Accessibility links

Үкімет инфляцияны тежеуге тырысады


Көк базардағы сатушы ақша санап тұр. Алматы, 23 қаңтар 2015 жыл.
Көк базардағы сатушы ақша санап тұр. Алматы, 23 қаңтар 2015 жыл.

Ұлттық банк бір күндік репоның базалық мөлшерлемесін 12 пайыз деңгейінде бекітті. Теңгенің айырбас бағамы еркіне жіберілуіне байланысты ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесі инфляцияны тежеу үшін пайдаланылмақ.

Қазақстан ұлттық банкі таратқан хабарламада: «Бұл пайыздық үстеме – ақша-несие саясатының негізгі мөлшерлемесі. Ол ақша нарығының кесімді мөлшерлемесін басқаруға бағытталып, ақша-несие саясатының негізгі құралына айналады» деп жазылған.

20 тамызда үкімет валюта дәлізін реттеуден бас тартып, «еркін айырбас бағамына» көшетінін жариялады. Сол күні биржадағы таңғы саудада доллардың орташа бағамы 255,26 теңгеге жетті. Кейін теңге сәл нығайды.

Кейбір сарапшылардың Азаттыққа айтуынша, бұл – үлкен дағдарыстан құтқаратын немесе оның зардаптарын азайту үшін жасалып жатқан мәжбүрлі шара.

Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры:

Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры.
Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры.

– Мұның экономикаға зияны тиеді. Күрт девальвация инфляцияны шарықтатып жібереді, сондықтан пайыздық мөлшерлеме баға қымбаттаған кезде өсіп, арзандаған кезде түсіп тұрады. Қазір инфляция күшейеді деген қауіппен пайыздық мөлшерлемені де өсірді. Мұны инфляциялық таргеттеу (шектеу) дейді. Жұртқа түсініктірек болу үшін айтсақ, пайыздық мөлшерлеменің өсуі несие қымбаттайды дегенді білдіреді.

Айдар Әлібаев, Қаржы қызметін тұтынушылар одағының төрағасы:

Айдар Әлібаев, Қаржы қызметін тұтынушылар одағының төрағасы.
Айдар Әлібаев, Қаржы қызметін тұтынушылар одағының төрағасы.

– Ұлттық банк инфляцияны тежеуге тырысып отыр, ал мына шара – көп амалдың бірі. Бұл – мәжбүрлі шара. Рубль екі есеге құлдыраған кезде Ресей орталық банкі де осылай жасаған. Олар пайыздық үстемені тіпті 16-17 пайызға дейін өсірген сияқты еді ғой. Бұл – шағын және орта бизнес коммерциялық банктерден алатын несиенің пайыздық мөлшерлемесін қымбаттатын мәжбүрлі шара. Түбінде мұның бәрі экономика өсіміне әсер етеді. Ал билік инфляцияны қазір тежеу маңыздырақ деп шешкен сияқты.

Петр Своик, экономист және саясаткер:

Петр Своик, экономист және саясаткер
Петр Своик, экономист және саясаткер

– Ресей орталық банкі сияқты Қазақстанның ұлттық банкі де тікелей несие беретін бірінші сатыдағы кредитор әрі эмиссиялық инвестор емес. Екеуі доллар көлемі ұлғайып кетсе ғана ұлттық валюта – теңге мен рубльді айналымға шығару арқылы елдің сыртқы төлем балансын теңестіретін қарапайым «айырбас орны» ғана. Егер төлем теңгерімі қазіргідей теріс нәтиже көрсетсе, ақша айналымнан шығарылады. Кез келген жағдайда инвестиция мен несие процестеріне сыртқы факторлардың әсері бар, экономикамыз осыдан «сырқаттанады». Ұлттық банктердің айырбастаушы ретіндегі саясаты сол күйі өзгеріссіз қалады. Олар онсыз да шарықтап кеткен ақша құнын өсіріп, кез келген өндіріс үшін несиені қымбаттатады.

XS
SM
MD
LG