Accessibility links

ГУЛАГ тарихын санаулы адамдар я шетелдіктер жазады


Чех белсенділері бұрынғы Степлаг лагері болған жерді видеоға түсіріп тұр. Қазақстан, наурыз, 2016 жыл. (Фото Штепан Черноушектен алынды.)
Чех белсенділері бұрынғы Степлаг лагері болған жерді видеоға түсіріп тұр. Қазақстан, наурыз, 2016 жыл. (Фото Штепан Черноушектен алынды.)

Жылда мамырдың соңында Қазақстанда бұрынғы ГУЛАГ лагерьлері болған кей орындарда сталиндік репрессия құрбандарын еске алу шараларын өткізеді. Бірақ тарихтың бұл кезеңін терең зерттеумен кәсіби мамандардың кейбірі ғана айналысады, ал азаматтық қоғамда бұл тақырыпқа шетелде көбірек ықылас бөлетін тәрізді.

Мамырдың 31-інде Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтіледі, көп жерлерде еске алу шаралары ұйымдастырылады. Бірақ, жылдағы әдет бойынша, қалған 364 күн ГУЛАГ тарихын зерттеу санаулы мамандардың еншісіне қалады. Қазақстан сталиндік репрессияларды «іске асырудың» негізгі базаларының бірі болғанын жұрттың көбі біледі, бірақ ГУЛАГ тарихын кәсіби тұрғыда және жүйелі түрде зерттеумен кей ұйымдар ғана айналысады.

Мысалы, Қарағандыдағы «Болашақ» университетінде ҚарЛАГ тарихы жайлы бір топ кітап шығарып, зерттеу жұмысына өз студенттерін тартып жүрген зерттеу орталығы бар. Кей жекелеген ғалымдар, мысалы, Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінде бұл тақырыпты өздігінен зерттейді. Былтыр чехиялық азаматтық белсенділер Астана мен Қарағанды түбіндегі, Жезқазғандағы бұрынғы лагерьлерге барып, қазақстандық тарихшылардың көмегімен материал жинап, ҚарЛАГ пен СтепЛАГ жұрнақтарын фотоға түсіріп, совет режимі тұсында репрессияға ұшыраған чехословактардың тағдыры жайлы деректі фильмге материал жинаған.

Олар – Штепан Черноушек басқаратын Gulag.cz қоғамдық ұйымының белсенділері. Бұл ҮЕҰ келешекте Қазақстан жерінде азды-көпті сақталып қалған лагерьлердің бірінің немесе лагерь жұрнақтарының 3D-картасын құрастыруды жоспарлап отыр. Олар советтің ГУЛАГ лагеріне ұқсайтын өз мұражайын құрып қойған, бұл – өзгеше виртуалды мұражай. Олардың жобасымен Gulag.cz және Gulag.online сайттарында танысуға болады. Қазіргі Ресей федерациясы территориясында орналасқан бірнеше лагерьдің «барактарын аралап», жазықсыз сотталған миллиондаған адамның қалай өмір сүргенін, нақтырақ айтқанда, тіршілік еткенін әлгі сайттан сол қалпында көруге болады. Сайттағы ақпараттың бір бөлігі - орыс тілінде.

ҚИЯН ТАЙГАДАҒЫ ФОТОГРАММЕТРИЯ

Мұндай веб-сайт құрастыру – бейнеті көп, ыждаһаттылықты қажет ететін және қымбатқа түсетін шаруа. Штепан Черноушектің Азаттыққа айтуынша, бұл жобаның жұмыстарымен кезінде «Ажал жолы» аталып кеткен жол бойында болған лагерьлердің орындарына 2013 жылы жасалған экспедициядан кейін төрт адам бір жыл бойы жұмыс істеген. Яғни бұл – кескіндеуші, бағдарлама жасаушы мамандардан құралған шағын топтың атқарған жұмысы. Сондықтан бұл - тұрақты қаржыландыруды қажет ететін жұмыс. Ал экспедиция ұйымдастырып, қияндағы тайганың ен жатқан әлдебір түкпіріне барып, бәрін мұқият құжаттап, фотоға түсіру – ол өз алдына бөлек жұмыс.

Чехиядағы үкіметтік емес ұйымның сайтында, мысалы, 2016 жылғы тамызда Чита облысындағы Борск еңбекпен түзету лагері болған орынға жасалған экспедиция жайлы «Бұл жолғы экспедициямызда екі адам ғана – археологтар Радек Светлик пен Лукаш Голата болды. Олар жорықтарын Чара қаласынан бастап, ол жақтан Орта Сакукан өзені бойын жағалап кететін таулы жотаға қарай аттанды. Әлгі өзеннің жағасынан екі лагерь пунктін таптық, бірақ олар онша жақсы сақталмапты - кен байыту фабрикасының, ағаш кесетін орынның жұрнақтары, күзет мұнаралары ғана қалған» деп жазылған.

"ГУЛАГ Онлайн" интернет-жобасының директоры Штепан Черноушек. Прага, 30 мамыр 2017 жыл.
"ГУЛАГ Онлайн" интернет-жобасының директоры Штепан Черноушек. Прага, 30 мамыр 2017 жыл.

Қияндағы тайгада бірнеше күнге созылатын мұндай қиын экспедицияға шығу үшін көп күш пен құлшыныс керек. Теңіз деңгейінен 1800-2150 метр биіктіктегі, адам аяғы жетуі қиын жота бөктерінде орналасқан Мрамор шатқалындағы лагерь орнынан материал жинау кезінде чех белсенділері тайга түкпірінде бірнеше күн болып, «лагерь, кеніштерді әр қырынан суретке түсіру, фотограмметрияны пайдалану және көптеген өлшеулер жүргізу арқылы мұқият зерттеу жүргізіп, хаттаған». Жиналған материалды кейін қалаға келген соң кеңседе виртуалды тур және лагерь мен ондағы күнделікті тұрмыста пайдаланған заттардың 3D моделін құрастыруға пайдаланған. Жобаның сырт көзге көрінбейтін бұл бөлігін әзірлеуге талай ай кеткен.

ЭНТУЗИАСТ ЖОҚ, СТЕРЕОТИП БАР

Қазақстанда бұрынғы ГУЛАГ лагерьлері тұрған көптеген орындарға бару Сібір, Байкалдан ары, тайганың шалғай түкпіріндегі Колымаға жетуден қиын емес, бірақ жергілікті қазақстандық белсенділер чех әріптестері тәрізді 3D жобалармен, ГУЛАГ тарихын зерттеумен айналыспайды, ондай экспедицияларға шықпайды. Алда-жалда «жапан далаға» ілеуде бір экспедиция ұйымдастырыла қалса, ол жуырда бір топ бай жігіттердің ондаған джип көлігіне мініп, экологиялық ұранмен Үстірт қорығына жасаған экспедициясы сияқты «бейсаяси» сипатта болуы мүмкін.

Мұрағаттар азды-көпті болсын ашылып, тиісті материал жинап, экспедиция ұйымдастыруға көрші Өзбекстан немесе Түркіменстандағы тәрізді әлдебір кедергілер жоқ болғанына қарамастан, ГУЛАГ тарихына кәсіби тарихшылар көңіл бөлмейді, онымен санаулы ғалымдар ғана айналысады. Штепан Черноушектің айтуынша, Қазақстанда ГУЛАГ тарихын зерттеу үшін әлгі елдердегідей тыйым жоқ. Қазақстанға қарағанда әдетте азаматтық қоғамы мықты келетін Ресейде тіпті «Мемориал» қоғамына немесе «Пермь-36» мұражайы ұйымдастырушыларына қысым жасалып жатқанына қарамастан, ол елде ГУЛАГ тарихын зерттеумен көптеген белсенділер айналысады, ресейлік белсенділерге қызығушылық пен құлшыныстың аздығы емес, қаржы жоқтығы немесе тапшылығы ғана бөгет болуы мүмкін.

Бұрынғы Степлаг ғимаратының қабырғасындағы қопсыған сылақ астынан көрінген ескі сурет. Жезқазған, наурыз, 2016 жыл. (Фото Штепан Черноушектен алынды.)
Бұрынғы Степлаг ғимаратының қабырғасындағы қопсыған сылақ астынан көрінген ескі сурет. Жезқазған, наурыз, 2016 жыл. (Фото Штепан Черноушектен алынды.)

Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры Арайлым Мұсағалиева Азаттыққа әріптес тарихшылардың көбінесе қазақтың ұлттық тақырыптарын зерттеумен айналысатынын, ал сталиндік репрессиялар тарихын зерттеуде әдетте қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерін репрессиялау тақырыбымен шектелетінін айтады. Профессор Мұсағалиева мұның бір себебі ретінде «сталиндік репрессияға қазақ халқы онша көп ұшыраған жоқ, репрессия – өзге ондаған халық өкілдеріне ғана қатысты тақырып» деген стереотипті атайды. Сондықтан Қазақстандағы ГУЛАГ тарихымен елдегі мамандардан гөрі шетелдік тарихшылар мен белсенділер көбірек айналысады. Кәсіби тарихшылардың өздері аз айналысқаннан кейін университет студенттері де тарихтың бұл қатпарына назар салмайды. Бірақ олардан шетелдік әріптестері жиі көмек сұрайды. Қазіргі уақытта Еуразия университеті гитлерлік Германия армиясы құрамында соғысып, советтік Қазақстанда тұтқында болған венгр әскери тұтқындарының тағдырын білгісі келетін венгриялық зерттеушілерге ақпарат жинауға көмектеспекші.

Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің «Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-зерттеу жобасының бұрынғы жетекшісі, қазір парламент депутаты профессор Нұрлан Дулатбековтің пікірінше, елде тарихпен кәсіби түрде айналысатындар саны азайған, ал қазақстандық азаматтық белсенділерге батыс елдеріндегі белсенділердің тәжірибесі жетіспейді.

Тарих ғылымын толыққанды зерттеп айналысатын адамдар да азайып кетті.

- Менің ойымша, ГУЛАГ туралы ғылыми тақырыптарға ең алдымен сұраныс жоқ. Бұл – біріншіден. Екіншіден, тарих ғылымын толыққанды зерттеп айналысатын адамдар да азайып кетті. Үшіншіден, нарықтық экономикалық проблемалар рухани құндылықтарды күн тәртібінен шығарып тастауға тырысады. Менің ойымша, басты себеп - осылар. Шетелде бейүкіметтік ұйымдардың қалыптасқанына көп уақыт болды, сол себепті олардың тәжірибесі де мол, - дейді Нұрлан Дулатбеков.

Жезқазған қаласы шетіндегі бұрынғы Степлаг ғимаратының орны. Наурыз, 2016 жыл. (Фото Штепан Черноушектен алынды.)
Жезқазған қаласы шетіндегі бұрынғы Степлаг ғимаратының орны. Наурыз, 2016 жыл. (Фото Штепан Черноушектен алынды.)

Астаналық профессор Арайлым Мұсағалиеваның айтуынша, «архивтер жабық, оларға жолатпайды» деген жалған түсінік те бар. Өз тәжірибесіне сүйенген архивист-тарихшы көптеген зерттеушілердің мұрағаттарда апталап, айлап отырғысы келмейтінін айтады. Профессордың сөзінше, арнайы қызмет органдары бұрынғы әріптестерінің тарихын қопаруға мүмкіндік бермейді деген жалған түсінікке қарамастан, мұрағаттардан лагерь бақылаушыларының тізімдерін де табуға болады. Зерттеуші Қазақстандағы ГУЛАГ лагерьлері тұрған орындардың көбі жойылып, жер бетінен өшіп бара жатқанына да алаңдайды. «Біз, тарихшылар, мақалаларымызды жазудай-ақ жазып жатырмыз, бірақ әлеуметті қозғай алмай отырмыз» дейді мемлекет бюджетінен бөлінген ақшаға «Қазақстандағы қызыл террордың жаңа іздері» деген зерттеумен айналысып жүрген профессор Арайлым Мұсағалиева.

ӨШУГЕ АЙНАЛҒАН ГУЛАГ ІЗДЕРІ

Жұрт жадында СтепЛАГ-тағы 1954 жылғы әйгілі Кеңгір көтерілісі болған жер ретінде қалған Жезқазған қаласының шетіндегі сондай тарихи орындардың бірі қазір біртіндеп жоғалып бара жатыр. Сол заманда мыңдаған тұтқын «ақыры советтік диктатор Сталин өлді, енді босатыңдар» деген талаппен концлагерьді бір айдан аса уақыт бақылауында ұстаған. Зерттеулерде лагерьдің ерлер мен әйелдер бөлігі арасындағы қабырға болғаны, некесін сырттай қиған ер адамдар мен әйелдер виртуалды кездесу үшін әлгі қабырғаның жанына келетіні жайлы көп жазылған. Көтерілісті танкілермен басып-жаншып, жүздеген тұтқынды өлтірген кезде әлгі қабырғаны да бұзған, ал қаза тапқандардың қабірлері жер бетінен жоғалған. Чех белсенділері сол қабырғаның сақталып қалған бір бөлігін көріп, фотоға түсіріп алған.

Жезқазған қаласы шетіндегі бұрынғы Степлаг лагерінің орны. Наурыз, 2016 жыл. (Штепан Черноушек ұсынған сурет.)
Жезқазған қаласы шетіндегі бұрынғы Степлаг лагерінің орны. Наурыз, 2016 жыл. (Штепан Черноушек ұсынған сурет.)

Былтыр «ГУЛАГ-тағы чехословактар» экспедициясы аясында Қазақстанға келіп қайтқан прагалық белсенділер Қазақстанға тағы бір мәрте барып, ондағы бұрынғы лагерьдің виртуалды панорамасын өз коллекциясына қосқылары келеді. Бұл үшін ең әуелі ақша керек. Қаржылай демеу табу оңай шаруа емес дейді Штепан Черноушек. Азаттық тілшісінің «Өтініштеріңізге демеушілер не деп жауап қайтарады? Қазақстандағы белсенділер тәрізді бай ұйымдарға хат жазасыздар ма?» деген сұрақтарына чех белсендісі таңданыс білдірді. «Ондай хат жазып отыруға қолымыз тимейді, біз краудсорсинг тәсілін қолданып, тікелей әлеуметке жүгінеміз, жұрт ақша береді, бірде әжептәуір ақша - жарты миллион крона (шамамен 25 мың доллар – Азаттық) жиналды. Бұл - Чехияда сондай тәсілмен жиналған екінші қомақты сомамыз» дейді Штепан Черноушек.

Степлагтағы әйгілі Кеңгір көтерілісі болған жерге орнатылған ескерткіш белгілер. Наурыз, 2016 жыл. (Штепан Черноушек ұсынған сурет.)
Степлагтағы әйгілі Кеңгір көтерілісі болған жерге орнатылған ескерткіш белгілер. Наурыз, 2016 жыл. (Штепан Черноушек ұсынған сурет.)

Gulag.cz ҮЕҰ-ы мемлекеттік «Тоталитарлық режимдерді зерттеу институтымен» бірлесіп жұмыс істейді, бірақ мемлекет оны қаржыландырмайды, ақшаны өзі іздеп табады. 2009 жылы құрылған ҮЕҰ ресейлік «Мемориал» қоғамымен ынтымақтастықта жұмыс істеп, бұрынғы Совет одағындағы ГУЛАГ тарихы жайлы интернет-жобалармен айналысады. Gulag.cz ҮЕҰ сайтында азаматтардан қаржылай көмек сұраған хабарландыру да жарияланған әрі ақшаны ұйымның есеп-шотына аудару жолдары көрсетілген.

Ұйымға бір крона да төлемей-ақ көмектесуге болады, ол үшін кей порталдарда, мысалы Dobromat порталында сауда жасасаң жеткілікті, ал интернет-дүкендердің қожайындары әлгі сатылымдардан түскен соманың белгілі бір бөлігін зерттеуші белсенділерге аударады. Совет үкіметінің репрессиясына шамамен 25 мың чех пен словак ұшыраған, Чехияда ел тарихы мен тәуелсіздігін қадірлейді. Сондықтан Gulag.cz ҮЕҰ өкілдері ең әуелі қоғамға қажет іспен айналысып жүрміз деп санайды.

XS
SM
MD
LG