Accessibility links

Гүлденбек саябақ тасасындағы қасірет сайы


Шымкент шетіндегі Албастысай. Бұл жер сталиндік репрессияның екі жарым мыңдай құрбаны атылып, көмілген жер ретінде белгілі.

Шымкент қаласындағы Албастысай шатқалы сталиндік репрессияның екі жарым мыңдай құрбаны атылып, көмілген жер ретінде белгілі. Өлке тарихына қанық адамдар құрбандардың есімдерін мәңгі есте қалдыру жеткілікті, ал репрессияны орындаушылардың есімдерін анықтап, жариялауды қажетсіз, артық нәрсе деп санайды.

Астананың 61 жастағы тұрғыны Жұмабек Кеншімов кейінгі бірнеше жыл өмірін Алашорда үкіметі қайраткерлерінің ісі бойынша 1931 жылғы 10 қазанда ату жазасына кесілген ағасы Мәдібек Кеншімовтің ісіне қатысты жайттарды іздеуге арнаған. Мәдібек Кеншімовтің Шымкент қаласында атылғанын растайтын мәліметтерді мұрағаттан тапқанымен, оны көмген жерді анықтаудың сәті түспеген.

Сталиндік қуғын-сүргін өршіп тұрған, тіпті одан да ертеректе "байлар мен кулактардан" тазарту науқаны кезінде Шымкентте қала шетіндегі сайда адамдарды сотсыз, тергеусіз атқан деп болжанады. Бұл жер қазір "Албастысай" деп аталады. 1930 жылдардың аяғындағы сталиндік қуғын-сүргін кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының бір өзінде ғана екі жарым мың адам атылған. Олардың ешқайсысына жеке қабір бұйырмаған. Жұмабек Кеншімов Азаттыққа жолдаған хатында Албастысайда орнатылған жалғыз мемориалдық кешен аз, мешіт салу керек деп жазады. Кеншімовтің пікірінше, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін тарихы жеткілікті зерттелмей жатыр.

ТҮНДЕ МЫЛТЫҚ ҮНІ ЕСТІЛЕТІН

Совет үкіметі жылдары Шымкентте жұрт репрессияға ұшырағандарды қала шетіндегі сайда атқанын білетін. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдің ірі қалаларында сталиндік қуғын-сүргін құрбандары жайлы жаппай айтыла бастағанда Шымкентте әлгі сайды жазықсыз жандар жазаланған жер деп танып, бала көтерген қазақ әйелінің мүсіні тұтас құйылған композициядан тұратын «Қасірет» мемориалы орнатылған. Қазір Шымкент қаласы аумағына шағын аудан мәртебесінде кіретін Қайтпас кенті мен қала кварталдары арасын жалғайтын ұзындығы шамамен үш километр Албастысай әлгі мемориалдың ту сыртында созылып жатыр. Белсенділер мен жергілікті билік қуғын-сүргін құрбандарына арнап кітап та шығарған. Сол кездегі қасіреттің тарихын зерттеуді қазір Шымкент қаласының саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихы мұражайы (Қазақстандағы осындай негізгі үш мұражайдың бірі) жалғастыруда. Мұражай мамандары атылған 1611 адамның аты-жөнін анықтаған.

"Қасірет" мемориалы. Шымкент.
"Қасірет" мемориалы. Шымкент.

Халық сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын атып өлтірген сайды жан түршіктірер тарихына бола "Албастысай" атап кеткен. Үлкен жарға ұқсайтын әлгі сайдың тарихи атауы - Тереңсай. Кезінде кішкентай өзен ағып жатқан, суы мол құдықтар бар мал жайылатын жер болған. Бірақ 1930 жылдары бұл жерде НКВД қызметкерлерінің мылтық, тапаншаларының үні, атылған адамдардың айқайлап, жылаған, ыңырсыған дауыстары естілетін. Кейіннен ақсөңке болып шашылған адам сүйектерінен түнде фосфор жарқырап көрінетін болды. Сондықтан жұрт жын-пері жайлаған жер санап, әлгі сайды "Албастысай" атап кеткен.

Сайдың өр жағында Қайтпас-1 шағын ауданы орналасқан. Бірақ бұл Сталин заманындағы жүздеген мың адамның қайтпасқа кеткенін білдіретін атау емес, оны коммунистік насихаттың рухымен солай атаған болуы керек. Елдің айтуына қарағанда, 1920 жылдары большевик комиссарлар жергілікті тұрғындарды жасампаз еңбекке қайраттандырып әлгі жерді "Қайтпас қайсар" деп атаған. Тарихи атауы Шымыр болғанымен, кейін әлгі жерде "Жасасын" колхозын ұйымдастырған.

"Қасірет" мемориалының кіреберісі. Шымкент.
"Қасірет" мемориалының кіреберісі. Шымкент.

1930 жылдары сайды жағалай киіз үйлер тігілетін, ал сай ішіне балшықтан соғылған 30-40 шақты үй мен сарай болған. Сайдың шеттерінде қашан қазылғаны белгісіз 50-60 шақты шағын үңгір бар болатын. Негізі, археологтар бұл төңіректен бір емес, бірнеше дәуір бойы адам мұңсыз-қамсыз тіршілік еткенін көрсететін көне қора-қопсы, қоршаулардың жұрнақтарын, үлкен шұңқырлар мен ескі қорымдардың іздерін табар еді. Бірақ 1920 жылдары, ал сосын 1937-1938 жылдары Тереңсай алабы түнде атылған мылтық үніне толған.

- Бұл жерде қаншама адамның қаны төгілді, асыра сілтеудің қаншама жазықсыз құрбаны атылып, жазаланды. Бәрі қалың топырақтың астында қалып кетті. Бірдеңені дәлелдейтін құжат та жоқ. Жазалау орны ашық аспан астында әлі жатыр. Ары-бері өткенде тіксінесің, - дейді Шымкенттің байырғы тұрғыны, бұрынғы мұғалім 75 жастағы ақсақал Өлмесхан Жәнібекұлы Азаттыққа.

Кезінде өзі сабақ берген мектепте өлкетану мұражайын құрған Өлмесхан Жәнібекұлының айтуынша, НКВД қызметкерлері ауыл тұрғындарын сайдан ығыстырып шығарып, атылғандардың көміп үлгермеген денелерін сақтау үшін олардың үй, қора-қопсы, сарайларын да тартып алған. Сайға қарай түнделетіп кетіп бара жататын жүк көліктерінің жарқыраған шамынан тұрғындар қатты шошитын. Кейін атылған қарудың үні естілетін. Жергілікті тұрғындарға "сендер ештеңе білмейсіңдер, түнде ешқандай мылтық дауысын естіген жоқсыңдар" деп қатаң ескертетін.

Ересектердің тыйымына қарамастан сайда ойнап жүріп талай қорқынышты дүниелер көргені ол кезде бала болған Өлмесхан Жәнібекұлының әлі есінде. Дұрыс көмілмеген мүрделерді иттер дал-дұлын шығарып, қалдықтарын сүйреп әкелгенде халықтың зәре-құты қалмайтын. Өлтірілген адамдардың асығыс-үсігіс үйілген мүрделеріне үңгірлер де толы болатын, кейін адам сүйектері үңгірлерден сыртқа шығып қалатын. Әлгі қорқынышты сайдан біреулердің көр-жер дүниесін, атылғандардың киім-кешегін, аяқ киімін тонап әкелетін мародерлер де болған. Кейінірек "НКВД" деп аталған ВЧК (бүкілресейлік төтенше комиссия – ред.) кеңсесіне қарай күзетшілер түнделетіп айдап апара жатқан жас-кәрісі, әйел-еркегі аралас әлгі адамдардың ешқашан кері оралмағанын жұрт түсінетін.

БИЛІКТІҢ ЖОСПАРЫ

НКВД-ның Шымкенттегі бөлімшелері мен сол кездегі түрмесінің орындары қазір белгісіз. Өлмесхан Жәнібекұлының шамалауынша, әлгі орында қазір «Жібек жолы» базары тұр. Шымкент қаласындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихы мұражайы директоры Батырғазы Серғазиев Азаттыққа "НКВД кеңсесі мен түрмесінің орнын іздеп жатырмыз, қай жерде болғаны жайлы нақты болжам бар, оны қазір ізделіп жатқан мұрағат құжаттары растауы тиіс" дейді. Сталиндік қуғын-сүргін шарықтау шегіне жеткен кезден бері бар-жоғы 80 жыл өткенімен, Шымкенттің архитектуралық келбеті сол кезден бері қатты өзгерген.

1998 жылы Албастысайда "Қасірет" мемориалы ашылғанда сүйек қалдықтары да ескерткіш маңына көшірілген. Жергілікті мұражай қызметкерлері аз-кем зерттеу жүргізіп ауылдарды аралаған, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен зұлмат жылдардың көзі тірі куәлерінің әңгімелерін видеоға жазып алған. Албастысай жайлы өлеңдер, осы аттас күй және кітаптар да шыққан. Бірақ бірнеше жыл бұрын Албастысай аңғарын суға толтырып, қала тұрғындары демалатын жасанды айдынға айналдыру қаупі туған болатын. Оған қоса, Шымкент аумағы ұлғайып, Албастысайдың екі жағынан көпқабатты үйлер салына бастаған. Мысалы, сайға жақын маңда әкімшілік-іскерлік орталығының ғимараты салынған. Сайдың өр жағындағы жер телімі үлестіріліп, жұрт жеке меншік үйлердің іргетасын құя бастаған еді.

Осыны көрген жергілікті тұрғындар, әсіресе Қайтпас-1 шағын ауданы ақсақалдары дабыл қағып, бұған қарсы шыққан. Биыл көктемде өткен сондай жиналыстардың бірінде облыс билігі өкілдері ақсақалдарға Шымкент қаласын дамытудың бас жоспарына түзету енгізуге уәде еткен.

"Қасірет" мемориалы. Шымкент.
"Қасірет" мемориалы. Шымкент.

Мұражай директоры Батырғазы Серғазиевтің Азаттыққа айтуынша, іле-шала Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов Албастысай территориясында кез-келген құрылыс жұмыстарын жүргізуді тоқтату жайлы шешім қабылдаған. Шымкенттің сәулет және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Мырзагелді Сәрсенбекұлының Азаттыққа хабарлауынша, Албастысайда жаяу жүргіншілерге арналған аллея, велосипед жолдары мен спорт алаңдарын салу жоспарланған. Бұдан бөлек "Шатқал" бағдарламасы аясында Албастысайға жүздеген ағаш егіп, шағын қалалық саябақ ашуды ұйғарған.

Бүкіл облыстағы елді-мекендерді, сай-шатқалдар мен көрнекі орындарды көгалдандырып, жаңа саябақтар салу жоспарланған "Шатқал" бағдарламасына студент жастарды да, әлеуметті де тарту көзделген. Жергілікті баспасөз бағдарлама аясында биыл облыста 400 мыңнан көп ағаш егілді деп жазған болатын. Жыраларды абаттандыруға облыс бюджетінен жүздеген миллион теңге де бөлінген. Бірақ жергілікті баспасөзде жаңа егілген ағаштар кей жерлерде суғарылмай, қурап қалды деген сирек хабарламалар да шыққан.

"ҰРПАҚТАРДЫ ЖАУЛАСТЫРЫП ҚАЙТЕМІЗ..."

Егер тіпті "Шатқал" бағдарламасы іске асып, Шымкенттегі екі жарым мыңға жуық адамды жазалаған орында саябақ салынса да сталиндік репрессия құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін осы жеткілікті дей аламыз ба? Астаналық тұрғын Жұмабек Кеншімов адамдар атылған және құпия көмілген орындарда ескерткіштер орнатудан бөлек, саяси қуғын-сүргін құрбандарының құқығын қалпына келтіру үшін бүкіл Қазақстанда құжаттарға зерттеулер жүргізіп, адамдарды ажал полигондарында жазалау жайттарын анықтап, репрессия механизмінің бүкіл картинасын қалпына келтіру керек деп санайды.

"Атылғандарды туыстарына ескертпей көме берген. Туыстары олардың нақты өлген күні мен себебі көрсетілген куәліктерді 1989 жылдан бастап қана ала бастады. «НКВД-ның арнайы нысандары», басқаша айтқанда, "халық жауларын" жаппай ататын және көметін орындар Қазақстанның бүкіл облыс орталықтарында болған. Әлгі қорымдарда қаншама жазықсыз жан мәңгіге көз жұмды? НКВД-МГБ-КГБ өз мұрағаттарының есігін ашпай біз мұны ешқашан білмейтін шығармыз, мұрағаттағы сарғайған парақтарда қанмен жазылған мыңдаған есім сол күйі анықталмай қалатын шығар. Ал қазіргі заңдарда қорымдарды қалпына келтіру, күзету және қарау ісінде жергілікті билікті репрессиядан зардап шеккендердің туыстарына көмектесуге міндеттеу қарастырылмаған. Бұған қоса, атылғандарды көмген қорымдарға мұрағаттық зерттеулер жүргізіп, құжаттарды ретке келтіру жайы да заң деңгейінде ойластырылмаған. Қазір бұл санаулы азаматтық белсенді мен бірнеше мұражайдың еншісіндегі миссияға айналды" деп жазған Жұмабек Кеншімов Азаттыққа.

Қазақстанмен көрші Ресейде азаматтық белсенділер қуғын-сүргін құрбандары ғана емес, ату жазасын орындаған жендеттер мен "үштік" сот мүшелерінің аты-жөндерін де анықтап жатыр. Бұған қоса, "Соңғы мекен-жай" ("Последний адрес") сияқты азаматтық акциялар аясында атылғандарды мәңгі есте қалдыру науқандары өткізіледі. Қазақстанда советтің арнайы қызметінің репрессияға қатысқан өкілдерінің аты-жөндерін анықтаумен ешкім айналыспайды деуге болады. Шымкенттегі мұражай директоры Батырғазы Серғазиевтің де бұл жайлы пікірі репрессия жендеттерінің жауапкершілігі жайлы сұраққа берілетін әдеттегі жауапқа саяды.

- Ұрпақ тәрбиесі үшін кей шындықты бетке айтудың керегі жоқ деп санаймыз. Олардың да ұрпақтары бар, олардың арасында өшпенділік қоздырып керегі жоқ. Репрессияға қатысқандардың ұрпақтары білуі керек те шығар, бірақ оны жұртқа жариялап, оларды бір-біріне жау етудің керегі жоқ, бұл жайлы айтпай-ақ қойған дұрыс. Енді ғана дамып келе жатқан жас мемлекетпіз, бізге ондай араздық керек пе, жоқ па - мұны әуелі таразылап алуымыз керек. Бірақ бұл жайлы тиісті жерлерде айтылып жүр, ғалымдар кітаптарында жазып жатыр, бізде оған цензура жоқ, - дейді Батырғазы Серғазиев.

"Қасірет" мемориалының көрінісі. Шымкент.
"Қасірет" мемориалының көрінісі. Шымкент.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күндері жиі сұхбат беріп, жастармен әңгімелесіп жүретін жергілікті ақсақал Өлмесхан Жәнібекұлы жазықсыз жандардың қанын жүктеген чекистердің есімдерін енді анықтау мүмкін емес, бұдан ештеңе шықпайды деп санайды.

- Мұрағаттарда ештеңе сақталмаған, бізді мұрағаттарға жолатпайды. Отанға қызмет етіп жүрмін деп ойлағандар НКВД қызметкерлерінің арасында да болды. Тіпті Шымкенттегі мұражайдың өзінде ондай адамдардың санаулы ғана есімі белгілі, - дейді Өлмесхан Жәнібекұлы.

1935-1938 жылдары Совет одағында төрт миллион адам атылғаны, олардың бәрі репрессияның жазықсыз құрбаны екені тарихи деректердің көбінде айтылады. Әлгі деректерге сәйкес, Қазақстанда саяси қудалауға 113 мың адам ұшырап, оның 25 мыңы атылған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG