені үшін» немесе рақымшылық туралы заң бабына сәйкес мерзімінен ерте босатылғандары да бар.

XS
SM
MD
LG