Accessibility links

Бала ұрлау бостандықтан айыру жазасына ұласты


Судья Талғат Елеуов үкімді оқып тұр. Теміртау, 29 маусым 2017 жыл.
Судья Талғат Елеуов үкімді оқып тұр. Теміртау, 29 маусым 2017 жыл.

Бүгін Теміртауда кішкентай баланы ұрлап әкету ісін қараған сот процесі аяқталды. Сот жергілікті тұрғын Айнұр Айдарбекті жеті жылға соттады.

Екі жасар қыз баланы ұрлау оқиғасы Қарағанды облысы Теміртау қаласында биыл наурызда болған еді. Бала ұрлаған келіншекті танитын жас ата-ана оны үйлеріне тұрғызған, мұндай жағдай болады деп тіпті де ойламаған. Қыздың әке-шешесі жұмыста болған кезде Айнұр Айдарбек бала күтушісінің рөлін атқарған. Сондықтан екеуі баланың жоғалғанын көргенде есеңгіреп қалған. Үйге келіп және қызының жоғалып кеткенін білген бетте олар полицияға хабарлаған. Резонанс тудырған бұл істі қарау ұзаққа созылған жоқ, бірнеше сот отырысы ғана өтті.

«АНА БОЛҒЫМ КЕЛДІ»

Сотталушы Айнұр Айдарбектің жасы 22-де, ол – балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі. Бойжеткен «адам ұрлады» және «бөтеннің мүлкін ұрлады» деп танылды. Сот кезінде айыпталушы Айнұр Айдарбек өз кінәсін толық мойындады. Ол кінәсін мойындау туралы процессуалдық мәмілеге келу туралы екі мәрте өтініш берді, бірақ прокуратура оның өтінішін қабылдаудан тағы бас тартты. Бүгін сотталушының адвокаты Айнұр Айдарбекті бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Ол ауыр отбасылық жағдайға тап болған, күйеуі күнкөріс ақшасыз тастап кеткен, өзі екі мәрте баласынан айырылған.

– Ол материалдық, моральдық қиын жағдайда жүрген, сондықтан жәбірленушіден үйіңде тұрайын деп өтінген және оның баласын қарауға келіскен. Ол ауыр отбасылық жағдайға тап болған – күйеуі күнкөріс ақшасыз тастап кеткен. Ал өзі екі мәрте баласынан айырылған. Қыз оны талай рет «мама» деп атаған, сондықтан ол балаға бауыр басып, өзін ана ретінде сезінгісі келген. Ол баланы ұрлап әкетіп бара жатырмын деп ойламаған. Әйтпесе ескерту қағазын жаза ма? Ондай қағаз шынымен болған. Ол бұл қаншалықты ауыр қылмыс екенін түсінбей жасаған. Оны сот залынан босатуды сұраймын, – деген сотталушының адвокаты тараптар жарыссөзінде.

Сотталушының өзі көп сөйлеген жоқ. Сотталушы мен оның адвокатының өтініші бойынша сот журналистерге оларды фото мен видеоға түсіруге тыйым салды. Судья мен прокурорды фотоға түсіруге рұқсат етті. Бүгін сот залында жәбірленуші тарап болған жоқ.

– Қылмысыме өкінемін, қателіктерім үшін кешірім сұраймын. Балаға да, оның анасы Катяға да ешқандай зиян тигізген жоқпын, – деді соттағы соңғы сөзінде Айнұр Айдарбек.

Бүгін кезекті өтініштер тыңдалып, тараптар жарыссөзі өтті, сондықтан кеңесу бөлмесінен жарты сағаттан кейін шыққан судья Талғат Елеуов айыптау үкімінің қорытынды бөлімін оқыды. Айнұр Айдарбек жеті жылға сотталды. Жаза мерзімін өтеу 2017 жылғы наурыздың 27-сінен – ол қамалған күннен бастап есептеледі. Бұған қоса, сот сотталушыдан бойжеткеннің ақыл-есі дұрыс деп тапқан сот-медициналық сараптама шығынын өндіруге қаулы етті. Сотталушы үкімді жариялаған кезде жылап тұрды. Судья сотталушыға қарата «бұл бап бойынша саған онсыз да ең аз мерзім кестім, бала ұрлауға қатысты қылмыстар жазалануы тиіс» деді.

АСТАНАҒА ҚАШУ

Тергеу және сот кезінде анықталғандай, 22 жастағы Айнұр Айдарбек тұратын жері болмай, ертеректе балалар үйінде бірге тәрбиеленген құрбысы Екатерина Огневаның көмегіне жүгінген. Екатерина өзі, күйеуі, екі жасар қызы үшеуі жалға алған пәтерде тұратынына қарамастан, Айнұрды паналатқан. Бойжеткен жас ерлі-зайыптылар жұмыста болған кезде балаға күтуші болуға келіскен.

Мені кешіріңдер, болған жағдайды полицияға айтпаңдаршы, мамырда қыздарыңды әкеп беремін7

Ертеректе жәбірленуші – баланың анасы Екатерина Огнева журналистерге айтқандай, Айнұрға азық-түлік сатып алып, тамақ пісіріп қоюын өтініп, өзі таңертең жұмысқа кеткен. Бірақ күйеуі үйге келген кезде қызы да, күтушісі де жоқ, ал пәтерде заттардың шашылып жатқанын көрген. Айнұр кетіп бара жатып «Мені кешіріңдер, болған жағдайды полицияға айтпаңдаршы, мамырда (баланы наурызда ұрлап әкеткен – Азаттық) қыздарыңды әкеп беремін» деп қағаз жазып қалдырған. Бұған қоса өзін ана сезінуге мұрсат беруді сұраған.

Қыздың ата-анасы бірден полицияға жүгініп, сол түні бала мен күтушісі Астанадан табылған. Екі жасар сәби суық тиіп, ауырып қалған. Күтуші баланы Астанаға алып кеткен, ал ол жақта баланы жатақханадағы әлдебір ер адамға тастап, өзі жасырынуға тырысқан. Ақыры іс сотқа жетіп, үкіммен аяқталды.

XS
SM
MD
LG