Accessibility links

Тараздағы мүгедек жандар жұмысқа зәру


Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған еңбек жәрмеңкесі. Астана, 27 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған еңбек жәрмеңкесі. Астана, 27 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Тараз қаласындағы мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс іздегенде биліктен қолдау көрмейтіндерін айтады. Ал жергілікті әкімшілік «жұмыссыздықпен біртіндеп күресіп келеміз» дейді.

Тараз қаласында тұратын бірінші топтағы мүгедек, 25 жастағы Азат Бердіқұловтың жұмыс іздеп жүргеніне екі жылдың жүзі болған. Оның сөзінше, қолында заңгер дипломы мен компьютер жөндеу шеберінің куәлігі бар. Азат Бердіқұлов әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бойынша басқармасына барғаннан пайда көрмегенін айтады.

– Қалалық жұмыспен қамту бөліміне бардым. Олар: «Бізге дәрігердің жұмыс істей алады деген анықтамасы керек, әкелсеңіз жұмыс қарастырамыз» деген сылтау айтты. Менікі бірінші топ қой. Сүйтіп өзіміздің ауруханаға барып, невропатологтен тексеруден өттім. «Күнінен төрт-алты сағатқа дейін жұмыс істеуге болады» деген анықтама берді. Оны апарып едім, бәрібір құлақ аспады, – дейді Азат Бердіқұлов Азаттық тілшісіне.

Ол осыдан бірнеше ай бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, үйінде отырып компьютер жөндей бастаған.

– Алайда тапсырыс аз болғандықтан бұл істің берекесі қалмады. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ. Айлық алмаймын. Салығын да төлеп тұру керек. Тұрақты жұмыс емес, – дейді Азат Бердіқұлов.

«МҮГЕДЕКТЕРДІ ЖҰМЫСҚА АЛҒЫЛАРЫ КЕЛМЕЙДІ»

Тараз қаласында мамандығы болса да жұмыс таба алмай жүрген Азат Бердіқұлов сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Солардың бірі Саламат Сырымбетов те жұмыс берушілердің табалдырығын тоздырып жүргеніне үш жыл болғанын айтады. Колледжді электрик мамандығы бойынша бітірген жігіттің сөзінше, «қалада жұмыс бар, тек жұмыс берушілерде мүгедек жандарды жұмысқа алу ниеті жоқ».

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған еңбек жәрмеңкесі. Астана, 27 наурыз 2014 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған еңбек жәрмеңкесі. Астана, 27 наурыз 2014 жыл.

– Барсаң өтірік сөзбен шығарып салады. «Күтіңіз, хабарласамыз» дейді. Қанша уақыт болды күтіп жүргенімізге. Әлгінде бір жұмыс берушіге барсам, «неменеге келе бересің» деп қуып жіберді. «Ертең кел» деген өзі болатын. Электрик болуым шарт емес, екі қолға бір жұмыс табылса болды, – дейді Саламат Сырымбетов.

Екінші топтағы мүгедек Ақерке Әбілбекқызының айтуынша, ақпан айында Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс жәрмеңкесі өтіп, онда санаулы адам ғана жұмыс тапқан.

– Жәрмеңкеден соң сонда барған адамдардан сұрастырдым. Көбісіне жұмыс берушілер «кел» деген. Ертесінде барса, жұмысқа алмаған. Журналистерге жұмыс тапқан бірді-екілі адамдарды көрсетіп қана қойған. Тек қағаз жүзінде бәрін керемет деп жылы жауып қойды. Екінші немесе бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар не істеулері керек сонда? Біздің жан айқайымызды елеп жатқан ешкім де жоқ, – дейді Ақерке Әбілбекқызы.

«ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСІП КЕЛЕМІЗ»

Азаттық тілшісі осы өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту жайлы жоспарын білмекке Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласты. Басқарманың бөлім бастығы Ғалижан Мейірманов «жұмыссыздықпен кезең-кезең бойынша біртіндеп күресіп келе жатқандарын» айтады.

Мүгедектер арбасында қайыр сұрап отырған адам. Астана, 18 наурыз 2013 жыл. Көрнекі сурет.
Мүгедектер арбасында қайыр сұрап отырған адам. Астана, 18 наурыз 2013 жыл. Көрнекі сурет.

– Жылдың басынан бері алты айда мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша арнайы карта жоспары дайындалды. Соған сәйкес, бір жылда 600 адамды қамтимыз деген жоспар болды. Алты айдың ішінде 412 мүгедек азамат жұмыспен қамтылды. Оның 197-ы – тұрақты жұмысқа, 102-сі – ақылы қоғамдық жұмысқа, 55-і – әлеуметтік жұмысқа, 38-і – жастар практикасына, 20-сы жұмыспен қамту жол картасының бірінші бағыты бойынша құрылыс жұмыстарына жолданды, – дейді ол.

Ғалижан Мейірманов Тараз қаласындағы жұмыссыз мүгедектер саны мен жұмыс жәрмеңкелері туралы мәлімет айта алмады.

Қаладағы жұмыссыз мүгедектер санына қатысты мәлімет мүгедектер мәселесімен айналысатын «Асар» бірлестігінде де жоқ болып шықты. Бірлестіктің төрағасы Руслан Төлегенов «қаладағы жұмыссыз мүгедектердің ұйымға хабарласып тұратынын», «ұйымның оларға мүмкіндігінше қол ұшын беретінін» айта келе:

– Бізге хабарласқан мүгедек жандарды жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Бірлестіктің өзінде қазір 27 мүгедек жұмыс істейді, – деді Азаттық тілшісіне.

«МҮГЕДЕКТЕРДІҢ 20 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ЖҰМЫС ТАПҚАН»

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғаумен айналысатын «Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Иманәлиевтің сөзінше, мүгедек жандардың жұмыссыздығы – тек Таразда ғана емес, бүкіл республика бойынша күрделі мәселе. Ол мүгедектердің еңбек құқығына байланысты халықаралық тәжірибеден алынған шарттардың кейбірі Қазақстанның тұрмысына бейімделмегенін айтады.

– Бізде үш пайыздық (мекемедегі жұмыс орындарының кемінде үш пайызы мүгедектерге берілуі керек екені жайлы – ред.) квота бар, бірақ ол талап орындалмайды. Мүгедектерді жұмысқа алу бойынша кәсіпкерлердің жауапкершілігі бар, бірақ ол жауапкершілікті ешкім талап етпейді, – дейді Қайрат Иманәлиев.

«Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Иманәлиев.
«Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Иманәлиев.

Ол «мүгедектерді жұмысқа алмайды» деп кәсіпкерлерді айыптағанша мүгедектерді жұмысқа алу бизнес иелеріне тиімді болатындай мемлекеттік бағдарлама жасалуы керек деп біледі.

– Бизнес «мемлекетке керек екен» деп адамды жайдан-жай жұмысқа ала салмайды ғой. Егер бірінші не екінші топтағы мүгедек болса, онда 15 күн қосымша демалыстың ақысын бизнес иесі өз қалтасынан төлейді. Осы сияқты шығындарды берілген квота ақтамай, кәсіпорындар мүгедек жандарды жұмысқа алғысы келмейді. Сондықтан мүгедектерді жұмысқа алған кезде бизнесмендердің салық көлемін азайту, шығындарының орнын толтыратын қор құру сияқты шаралар атқару керек, – дейді «Намыс» қоғамдық бірлестігі төрағасы Қайрат Иманәлиев.

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, елде 500 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Қайрат Иманәлиевтің айтуынша, сол азаматтардың еңбекке жарамды 400 мыңының шамамен 20 пайызы ғана жұмыс тапқан.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG