Accessibility links

Студенттерге тиесілі әлеуметтік жәрдем түрлері


Дәріс тыңдап отырған студенттер. Алматы, 24 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Дәріс тыңдап отырған студенттер. Алматы, 24 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындары әлеуметтік көмек көрсетеді. Бірақ ол туралы студенттердің бәрі біле бермейтін болып шықты.

Жоғары оқу орындары (ЖОО) ұсынатын «әлеуметтік пакет» аталып кеткен жәрдемнің екі түрі бар: біреуі – үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік көмек, екіншісі - ЖОО ішкі ережесіне сәйкес студенттер кәсіподағы арқылы ұсынатын жеңілдіктер. Мұндай қолдау туралы Азаттық тілшісі сөйлескен мемлекеттік және жеке меншік ЖОО-ларда оқитын бірқатар студент егжей-тегжейлі біле бермейтіні байқалды.

Алматыдағы университеттердің бірінде мемлекеттік тапсырыспен (грант – ред.) оқитын Қанат Сәдуақас әлеуметтік жәрдем түсінігінен хабарсыз. 20 жастағы студент айына алатын 15 мың теңге (100 АҚШ доллары шамасы – ред.) стипендиясын бір айға жеткізуге тырысады.

Студент Қанат Сәдуақас.
Студент Қанат Сәдуақас.
- Әлеуметтік пакет дейсіз, ол тұрмақ жатақханадан бөлме алудың өзі күш. Жетім немесе мүгедек деген анықтамаң болса тез береді. Биыл жақсы оқитын студент ретінде жатақхана алдым, - дейді студент.

Көпбалалы отбасынан шыққан қызылордалық Сағыныш Қапарова студенттердің әлеуметтік пакеті туралы құрбыларынан естіген. Ауыл әкімдігінен «ата-анасы жұмыссыз» деген анықтама алып келіп, көмекке қол жеткізген. Жеті ағайынды Сағыныш университет ай сайын бере бастаған қосымша 5 мың теңге көмектің «нан-шайын айыруға сеп» екенін айтады.

ТЕГІН ТАМАҚТАНУ ТАЛОНЫ МЕН ЕМДЕЛУ

Студенттер әлеуметтік жәрдем туралы ақпаратты «ұзынқұлақтан» естіп, я кездейсоқ біліп жатады. Өйткені көптеген ЖОО-лардың вебсайтында бұл туралы ақпарат көрнекі жерде тұрмайды, я тіпті болмайды да.

Студенттің әлеуметтік пакеті туралы ақпараты вебсайтының бастапқы бетінде емес, көзге тасалау түкпірінде тұрған ЖОО-лардың бірі - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Бірақ университеттің студенттік кәсіподақ төрайымы Әлия Қарақожаева біздің мұндай жәрдемге қатысты сауалымызға барынша толық мәлімет беруге тырысты.

- Біздегі әлеуметтік пакет ата-анасы жоқ, денсаулығы нашар, мүгедек және тұрмысы нашар, көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге арналған. Оларға университет қазынасынан айына 5 мың теңге беріледі. Асқазаны ауыратын, қаны аз студенттерге тегін тамақ ішуге диеталық талон береміз. Әлеуметтік пакетті іске асыру үшін жалпы оқу ақысының 1 пайызы университет кәсіподағына аударылады, - дейді ол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің асханасы. Алматы, 14 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің асханасы. Алматы, 14 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
ҚазҰУ студенттерге жатақхана берудің тәртібін былай қарастырған: әуелі грантта оқитын және тұрмысы нашар, жетім, я мүгедек студенттерге жатақхана беріледі. Одан кейін ақылы бөлімде оқитын, шалғай облыстардан келгендер алады. Алматылықтарға жатақхана берілмейді.

Мұқтаж студентті баспанамен қамтуды міндеттейтін арнайы заң жоқ. Мұндай көмекті СССР кезінде және кейін салынған жатақханалары бар ірі университеттер ішкі ережесіне сәйкес жасайды. ҚазҰУ-дің «әлеуметтік пакетіне» университеттің денсаулық сақтау пунктерінде тегін қаралу да кіреді. Бұдан бөлек алматылық студенттер қалалық студенттер поликлиникасында да тегін қаралып, ем алуға хақылы.

ТЕГІН КИІМ МЕН ЖОЛ ЖҮРУ

Айта кететін бір жайт: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (бұрынғы атауы ЖенПИ – ред.) – студенттерін тамақ және киіммен қамтитын Қазақстандағы аз ЖОО-ның бірі. Оның нормасы жеке үкімет қаулысымен реттелген.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Айман Баймұратова:

- Тегін кітапхана мен интернет бар. Әлеуметтік тұрғыда қорғалуы тиіс студенттер бірінші кезекте жатақхана алады. Жатақханада тұратын, грант студенттеріне 3 уақыт тамақ беріледі. Оған стипендияның жартысын береміз. Яғни 17 мыңның 8 мың 500 теңгесін төлейміз, - дейді.

Ал Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған және мүгедек студенттерге арнайы көмек – киім-кешек, тамақ, ақшалай жәрдем бөлінеді.

ЖОО-лардың студенттерге қандай әлеуметтік жәрдем түрлерін көрсететіні үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген.

Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті студенттері. Алматы, 8 қазан 2010 жыл.
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті студенттері. Алматы, 8 қазан 2010 жыл.
Қазақстанның білім және ғылым министрлігі Азаттыққа берген жауабында мемлекеттік грант алып оқуға түскен студентке берілетін жәрдем түрлерін былай сипаттайды:

«Грант студенттеріне стипендия беріледі. Мемлекеттік жәрдем көрсетілетін студенттер санатының стипендиясына 75 пайыз үстеме қосылады. Грант студенттерінің демалыстарда жол жүруіне қаржы (7 мың теңгедей) қарастырылады».

Стипендия беру шарттары мен көлемі үкіметтің 2012 жылғы қаулысына сәйкес анықталған. Үлгерімі жақсылар мен әлеуметтік қамқорлықсыз қалғандар стипендия алудан негізгі үміттілер екені көрінеді.

АҚЫЛЫ БӨЛІМ МЕН ЖЕКЕМЕНШІК ЖОО-ДАҒЫЛАРДЫҢ ЖАЙЫ

Ақылы бөлім студенттеріне мемлекет тарапынан жасалатын көмек түрлері де бар. Бірақ ол көмекті алу үшін ақылы бөлім студенті әлеуметтік мұқтаждығы бар топтың біреуіне жатуы керек.

Мәселен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын ақылы бөлім студенттеріне 2012-2013 оқу жылында тұл жетімдердің, я І және ІІ топ мүгедектерінің оқу ақысын 50 пайызға дейін, ата-анасының біреуі ғана бар, я ата-анасының біреуі ғана жұмыс істейтін студенттің оқу ақысын 20 пайызға, ауған соғысына қатысушыларының балаларының оқу ақысының 10 пайызға арзандату қарастырылған. Бұл жерде де студенттің оқу үлгерімі ең әуелі есепке алынады.

Жеке меншік университетке мемлекет тапсырысымен бөлінген санаулы орынға (грантқа) оқуға түскен және әлеуметтік жағынан қорғалуы тиіс студенттер де жоғарыда айтылған әлеуметтік көмек алуға хақылы. Бірақ ақылы бөлімде оқитын студенттерге арналған көмек мүлде мардымсыз.

КИМЭП университетінің студенттері. (Көрнекі сурет)
КИМЭП университетінің студенттері. (Көрнекі сурет)
Мәселен акционерлік қоғам болып саналатын КИМЭП университетінің баспасөз қызметінің өкілі Жәмила Гафур-Ша ақылы бөлім студенттеріне жасалатын жеңілдіктердің екі-үш түрін ғана атап, былай деді:

- Біздің кез-келген студент университеттегі спорт және жаттығу залдарына тегін барады. Кітапхананы ақысыз пайдаланады, тегін WI-FI бар. Грантта оқитын, жетім, стипендия алатын студенттерге жатақхана беріледі.

Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде (ҚазЭУ) оқитын Айбатыр есімді студент «әлеуметтік пакет» дегенді естімеген. Ол университет жанындағы жаттығу залына бару үшін айына 8 мың теңге төлейтінін айтты. Қыста тұмаумен ауырған кезде медициналық бөлімшеге ақылы түрде емделіпті.

- Университет жеке меншік. Барлығы ақылы. Студенттік билет пен сынақ кітапшасын жоғалтып алсақ, қайта жасату да ақша, - дейді студент.

Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің баспасөз қызметінің өкілі Азаттыққа:

- Бізде әлеуметтік пакет жоқ. Қызметтің бәрі ақылы. Жатақхана бағасы айына 6 мыңнан 15 мыңға дейін барады. Тек кітапхана мен кітап қорын пайдалану тегін. Ал кітапты үйге алу үшін студент ақы төлейді, - деді.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, қазір елде 180 университет бар. Оның 55-і - мемлекеттік, 112-сі мемлекеттік емес оқу орындары. Қазақстан статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2012/2013 оқу жылында 571 мың 691 студент оқыған. Оның 34 мыңнан астамы – грант иеленгендер. Қазақстанда екінші жоғары білім ақылы.
XS
SM
MD
LG