Accessibility links

«Жарығы жоқ, суы жоқ «Нұртас» қайтіп күн көрер?»


"Нұртас" ықшамауданы. Шымкент қаласы. 20 тамыз 2010 жыл.
"Нұртас" ықшамауданы. Шымкент қаласы. 20 тамыз 2010 жыл.

Шымкенттің шығыс бөлігіндегі «Нұртас» ықшамауданына әлі күнге дейін жарық тартылмаған. Жарықты былай қойғанда, ең басты тіршілік көзі – су да жоқ. Ықшамауданда емхана да салынбаған. Балалар ең жақын мектепке жету үшін жаяулап сегіз шақырым жол жүреді.


БӨШКЕДЕН ҚҰРТТАҒАН СУ ІШЕДІ

«Нұртасқа» қоныс аударғандар ең бірінші су құятын үлкен бөшке алып келуі тиіс. Онсыз қиын. Әр үйдің ауласында бір-бір бөшке тұр. Екі тонна суды 1,5-2 мың теңгеге құйдырып алады. Сондықтан су таситын көліктің шопыры мұнда аса беделді. Ол болмаса күндері қараң.
"Нұртас" ықшамауданының тұрғыны Гүлдар
Мырзабаева. Шымкент қаласы. 20 тамыз 2010 жыл.

Суды үнемдеп ішеміз дегенше ол сасиды, ақыр аяғы құрттап кетеді.

Тұрғындар табиғи газ туралы армандамайды да. Ал, әлеуметтік нысандар - мектеп, емхана дегендер атымен жоқ. Жол да жоқ. Шаңы аспанға атқан топырақ жол ауылды еске салады. Қалаға жету үшін екі сағат уақыт керек. Баласы бар үйлерге тіптен қиын. Ең жақын деген мектептің өзі 8 шақырымдай жерде. Қақаған қыста балалардың оқуға қатынауы тіптен қиындап кетеді.

«Нұртас» ықшамауданының тұрғыны Гүлдар Мырзабаева «Әу баста жерді сатып алғанда элиталық аудан болады деген. Коммуникациясының бәрі жүргізіледі деген соң, қымбат та болса осы жерді 6,5 мың долларға алғанбыз» - дейді,.

Гүлдардың мұнда тұрғанына екі жылдан асты. Содан бері не су жоқ, не жарық жоқ.

– Ешқандай жағдай жоқ. Әкімшіліктен не болмаса басқа да органдардан бір адам келіп, жағдайымызбен танысқан емес. Мұнда тіпті домком, уличком да жоқ. Әркім өз арбасын өзі сүйреп жүрген жағдай. Су болмағандықтан кейде ыдыс-аяғымызды жинап қойып отырамыз. Сатып ішкен соң не берекеті болсын? – дейді Гүлдар Мырзабаева

«БАРАР ЕМХАНАМЫЗ ДА ЖОҚ»

«Нұртас» ықшамауданының жанында оралмандар ауылы бар. Онда барлық жағдай жасалған. Суы да, жарығы да - бәрі бар. Ал, тағы бір шеті «Қайтпас-1» ықшамауданымен шектеседі. Ондағы халық заман талабына сай өмір сүріп жатыр.

«Нұртас» ықшамауданы тұрғындарының бірі Айған Әбдірахманова «Тіпті, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, барар емханамыз да жоқ»,- дейді.

– Қай ауданның емханасына қарайтынымызды да білмейміз. Балам қатты ауырып қалған соң Еңбекші ауданына қарасты №5 емханаға апарып едік, ондағылар Сайрам ауданына жіберді. Сайрам ауданының орталығы Ақсукент бізге ұзақ. Амал жоқ, жеке клиникаларға қаралуға тура келеді. Оның бәрі ақша: мұндағылардың бәрінің қалтасы көтереді деп айта алмаймын, - дейді Айған Әбдірахманова.

«БАС ЖОСПАР БЕКІТІЛГЕН ЖОҚ»

«Нұртастықтардың» мәселесіне қатысты Шымкент қалалық құрылыс бөліміне хабарластық. Бас маман Мәди Қалмағанбетовтің Азаттық тілшісіне берген сұқбатынан мәселенің аяғы әлі де созылатындығы байқалды.

- Биыл «Нұртас» ықшамауданына су кіргізге жобалау-сметалық құжатын жасату үшін 5 миллион теңге қаржы қарастырылған болатын. Оны «Шұғыла» жобалаушы мекемесі дайындады. Енді 125 миллион теңге бөлінуі тиіс. 46 470 шақырымға құбыр жүргізілетін болады. Әзірге 720 абонент бар деп есептелініп отыр. Сол үшін № 19/0359/10 мемлекеттік сараптама қорытындысы шықты. Ал, электр жарығын жобалау жұмысы «Авангард» ЖШС-іне берілген. Әлі мемлекеттік қорытындысы шығарылған жоқ. Газ құбырын жобалауды келер жылдың еншісіне қалып отыр. Бұрын бұл ықшамауданның жері Сайрам ауданына қарайтын. Кейін қалаға өтті. Бас жоспар бекітілген жоқ. Желтоқсан айында бекітілуі мүмкін, - дейді Мәди Қалмағанбетов.

ЖОЛ АЗАБЫ

«Нұртас» ықшамауданындағы алғашқы тұрғын үйлер 2005 жылы салына бастапты. Тұрғындар жер телiмдерiн жеке адамдардан сатып алғандарын айтады. Жер учаскесінің құны «ұшып» тұрған уақытында удай бағаға сатып алғандар да бар.
"Нұртас" ықшамауданының жалпы көрінісі. Шымкент
қаласы. 20 тамыз 2010 жыл.

«Нұртас» – iшкi-сыртқы көшi-қонның нәтижесiнде бой түзеген ықшамаудан. Мұнда ауылдан көшіп келгендер де, қала орталығынан қоныс аударғандар да бар. Жер телiмдерiнiң ешбiр жүйесiз сатылуының салдарынан мұндағы қарапайым тұрғындар зардап шегiп отыр. Қалаға қатынайтын көлікке міну үшін 1-2 шақырым жүріп, үлкен жолға жету керек.

Автобусқа жету үшін шаңды аспанға бұрқыратуға тура келеді. Бұл – жаздағы көрініс. Ал, күз бен қыс айларында белден келетін батпақта жүру тіптен мұң.

Кейбіреулер үйді салып қойып, қашан су мен жарық келеді деп күтіп, өздері пәтерде жүр. Ал, барар жері, басар тауы жоқтардың осында күнелтуіне тура келеді.

ЖАРЫҚТЫҢ ЗАРЫ

Ықшамауданның шетінде темір-терсекпен айналысатын жекеменшік фирма жұмыс істейді. Жеке трансформатор қойып алған. Осыған жақын үйлер ақшасын төлеп жарық тартып алған. Онда да екі-үш үй ғана.

Айған Әбдірахманова «жарық тарту үшін 80 мың теңге төледім. Басқа амалым жоқ. Ал, қасымдағы көршім тіпті 100 мың теңге төлеген. Оған электр сымын, электр бағанының бағасын қосыңыз. Жарық тартып алуға мұндағы барлық отбасының жағдайы келе бермейді. Екі-үш үйіміз ғана жарық тарта алдық» дейді.

Расында да таздың шашындай әр жерге шашырай орналасқан үйлердің арасы тым қашық. Арада үй жоқ болған соң оларға жарық тарту да қымбатқа түседі.

Қазақстандағы үшінші ірі қалаға айналуы тиіс Шымкентте осындай шешілмеген мәселелер шаш-етектен...
XS
SM
MD
LG