Accessibility links

Екі мың оқушы өз мектебінде оқи алмай жүр


Жөндеусіз мектеп
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:41 0:00
Жүктеп алу

Жөнделіп бітпеген №46 мектеп-гимназиясы. Шымкент, 27 тамыз 2014 жыл. Видео авторы - Дилара Иса.

Шымкенттегі №46 мектеп-гимназиясының күрделі жөндеуі бітпей қалып, оқушылары басқа мектептерге ауыстырылды. Құрылыс компаниясы «тендер дұрыс өтпеді» деген сот шешіміне сілтейді.

Тамыздың соңына дейін 2-сыныпта оқитын баласының қай мектепте оқуын жалғастыратынын білмей келген Сағынбай Әлиев құрылыстың уақтылы аяқталмай, баласының дәл оқу жылының басында басқа мектепке ауыстырылғанына наразы.

«Осыдан 10 күн бұрын сынып жетекшісі №44 мектепте оқитын болды деген еді. Бүгін (тамыздың 27-сі – ред.) 18-шағын аудандағы №41 мектепке баратынын білдік. Екі мектеп те бізден алыс» дейді Сағынбай Әлиев.

«ЕКІ АУЫСЫМДА ОҚИДЫ»

Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №46 мектеп-гимназиясы. Шымкент, 27 тамыз 2014 жыл.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №46 мектеп-гимназиясы. Шымкент, 27 тамыз 2014 жыл.

№46 мектеп-лицейдің директоры Анар Аманқұлованың Азаттыққа айтуынша, білім ошағында «Теріскей» және «Сайрам» шағынауданында тұратын 2 мың бала оқиды. Құрылыс жұмыстары қыркүйекке шейін аяқталмайтын болған соң оқушылардың барлығы қаладағы №41, 43, 44 және 24 мектептерге орналастырылған. Әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балаларын тасымалдау үшін арнайы 4 автобус бөлінген. Бұл автобустар №43 және №44 мектепке қатынайды.

«Оқушылардың жаңа оқу жылында аталған мектептерде білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Оқушыларға өз мұғалімдері сабақ береді. Әр мектепте бір-бірден директордың орынбасары отырып, қадағалайды» дейді №46 мектеп-лицейінің директоры.

Анар Аманқұлованың пікірінше, бір мектепте жөндеу жұмыстары аяқталғанша оқушылардың екінші мектеп қабырғасында оқуы - қалыпты жағдай. Тек уақытша №46 мектеп оқушыларын қабылдаған мектептерде оқушылар екі ауысымда оқымақшы.

​«Мектеп-лицейге 1987 жылдан бері күрделі жөндеу жасалмаған. Биыл ақша бөлінді дегенді естігенде, қуандық. Бірақ жөндеу жұмыстарын тоқтатуға сот үкім етті. Ендігі бар мәселе, күрделі жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынында. Жоспар бойынша 3 айда құрылыс жұмыстары аяқталса, өз мектебімізде оқушыларға білім беруді күтіп отырмыз» дейді №46 мектеп-лицейінің директоры.

«ЕКІ АЙДА БІТІРЕМІЗ»

Сот шешіміне қарамастан құрылысты жалғастырып жатқан «Ақнұр строй» мердігер компаниясының өкілі Базарбай Тасқынбаевтың Азаттықа айтуынша, жиырма шақты күннен бері ішкі жөндеу жұмыстарын компания өз есебінен жасап жатыр. Ал құжат бойынша күрделі жөндеу жұмыстары тоқтап тұр.

«Ақнұр строй» құрылыс компаниясының өкілі Базарбай Тасқынбаев.
«Ақнұр строй» құрылыс компаниясының өкілі Базарбай Тасқынбаев.

«Маусымның 18-інде қалалық сот бәсекелес компанияның арызы негізінде «тендер дұрыс өтпегені үшін» нысанда құрылыс жұмыстары тоқтатылсын деген үкім шығарды. Дегенмен, тамыз айының басынан бастап өз қалтамыздағы қаражатпен ішкі жөндеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз» дейді Базарбай Тасқынбаев.

Базарбай Тасқынбаев мектеп-лицейдің ішкі жөндеуіне бүгінде 56 құрылысшы жұмылып жатқанын, тағы 30 жұмысшы тартуды жоспарлап отырғанын айтады. Оның сөзінше,компаниясы жөндеу жұмысының 70 пайызын бітірген, «шамамен 2 айдың ішінде жұмысты аяқтап тапсырмақшы».

№46 мектеп-лицейін күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекетке тапсырыс берген Шымкент қалалық білім бөлімі Азаттыққа «Ақнұр строй» компаниясы мен «тендердің әділ өтпегені» үшін сотқа шағымданған «Айди» компаниясы арасындағы тартыс бүгінде жоғарғы сотқа жеткенін, «Ақнұр строй» компаниясы кассациялық шағым түсіргенін, сот отырысы қашан өтетінінен хабарсыз екенін хабарлады.

Бөлім бастығының орынбасары Пазылхан Асауов мектеп-лицейдегі құрылыс жұмыстары қалалық сот шешімімен тоқтатылғанын растады. Ол сот үкім етсе де, құрылыс жұмыстарын жалғастырып жатқан «Ақнұр строй» құрылыс компаниясының әрекетін заңды деп сипаттады.

Шымкент тұрғыны №46 мектеп-гимназиясында ілінген хабарландыруды оқып тұр. 27 тамыз 2014 жыл.
Шымкент тұрғыны №46 мектеп-гимназиясында ілінген хабарландыруды оқып тұр. 27 тамыз 2014 жыл.

«Ақнұр строй» компаниясы конкурс негізінде тендерді жеңіп, мамыр айында құрылыс жұмыстарын бастады. Қалалық соттың үкімімен құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Компания жөндеу жұмыстарын бастаған кезде мектеп-лицейдің біраз жерін күрделі жөндеуден өткізу үшін бұзған болатын. Бүгінде соны өз есебінен қалпына келтіріп жатыр. Бұған бюджет есебінен қаражат бөлінген жоқ» деді Шымкент қаласы білім бөлімі бастығының орынбасары Пазылхан Асауов.

Тендер дауы бойынша соттасқан екі мердігер компанияның кесірінен баласының басқа мектепке баратынына наразы ата-аналар сот шешімін асыға күтіп жүр.

«Басқа мектептің өз оқушылары бар. Бір қала болғанымен, танымайтын орта. Оған барып біздің балаларды қосады. Онсыз да оқушысы көп мектеп болған соң сынып тарлық ететіні анық» дейді Сағынбай Әлиев.

XS
SM
MD
LG