Accessibility links

Дәрменсіз жандарға күтім жасалатын орын


«Кредо» шағын пансионаты пациенті Алевтина Лукьяненко. Теміртау, 27 қаңтар 2016 жыл.
«Кредо» шағын пансионаты пациенті Алевтина Лукьяненко. Теміртау, 27 қаңтар 2016 жыл.

Теміртау қаласында тәулік бойына жасалатын күтімге зәру жандар көп болғанымен, ақылы қызмет алуға көбінің ақшасы жоқ. Сондықтан қаладағы жалғыз пансионатты ұйымдастырушылар демеушілер іздейді.

Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында қаржыландыру тоқтауына байланысты дауасыз дертке шалдыққандар мен төсекке таңылған ауыр науқастарға үйінде паллиативтік көмек көрсету жобасы жабылып қалғаннан кейін қарттар мен дәрменсіз жандарға арналған шағын пансионат ашу идеясы туған. «Кредо» қоғамдық ұйымы қызметкерлері мұндай әлеуметтік жобаларға ақша табу қиын екенін айтады. Кейін демеушілер табылып жатса, мұнда келетін науқастар аз ақша төлейді деген үмітпен қоғамдық ұйыммен аттас шағын пансионат былтыр ақылы негізде ашылған.

ПАНСИОНАТ ТҰРҒЫНДАРЫ

82 жастағы Алевтина Лукьяненко – Теміртаудағы «Кредо» шағын пансионатының тұрақты пациенттерінің бірі. Қартайған әйел мұнда жатуға үшінші рет келген. Туыстары алыста болғандықтан, ол кісіге күтім жасайтын ешкім жоқ. Алевтина Лукьяненко алып кетуді сұрап, пансионатқа өзі хабарласқан. Ол тіпті үйіне қайтқысы келмейтінін айтады.

- Үйге несіне қайтамын? Жападан жалғыз жатамын, әйтеуір теледидар көрген боламын, көршілерімнің уақыты жоқ. Бірақ көршілерім кіріп, тамағымды әзірлеп береді. Пешке жақындауға қорқамын, құлап қалсам қайтемін. Ал мұнда бәрі дайын, мұндай күтімнің жөні бөлек қой, - дейді Алевтина Лукьяненко Азаттыққа.

Қазір пансионатта төрт адам – мұнда пансионат ашылған күні келген зағип ер адам, және үш әйел жатыр. Бәрі - кәрілік меңдеген қарттар. Біраз күтім алуға немесе ақшасына қарай мұнда бірер күн ғана жатып кететін науқастар да бар. Мұнда әдетте инсульт алған, жүрек дертіне шалдыққан науқастар немесе күтім жасайтын ешкімі жоқ, ал кәрілік меңдегендіктен немесе сырқатына байланысты өзіне қарауға шамасы келмейтін қариялар жатады.

Қарияларға арналған Теміртаудағы шағын пансионат:

«Кредо» шағын пансионаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:32 0:00

«ЕШТЕҢЕДЕН БАС ТАРТПАЙМЫЗ»

Теміртаудағы жалғыз шағын пансионат 2015 жылдың шілдесінде ашылған. Тәулік бойы медбикелердің күтімі мен бақылауында болғысы келетін жандар бірден табылған. Қазір пансионатта алты орын бар. Бірақ қалада шағын пансионат жайлы білетіндер бәрібір аз. Мұндағы күтім ақылы - тәулігіне үш жарым мың теңге. «Кредо» шағын пансионатының администраторы Елена Александрова Азаттыққа:

- Кей науқастар үшін бұл қымбаттау, әрине. Өйткені көбінің зейнетақысы мардымсыз. Бірақ біз де бұдан арзандата алмаймыз, бүкіл ақша медбикенің жалақысына, пансионатты жуып-шаятын заттарға, науқастардың кір-қоңын жуатын ұнтаққа, тез тозып қалатын жаңа төсек жаймаларын сатып алуға кетеді. Электр жарығы сияқты коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын да осы ақшадан төлейміз, - дейді.

Теміртаудағы пансионаттары пациенті. 27 қаңтар 2016 жыл.
Теміртаудағы пансионаттары пациенті. 27 қаңтар 2016 жыл.

Егер науқастың пансионатта жатып күтім алуға ақшасы жоқ болса, ондай жандар медбикені екі сағатқа үйіне шақыра алады. Ол келіп, қауқарсыз науқасқа қарап, тиісті күтім жасайды. Бұған қоса, пансионат мұқтаж жандарға мүгедек арбасы, сүйеніп жүретін арба (ходунки), төсекке таңылған науқастар үшін арнайы жасалған төсеніш, дәрет ыдысы сияқты медициналық жабдықтарды жалға бере алады.

Кей адамдар пансинонатты ауруханамен шатастырады. Бірақ мекеме қызметкерлері бұл - үйдегі сияқты күтім жасайтын орын деп түсіндіреді. Пансионат жұрттың ауыр науқас немесе дәрменсіз туыстарына күтім жасауға көмектесуге арналған. Мұнда қажет болса, тіпті қасықпен де тамақтандырады, қарт кісілерді суға шомылдырады, памперсін ауыстырады, киім-кешегін жуып, үтіктейді, таблеткасын береді. Тамақпен әзірше жергілікті кафе қамтамасыз етіп тұр. Пансионат науқастары күні-түні медбикелердің бақылауында болады. Қажет кезінде қалалық аурухана дәрігері Сергей Саксоновты шақырады.

- Мұнда қарт адамдарға күтім жасалады. Гигиеналық процедуралар жүргізіп, массаж жасаймыз, дәрігердің жазып берген нұсқауын орындаймыз, төсекте көп жатқан кезде науқастың терісі ойылып қалмас үшін профилактика жүргіземіз. Көбінесе науқастарға жайлы күтім жасалады, - дейді «Кредо» пансионатының медбикесі Ирина Кульбачко.

Ирина қарттарға күтім жасау қиын екенін айтады, бірақ бойжеткен мамандығы бойынша өзге жұмыс таппаған. Сондықтан мұнда 30 мың теңгеден сәл асатын жалақыға ауысыммен жұмыс істейді. Қазір пансионатта төрт медбике тұрақты негізде, ал екі медбике қосымша келіп жұмыс істейді.

Пансионатта жатып, күтім алғыс келетін жандарды қабылдауда көп шектеу жоқ, бірақ соңғы шешімді дәрігер Сергей Саксонов қабылдайды. Мұнда психикасында ауытқуы бар науқастар мен медициналық көрсеткіштері бойынша ауруханада жатуы тиіс адамдарды қабылдамайды. Ертеректе пансионатта психикалық дерті аяқ астынан қозып, қалған науқастарға қатер төндірген бір қарт әйел жатқан көрінеді. Әлгі жағдайдан кейін пансионат қызметкерлеріне ол кісіні қабылдаудан бас тартуға тура келген.

XS
SM
MD
LG