Accessibility links

«Полиция сабаған» шымкенттік тілге келді


Мурод Касымов. Шымкент, 13 сәуір, 2014 жыл.
Мурод Касымов. Шымкент, 13 сәуір, 2014 жыл.

«Полицейлерден зәбір көрдім» деп мәлімдеген Шымкент тұрғыны Азаттық тілшісімен сөйлесті. Ал полиция арызданушының айтқанын жоққа шығарып, оның өз үстінен іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Полицейлер жасамаған қылмысты мойында деп аяусыз сабады» деп мәлімдеген шымкенттік Мурод Касымов тілге келе бастады. Қатты соққыдан талып қалып Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық орталық ауруханасына жедел жәрдеммен жеткізілген ол есін жиғасын Азаттық тілшісіне басындағы ахуалды баяндап берді. Мурод Шымкенттің Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің үстінен шағым түсіргенін айтады.

Сайрам аудандық орталық ауруханасының жарақат бөлімінде ем қабылдап жатқан Мурод Касымов Азаттық тілшісімен әңгімесін «денесінің сау жері жоқ екенін, қатты ауыратынын, жүрегінің әлі айнып тұрғанын» айтудан бастады.

Төсек тартып жатқан 26 жастағы жігіттің сөзінше, Шымкенттің Еңбекші ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері сәуірдің 8-і күні сағат 17:00-де түсініктеме алуға шақырып, түнгі 23:30-ға дейін «таяқтың астына алған». Полицейлер Муродтан «әлдебір соққыға жығылған бойжеткен қызды ұрған-ұрмағанын» сұрап, тергеген.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
«Әй-шәй жоқ бөлмеге кіргізіп, екі қолымды кісендеп, төрт жігіт ұрып-соқты. Кейін 4-қабатқа сүйреп тергеу бөліміне кіргізді. Ол жерде арызданған қызды көрдім. Қызды шығарып жіберді де, олар «айыпты мойында» деді. Мойындамаған едім, тағы ұрды, тепті» деп сипаттайды сол түнгі оқиғаны арызданушы.

Заң талабы бойынша азаматтарды бөлімшеде айып тағылмастан үш сағаттан артық ұстауға болмайтынын айтқан Мурод Касымов полицейлер арызданушыға нұсқап: «Мәселені шеш. Саған уақыт береміз. Қызға 200 мың теңге, бізге 2 мың доллар бересің» деп талап қойғанын айтады. Ол өзіне тағылған бұл айыпты мойындамайды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова Азаттыққа Мурод Касымовтың айтқанын жоққа шығарды. Полиция өкілі керісінше Муродтың үстінен «бойжеткенді ұрғаны бойынша» қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

Өкіл егер Мурод Касымов департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасына арызданса, «таяқтың астында қалдым» деген мәлімдемесі тексерілетінін, полицейлердің айыбы дәлелденсе, олардың міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын айтты.

​Қазақстанда полицияның қолынан зәбір көрдік деп шағымданып, сотқа дейін арызданатындар аз. Қостанай облысының тұрғыны Александр Герасимов жергілікті құқық қорғау органында азаптауға ұшырадым деп БҰҰ-на дейін арызданып, сотта жеңіп шыққан еді.

Александр Герасимов.
Александр Герасимов.
Құқық қорғаушылар Герасимовтың ісін «сирек кездесетін іс» деп атайды. Прокуратура Герасимовтың азаптау туралы шағымын қараудан көпке дейін бас тартып келді. Қазақстанның адам құқықтары бюросы заңгерлерінің Герасимовтың ісіне байланысты БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жолдаған арызы – БҰҰ комитетіне Қазақстаннан түскен тұңғыш шағым.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына 1998 жылы қол қойған Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық заңдарды мойындап, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешімдерін орындауы тиіс.
XS
SM
MD
LG