Accessibility links

Оралмандар отбасы қала шетінде күркеде тұрады


Үшінші топ мүгедегі Нұрдана Қуанбай күркесінің алдында тұр. Талдықорған, 29 маусым 2012 жыл.
Үшінші топ мүгедегі Нұрдана Қуанбай күркесінің алдында тұр. Талдықорған, 29 маусым 2012 жыл.
Оралман әйел Нұрдана Қуанбай үш баласымен Талдықорғанның шетінде күркеде тұрып жатыр. Қарағаш ауылының тұрғыны, жарымжан ұлы бар Шарипа Тақтыбаева есімді мүгедек ана да үйсіз қалды.

«ЕЛІМІЗГЕ КЕЛІП, ДАЛАДА ҚАЛДЫҚ»

Үшінші топтағы мүгедек Нұрдана Қуанбай Қазақстанға сегіз жыл бұрын күйеуімен, балаларымен бірге Қытайдан көшіп келгенін айтты.

Олар мемлекеттік квотамен емес, өз беттерінше келген. Алғашында пәтер жалдап күн кешкен. Алайда Нұрдананың айтуынша, көп ұзамай қиындыққа төзбеген күйеуі отбасын тастап, қашып кеткен.

Қазір кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар жалғызбасты әйел Талдықорғанның шетіндегі үйлердің маңына күрке тігіп, сонда тұруға мәжбүр. Ол "бұлай етпесем, өзіме, балаларға қаңғыбастар қауіп төндіруі мүмкін" дейді.
3-топтағы мүгедек Нұрдана Қуанбай күркесінің ішінде отыр. Талдықорған, 29 маусым 2012 жыл.
3-топтағы мүгедек Нұрдана Қуанбай күркесінің ішінде отыр. Талдықорған, 29 маусым 2012 жыл.

- Біз елімізге көшіп келіп, далада қалдық. Тек мемлекеттен үміт күтіп отырмыз. Билік басындағылар қандай қиын жағдайда қалғанымызды түсінер, - деген Нұрдана Қуанбай көзіне жас алды.

«БАЛАСЫНА ОБАЛ»

Бұл өңірде тағы бір баспанасыз отбасы күркеде науқас баласымен бірге тұрады.

51 жастағы Шарипа Тақтыбаева - Кербұлақ ауданы Қарағаш ауылының тумасы. Оның айтуынша, осы көктемде толассыз жауған жаңбырдан әуелі үйінің шатыры құлап, артынан баспанасы тұтас қирап қалған.

Үшінші топтағы мүгедек әйел церебральды паралич (ДЦП) сырқатымен ауыратын 18 жасар баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Бала үздіксіз қамқорлықты қажет етеді - қозғалуы қиын.
Шәрипа Тақтыбаеваның науқас баласы қираған үйдің қасында тұр. Талдықорған, Қарағаш ауылы, 28 маусым 2012 жыл.
Шәрипа Тақтыбаеваның науқас баласы қираған үйдің қасында тұр. Талдықорған, Қарағаш ауылы, 28 маусым 2012 жыл.

- Үй 1961 жылы саман кірпіштен салынған, менің құрдасым. Ауырғанға дейін жыл сайын ақтап тұрдым. Алайда соңғы жылдары үш рет операция жасатып, ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізе алмадым, - деді Шарипа Тақтыбаева Азаттық тілшісіне.

Көршілері қолдарынан келгенше Шарипаға көмектесетіндерін айтып отыр.

- Бәрінен де баласына обал, кейде өзіне қол жұмсауға да әрекеттенеді, - деді көршілері.

- Олардың мұңайып отырғанын жиі көремін. Енді баспанасыз қалды. Бала жиі жылайды, «мені неге тудың» деп шешесін жазғырады. «Көлік қағып кетсе ғой» дейтін ниеті де жоқ емес. Кейде екеуі қосылып жылайды, - деді Шарипаның көршісі Науат Қайрылғанова.

«БЮДЖЕТТІҢ ШЫҒЫНЫ ДА ӨСІП ОТЫР»

Алматы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Баспана мәселесімен жергілікті атқару органдары айналысуы керек» деді.
Шәрипа Тақтыбаева баласын жетектеп келеді. Талдықорған, Қарағаш ауылы, 28 маусым 2012 жыл.
Шәрипа Тақтыбаева баласын жетектеп келеді. Талдықорған, Қарағаш ауылы, 28 маусым 2012 жыл.

- Әрине, мүгедектер саны жыл сайын көбейіп келеді. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, біздегі мүгедектер саны сегіз пайызға көбейген. Сондықтан бюджеттің шығыны да өсіп отыр, - деді Алматы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім бастығы Гүлназ Тілеуберлинова.

Баспанасыз жүрген Шарипа Тақтыбаева мен Нұрдана Қуанбайды жергілікті атқару органдары мемлекеттің есебінен баспана алу кезегіне қойды. Алайда әйелдердің көкейінде "қоныс той жақын арада болмайды" деген күдік басым.

КӨРШІ АУЫЛДАҒЫ МҮГЕДЕКТЕР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Алматы облысы Қарабұлақ ауылының мүгедектері әділ жолмен берілген коммуналды баспанаға ие болды. Өткен қыста осындағы 70 пәтерлі үйдің тұрғындарына пәтер кілті берілді. Сол кезде мүгедектердің жергілікті «Демеу» ұйымы «баспана дұрыс бөлінбеді» деп Ескелді ауданының әкімшілігін айыптап, аудандық прокуратураға шағым түсірген.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі жазылған билборд. Талдықорған, 4 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі жазылған билборд. Талдықорған, 4 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ескелді ауданының прокуроры Жасұлан Еламанов баспананың заңсыз бөлінгені туралы айғақтарды растады. Оның айтуынша, мүгедектерге берілуі тиіс пәтерлер лауазымды адамдар мен олардың туыстарына таратылған.

- Жүргізілген тексеріс кезінде тұрғын үй қорындағы коммуналды баспананы бөлумен айналысатын комиссияның бірнеше заң бұзушылыққа жол бергені белгілі болды. Атап айтсақ, пәтерлердің қызметтік баспананы мемлекеттік қызмет атқармайтын тұлғаларға, сонымен қатар, коммуналды өндіріс жұмысшыларына бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері ретінде заңсыз берілгені анықталды, - деді прокурор Жасұлан Еламанов.

Жуырда Қарабұлақ ауылында құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген баспана комиссиясы құрылып, сол 70 пәтерлі баспана қайта бөліске түсті. Кейбір мүгедектер сол үйден пәтер алды, ал «Демеу» ұйымының басшысы Ахат Ұзақбаевқа жер үй берілді.
XS
SM
MD
LG