Accessibility links

Абақтыдағы Арон Атабектің кітабына кейбір өлеңі енбей қалған


Арон Атабектің "Сердце водолея" кітабының алғашқы беті.
Арон Атабектің "Сердце водолея" кітабының алғашқы беті.

Шаңырақ оқиғасына байланысты сотталған Арон Атабектің «Сердце водолея» өлеңдер жинағын шығарған баспа «оның кей өлеңдерін кітапқа енгізе алмағандарын» айтады.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасына қатысты айыппен 2007 жылы 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент Арон Атабектің (ресми аты жөні – Арон Едігеев) шығармалары Атыраудағы «Ақ Жайық» баспасынан жарық көрген.

Кітапты шығарған компанияның құрылтайшысы Әбділда Мұқашев «басты мақсат он жыл бойы түрмеде отырған 63 жастағы күрескерге моральдық қолдау көрсету» екенін айтады. Оның сөзінше, «кітапты шығару барысында ақынның өлеңдерінің кейбір өткір тұстарын мүлде алу тастауға мәжбүр болған».

– Өте батыл, рухты азаматтық лирикаға толы шығармалар қолымызға тиді. Өкінішке орай, кей өлеңдері жинаққа енбеді. Бірақ жарық көрген шығармалардың бір әрпі де өзгертілген жоқ. Себебі ол – аты үлкен әріппен жазылатын ақын, оны өңдеуге болмайды, – дейді елдегі Арон Атабектің шығармасын жарыққа шығарып отырған жалғыз баспаның өкілі.

Арон Атабектің "Сердце водолея" кітабының мұқабасы.
Арон Атабектің "Сердце водолея" кітабының мұқабасы.

«ӘР МӘСЕЛЕНІ, ӘР КЕЙІПКЕРДІ АТЫМЕН АТАЙДЫ»

Арон Атабектің шығармаларын жинақтап, жарықа шығарып жүрген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина оның өлеңдерінің әу баста «Отпустите стихи» деген атпен топталғанын айтады.

– Аронның лирикасы – өте ықпалды, терең азаматтық лирика. Ол өлеңдерінде әр мәселені, әр кейіпкерді атымен атап, диктаторлық режимнің көрінісін тікелей атап отырған соң оны жариялауға ешкімнің тырыспайтыны белгілі, – дейді ол.

Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, Атабектің шығармаларын Қазақстанда ешкім басып шығармаған соң Ұлыбританияда тұратын тегі қазақстандық музыкант Әлфия Нақыпбекова оның15-20 өлеңін ағылшын тіліне аударған. Ол шағын жинақ «Re-zona-nce» деген атаумен, Campaign Kazakhstan ұйымы қолдауымен биыл Лондонда жарық көрген.

Арон Атабектің Лондонда жарық көрген "Re-zona-nce" жинағы мұқабасы.
Арон Атабектің Лондонда жарық көрген "Re-zona-nce" жинағы мұқабасы.

Бақытжан Төреғожина түрмеде өткізген он жыл Арон Атабектің денсаулығын нашарлатқанын айтады.

– Арон Атабектің бұрын сынған аяғы ауырып маза бермей жүр. Оның санитарлық бөлімге жатқызу туралы өтініші қанағаттандырылмады. Себебі түрмедегілер оның жазасын өтеушілер арасындағы айырықша беделі мен ықпалынан қорқады. БҰҰ халықаралық бақылаушыларын да түрмеге кіруге рұқсат берген жоқ. Ол ұзақ уақыт бойы жер астында өмір сүріп келеді. Оның камерасы түрменің подвалында орналасқан, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушының сөзінше, өзін «Назарбаев жүйесінің оппонентімін» деп санайтын Арон Атабек «түрмедегі қысымға қарамастан көзқарасын өзгертпеген, рухы да түспеген».

Арон Атабек тергеу изоляторында. Алматы, 2007 жылдың ақпаны.
Арон Атабек тергеу изоляторында. Алматы, 2007 жылдың ақпаны.

Арон Атабек – 2006 жылы шілдеде билік Алматы маңындағы Шаңырақ ауылында заңсыз салынды деп тапқан үйлерді қиратпақ болған кезде шыққан тәртіпсіздікке байланысты сотталған төрт адамның бірі. Шаңырақ оқиғасы бойынша 2007 жылдың күзінде Арон Атабек – 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов – 16 жылға, Ерғанат Тараншиев – 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталған.

Бұл төрт азаматтың арасында Арон Атабектің жайы қазақстандық және халықаралық деңгейде жиі айтылады. Ол 2007 жылы жергілікті «Азаттық» сыйлығын, 2010 жылы халықаралық «Шығармашылық еркіндігі» сыйлығын алған. Халықаралық ПЕН-клуб биыл 21 наурызда – дүниежүзілік поэзия күні қарсаңында Павлодар түрмесінде отырған Атабекті де шығармаларына бола жапа шеккен төрт ақынның қатарында атап, оның ахуалына назар аударуға шақырған. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған Арон Атабектің жайы халықаралық ұйымдарды да алаңдатады.

XS
SM
MD
LG