Accessibility links

Қымыз-балмұздақ пен шұбат-балмұздақ


Қымыз және шұбаттан жасалған балмұздақ. Шымкент, 8 шілде 2015 жыл.
Қымыз және шұбаттан жасалған балмұздақ. Шымкент, 8 шілде 2015 жыл.

​Шымкенттегі кондитерлік дүкендер желісінің бірі қымыз және шұбат қосылған балмұздақ сатады. Оның дәмін бір рет татып көрген тұрғындар дүкенге қайта айналып соғатындарын айтады.

Шымкенттік Әлия Тасболатова – осы қалада бір жылдан бері сатыла бастаған қымыз және шұбат қосылған балмұздақты ұнататын тұрғындардың бірі.

– Қалада қымыз бен шұбаттан балмұздақ дайындалатынын жарты жыл бұрын естідім. Дәмін татып көру үшін осы дүкенге арнайы келіп, сатып алғанмын. Ұнаған. Бүгін, міне, тағы келіп отырмыз. Қымыз бен шұбаттың дәмі бар балмұздақ тәтті, салқын, – дейді ол.

Оңтүстік Қазақстан облысында қымыз бен шұбат қосылған балмұздақты жалғыз кондитерлік дүкендер желісі ғана жасайды. Ол мекеменің технологы Наиля Махиянованың айтуынша, мұндай ерекше балмұздақ дайындау идеясы осыдан екі жыл бұрын туған.

– Қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау біздің дүкендерде әдетке айналған. Әсіресе тоқаш пен шелпегімізді сатып алатын тұтынушыларымыз көп. Ұлттық тағамдарға деген сұранысты ескеріп, екі жыл бұрын қымыз бен шұбаттан балмұздақ дайындауды қолға алдық. Оған қоса қымыз бен шұбаттың адам ағзасына пайдасы аса зор екенін де ескердік, – дейді Наиля Махиянова.

Маманның сөзінше, бұл балмұздақтың 35 пайызы – қаймақ, 43-45 пайызы – қымыз немесе шұбат. Ол балмұздаққа қант ұнтағы мен жұмыртқаның ағы да қосылатынынын, бірақ ешқандай консерванттар салынбайтынын айтады.

ВИДЕО: Қымыз бен шұбат қосқан балмұздақ

Қымыз бен шұбат қосқан балмұздақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:29 0:00

Наиля Махиянованың сөзінше, соңғы кездері дүкендерінде сатылатын балмұздақтың ондаған түрінің арасында саудаға шыққанына бір жылдай ғана болған қымыз бен шұбат қосылғанын алушылар көбейген.

– Кейде тұрақты тұтынушыларымызға қымыз бен шұбаттан дайындалған балмұздақтың дәмін көруді ұсынамыз, неден жасалғанын сұраймыз. Олар бірден балмұздақта қымыз бен шұбаттың дәмі бар екенін айтады, – дейді технолог.

Шымкентте қымыз бен шұбат қосылған балмұздақтың өтімді екенін ондағы балмұздақ сатушылардың бірі Арайлым да растайды.

– Көріп тұрсыздар, бізде балмұздақтың түр-түрі бар. Бірақ қымыз бен шұбат қосылған балмұздақты сұраушылар көбейіп келеді. Мысалы, бізде күніне осы балмұздақтың екі-үш табағы сатылады, – дейді ол.

Шымкент тұрғындары қымыз бен шұбат қосылған, бір ай сақтауға болатын мұндай ерекше балмұздақтың 1 килограмын 1980 теңгеден сатып алып жатыр.

Көре отырыңыз: Қымыздан жасалған сабын
XS
SM
MD
LG