Accessibility links

Ата-аналар Шымкент түрмесіндегі қысым жайлы шағымданды


Қазақстан қылмыстық атқару жүйесі комитетіне келген тұтқын туысы қақпа алдында полиция қызметкерімен сөйлесіп тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан қылмыстық атқару жүйесі комитетіне келген тұтқын туысы қақпа алдында полиция қызметкерімен сөйлесіп тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Шымкент колониясында жазасын өтеп жатқан балаларымен кездескен ата-аналар түрмеде ұлдарын «қинап, қысым жасалатынын» айтады.

Шымкент қаласындағы ИЧ167/2 түрмесінде жазасын өтеп жатқан сотталушылардың ата-аналары ұлдарымен кездескеннен кейін Азаттыққа түрмедегі азаптаулар мен қысымдарды айтып, балаларының өмірі үшін қатты алаңдап отырғанын жеткізді.

Туберкулезге шалдыққан тұтқындарға арналған бұл түрмеде шілде айының аяғында қысымға қарсылық ретінде «төрт сотталушының өз-өзіне қол жұмсағаны» туралы ақпарат тараған еді. Ата-аналардың айтуынша, сол кезде жарақат алған тұтқындар әлі күнге дейін медициналық көмек ала алмай келеді. Әйткенмен бұл ақпаратты бұған дейін түрме әкімшілігі жоққа шығарған болатын.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ШАҒЫМ

Атырау облысының тұрғыны Күләш Әбдешова ИЧ 167/2 колониясында жазасын өтеп жатқан ұлымен кездесуді бір айдан бері Шымкент қаласында күтіп келді. Жексенбі күні үш күндік кездесуден шыққан ана ұлының жағдайының мүшкіл екенін айтып, түрмеден уайымдап шығыпты.

Орал қаласындағы түрмелердің бірі. (Көрнекі сурет)
Орал қаласындағы түрмелердің бірі. (Көрнекі сурет)

– Бірінші қонған күні балам түнде ұйықтай алмай шықты. Екі санынан бақайына дейін сырқырап ауырады. Екі бүйрегім дейді. Оны тамыз айының басынан бастап «арыз жазды» деп тоғыз айға «бур-баракқа» жауып тастапты. Балам маған «екі қолымды артқа қайырып, екі қолым мен аяғыма кісен салып керіп тастады. Үш тәулік бойы ас жоқ, су жоқ керіліп жаттым» деді. Оның алдында құйрығын шешіп, сулы тряпка қойып дубинкамен ұрған. Соның салдарынан жарылған, жарақаты бар. Кеше үсті-басының бәрін қарадық. Жарақаттанған жерлері ауырып отыр. Кәдімгі гестапоның істейтін нәрселерін істеп жатқанын айтты, - дейді Күләш Әбдешова Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, қазіргі кезде колонияда тексеру комиссиясының жұмыстары әлі толық аяқталмағандықтан ұлы түзеу мекемесінде қысымның салыстырмалы түрде басылғанын айтыпты. Әйткенмен түрме әкімшілігінің өкілдері «бәрі кеткеннен кейін көрсететін нәрсені көрсетеміз» деп қорқытып, қоқан-лоққы жасаған.

– Кездесуден соң колония бастығының орынбасары Есқұловқа кірдім. Ол сотталушыларға қолымның ұшын да тигізбеймін деп отыр. «Балаңыз бәрін азғырып, бәрін ұйымдастырып жүр, бүкіл арыздарды жазғызып жүр» деп баламның өзін кінәлауға тырысты. Тіпті колония бастығына да сөз берген жоқ. «Олай болуы мүмкін емес, бәрінің аузынан шыққан шындық әңгіме» десем, бетімнен алып «сіз балаңыз сияқты тәртіпсіз екенсіз, менен көріп отырсыз» деп ақырында «бәрібір маған ештеңе қыла алмайсың» дегенге келтірді, - дейді Күләш Әбдешова.

Бұған дейін ИЧ167/2 түрмесіндегі ондаған сотталушының құқық қорғау органдарына жазған шағымдары интернетте тараған болатын. Онда сотталушылар түрмедегі аса қатаң режимге, түрлі қысымдарға, дәрілердің сапасыздығына және т.б. шағымданған. Сотталғандардың жазуынша, «дәріні ішкеннен кейін бастары айналып, асқазандары қатты ауырып, жүректері айни бастайды».

«МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК БЕРМЕЙ ОТЫР»

«Өз-өзіне қол жұмсады» деген ақпарат тарағалы бері баласын тамыз айының басында көрген Ақтөбе облысының тұрғыны Айтолқын Таңатарова да ұлының мүшкіл халін көріп түрмеден шошып шыққан. Оның айтуынша, ұлымен қоса төрт тұтқын қысымға шыдамай, шілденің 23-інен 24-іне қараған түні таңғы сағат 4-те қарындарын жарақаттаған.

– Темір дәнекерлейтін электродты іштеріне тыққан. Сүйтіп артқы жағынан шығарған. Менің баламның ішінен қан шықпай қалыпты. Бірақ жарақат болған. Қалған балалардан қан аққан. Балалар өздерін дәрігерге апарса, істі қарайды деп ойлаған ғой. Бірақ бұларды Есқұлов дәрігерге апармаған, ұрып-ұрып изоляторға қамап тастапты, - дейді ол.

Айтолқын Таңатарова кездесу кезінде баласының табаны көлкілдеп ісіп кеткенін көргенін айтты. «Температурасы да көтеріле береді». Бұған қоса, ұлы бүйрегінің ауыратына шағымданған.

Тұтқындағылардан хабар ала алмай Ақтөбе түрмесінің алдында тұрған туыстары. (Көрнекі сурет)
Тұтқындағылардан хабар ала алмай Ақтөбе түрмесінің алдында тұрған туыстары. (Көрнекі сурет)

– Тамыздың 18-і күні ұлыммен екі сағатқа кездестім. Кеш келген балам қара суға түсіп температурасы көтеріліп кетті. Бір отырып, бір тұрады. Оған ешқандай ем көрсетілмепті. Асқазаным ауырып жүр дейді. Жарты сағатқа да шыдай алмай кетіп қалды. Түрме басшылығы «балаңыз жарақаттаған жоқ, сап-сау» деп қарап тұрып жоққа шығарады, - дейді ол.

Осы түрмедегі тағы бір тұтқынның әйелі Гаухар Ибрагимова тамыздың 18-і күні күйеуімен кездесуге келген. Бірақ абақтыда күйеуін желтоқсанға дейін бір кісілік камераға қамап тастағанын айтып, кездесуге рұқсат бермепті.

Азаттық тілшісі бірнеше күн бойы хабарласқанмен түрме әкімшілігінен жауап ала алмады. Қазақстанның республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінен де әзірге жауап алу мүмкін болмады. Бұған дейін «өз-өзіне қол жұмсау» туралы ақпарат алғаш шыққан кезде колония бастығы Ғалымжан Махамбетов ақпаратты жоққа шығарған. Бұған қоса, ол:

– «Қылмыстық атқару» кодексінде сотталғандар емдеу мекемесінде жұмыс істемесін деген бап жоқ. Жұмысқа жарамдылары жұмыс істейді. Туберкулезге қатысты дәрілердің күшті екені рас, бірақ оны денсаулық сақтау министрлігі бекіткен, - деді.

Тұтқындардың жақындары өткен аптада Астанаға барып, президент әкімшілігі, бас прокуратура және адам құқығы жөніндегі уәкілге шағым тапсырып келгендерін айтып отыр. «Егер түрмеде қысым тоқтамаса, аштық жариялаймыз» дейді олар.

(Мақала жазылып жатқан кезде Айтолқын Таңатарова Азаттық тілшісіне хабарласып, тамыздың 18-і күні кешке ұлы Медет Таңатаровты «түрмеде тағы да соққыға жыққаны» туралы айтып, көмек сұрады. Азаттық жағдайды анықтауға тырысады)

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG