Accessibility links

«Санавиацияны жиі шақыртуға себеп – дәрігер тапшылығы»


Санавиацияның Ан-28 ұшағы құлап, борттағы бес адам түгел қаза болған апат орнынан түсірілген видеоның скриншоты. Алматы маңы, 5 қазан 2017 жыл.

Шымкенттегі науқасқа көмек көрсетуге Алматыдан шыққан дәрігерлердің қазанның 3-і күні Ан-28 ұшағы апатынан қазаға ұшырауы ОҚО-дағы дәрігер тапшылығы мәселесінің шешілмей отырғанын көрсетті. Шымкенттік дәрігерлер ауыр науқастарды емдеу үшін Астана және Алматы қалаларынан мамандар шақыртуға мәжбүр екенін айтады. Ал қаза тапқан дәрігерлер көмек көрсетуі тиіс болған 30 жастағы әйел ОҚО ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цай Азаттыққа «ауыр хәлде облыстық клиникалық аурухананың жан сақтау бөліміне түскен түркістандық әйел Мереке Қозыкенованың қазанның 8-і, түнгі сағат 22:30-да қайтыс болғанын» растады.

30 жастағы Мереке Қозыкеноваға шұғыл көмек көрсетуге Алматыдан Шымкентте қазанның 3-і ұшып шығып, апатқа ұшыраған Ан-28 ұшағында болған бес адамның бәрі қаза тапқан еді. Онда акушерлік ісі ғылыми орталығының акушер-геникологы профессор Талғат Патсаев пен кордиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының реаниматологы, профессор Жәнібек Артықбаев болған.

«ЖЫЛЫНА – 4500 ШАҚЫРТУ»

Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) клиникалық ауруханасының жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цай ұшақ апатынан қаза тапқан дәрігерлер нашар жатқан 30 жастағы әйелді емдеуге кеңес беруге шақыртылғанын айтады. Оның сөзінше, Шымкентке Алматы және Астана қаласындағы медициналық мекемелердің білікті дәрігерлері орта есеппен айына 10 мәрте шақыртылады. Цай мерт болған мамандардың бұған дейін Шымкентке жиі келіп, олармен өздерінің тығыз байланыста болғанын, келе алмаған жағдайда үнемі кеңес беріп жүргендерін айтты.

ОҚО жергілікті дәрігерлерінің сөзіне қарағанда, санитарлық авиацияға көмегіне жиі жүгінуге себеп болып отырған проблема – дәрігерлер жетіспеушілігі. ОҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, аймақта дәрігер аз.

- Педиатр, неонатолог, реаниматолог, неурохирург жетіспейді. Аудандарда кей медициналық құрал-жабдықтар жоқ. Науқастың жағдайы ауыр болса облыс орталығына алып келеді. Маман жоқ. Басынан жарақат алатын болса, облыс орталығына жеткізу керек. Санавиация жүйесімен облыс дәрігерлері ауданға жылына 4500 рет шақыртумен барады, - дейді ол.

Мұқан Егізбаевтың сөзіне қарағанда, ОҚО-ға санитарлық авиация негізінен ана мен баланың денсаулығына байланысты шақыртылады.

Мұқан Егізбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы. Шымкент, 6 қазан 2017 жыл.
Мұқан Егізбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы. Шымкент, 6 қазан 2017 жыл.

- Біздегі санавиацияны шақыртулардың 90 пайызы ана мен баланың денсаулығымен байланысты, - дейді басқарма басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық санитарлық авиация» орталығының ОҚО бөлімшесінің меңгерушісі Жайлау Қарабековтің айтуынша, «аймақтағы санавиацияның негізгі жұмысы қазір аудандық ауруханалармен тығыз байланысты болып отыр».

- Аудан дәрігерлері білім деңгейі облыспен, облыс дәрігерлерінің білім деңгейі Алматы, Астанадағы дәрігерлермен салыстырғанда төмен. Нашар жатқан науқастың жағдайын толық анықтау кезінде білікті дәрігерлер кеңесі керек болады. Қазір жарақат алатындар көп. 500 грамм салмақпен туылған нәрестелер бар. Денесін күйік шалатындар бар. Аудан, қалаларда оларды емдейтін дәрігерлер тапшы, - дейді ол.

Маманның сөзінше, «шұғыл операция немесе кеңес керек болған жағдайда аудан ауруханаларынан шақырту түседі».

- Cанавияция бөлімшесінде бір ұшақ пен соңғы үлгідегі заманауи 10 жедел жәрдем көлігі бар. Шалғай ауылдар болмаса, көбіне дәрігерлер аудандарға жедел жәрдем көлігімен жеткізіледі. Әр саладан екі-үш дәрігер бекітілген.олар бір ай бойы қаладан шықпай, үнемі байланыста болуы шарт. Шақырту түскеннен бір сағат ішінде жолға шығады, - дейді Жайлау Қарабеков.

"Қазақстан санитариялық авиациясы орталығы" қолданатын техника түрлері. Скриншот rcsa.kz сайтынан алынды.
"Қазақстан санитариялық авиациясы орталығы" қолданатын техника түрлері. Скриншот rcsa.kz сайтынан алынды.

Бөлім меңгерушісінің сөзіне қарағанда, санавиация қазір адам өмірін сақтап қалу жағынан маңызды міндеттер атқарып жатыр.

- Мысалы, облыс бойынша күйік бөлімі Шымкентте бір-ақ жерде. Аудандарда күйік шалған науқастарды қарайтын мамандар жоқ. Миға операция жасайтын неурохирургия да Шымкентте. Мысалы 10 шақты адам жол-көлік апатына түсетін болса, аудандағы бір хирург ота жасап үлгермейді. Мұндайда санавиацияның орны бөлек, - дейді Жайлау Қарабеков.

Оның сөзінше, санавиацияның ОҚО-дағы орталығы дәрігерлердің жұмысына ғана жауап береді:

- Біз ұшақ пен жедел жәрдем көлігінің қауіпсіздігіне жауап бермейміз, бөлімшеде тек дәрігерлердің жұмысын үйлестірумен айналысамыз. Дәрігерлер санитарлық авиация орталығымен еңбек келісім шартына отырмайды. Әр дәрігер өзі жұмыс істеп отырған емхана, ауруханадан айлық жалақысын алады, - дейді ол.

ОҚО денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, жыл басынан бері санавиация жүйесі бойынша ОҚО-ға 124 шақыртумен Астана және Алматы қаласынан дәрігерлер келіп, 124 науқасқа көмек көрсеткен. Оның ішінде бір науқасқа операция жасалып, 86 науқасты Алматы не Астанаға алып кеткен.

РЕСМИ МӘЛІМЕТТЕР

ОҚО медициналық қызметкерлері айтқан жоғарыдағы проблемалар қоғамға не билікке белгісіз жайттар емес. Медицина мамандарының жетіспеушілігін билік өкілдері де айтып келеді әрі бұл проблема ресми құжаттарда көрсетілген.

Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасында «денсаулық сақтау жүйесінде барлық ведомстволарды ескергенде 68,8 мыңнан астам дәрігер жұмыс істейтіні, кадрлар құрылымындағы біліктілік санаты бар дәрігерлердің үлесі 46,5 пайыз ғана екені, бұл ретте қалалық персонал арасындағы санатты дәрігерлердің үлесі ауыл персоналына қарағанда жоғарылау» (қала – 48,0 %, ауыл – 39,3 %) екені жазылған. «Зейнетке таяу жастағы және зейнет жасындағы дәрігерлердің үлесі 22,7 пайыз, бұл ауылдық жерлерде неғұрлым айқын көрінеді» дейді бағдарлама авторлары. Үкімет құрастырған бұл құжатта «Қазақстанда бір дәрігер орта есеппен 2200-ге жуық адамға қызмет көрсетеді, ал дамыған елдерде дәрігер жүктемесі айтарлықтай төмен – 1500 адамнан аз» деп жазылған.

Үкімет бағдарламасында «Алайда, кадрлар даярлаудың практикалық бағытталуы төмен, білім беру бағдарламалары, әсіресе, клиникалық фармакология, менеджмент, экономика бағыттары бойынша бағдарламалар жетілдірілмеген күйінде қалып отыр» деп жазылып, құжаттың негізгі мақсаты медицина саласын қажетті адами ресурстармен қамтамасыз ету екені көрсетілген.

Ал республикалық санитарлық авиация ресми сайтында техникалық проблемалар ретінде «ұшу аппараттарының құнының және оларға қызмет көрсетудің өте қымбат» екенін көрсеткен. Санитарлық авиация қызметі «Ұшатын аппараттарды дайындайтын жоғары білікті мамандар тапшы, ұшатын техникаға қажетті инфрақұрылым аз, ұшуды үйлестіретін диспетчерлік жұмысты жолға қою мәселесі тұр» деп жазады. Санавиацияның ресми сайтында қазіргі кезде 24 ұшақтары мен 11 тікұшақтары бар екені көрсетілген. Орталық жекеменшік авиакомпаниялардың да қызметін пайдаланады.

Биыл көктемде Республикалық санитарлық авиация орталығы бас директорының орынбасары пара алып жатқан жерінен ұсталғаны хабарланған еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі «Сәуірдің 2-сі күні екі миллион теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде санитарлық авиация орталығы бас директорының орынбасары М.Шалғынбаев ұсталды. Ол жекеменшік авикомпаниялардың басшыларынан науқастарды тасымалдау қызметін көрсету мақсатында келісімшартқа отыру үшін пара алып келген» деген ақпарат таратты.

Оқи отырыңыз: Санавиация ахуалын билік пен сарапшы түрліше бағалайды

Ал 2017 жылы қазанның 3-і күні Шымкентке ұшып шыққан, Алматыдан 30 шақырымдай жерде апатқа ұшыраған Ан-28 ұшағының оқиға орнынан табылған ақпарат құрылғыларына сараптама Мәскеу қаласында жасалатын болды. Апат себептерін анықтайтын комиссия құрылған, ол әзірге зерттеу нәтижесін жарияламады.

2016 жылы қаңтарда да Алматы облысында науқас сәбиді Талдықорғанға жеткізуі тиіс болған "ASPAN" әуе компаниясының MD-600N маркалы тікұшағы құлап, бортында болған бес адам түгел қаза тапқан.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG