Accessibility links

Қордайда сотталған «террористердің» бірі мүгедек болған, ал екіншісінің әйелі үшінші баласына аяғы ауыр еді


ҰҚК жасырылған қару-жарақты осы қораның ішінен тапқан. Жамбыл облысы, Қордай ауылы. Тамыз, 2009 жыл.
ҰҚК жасырылған қару-жарақты осы қораның ішінен тапқан. Жамбыл облысы, Қордай ауылы. Тамыз, 2009 жыл.

Осы жылдың сәуірінде Жамбыл облысының Қордай елдімекенінде 6 адам «Алматыда террористік акт жасауға дайындалды» деген айыппен жауапқа тартылды. ҰҚК өкілдері ұсталғандардың қораларынан қару - жарақ табылғандығын айтады. «Террорист» деп сотталғандардың арасында мүгедек жандар да болған.

БҰЛТАРТПАЙТЫН АЙҒАҚ - ҚОРАДАН ТАБЫЛҒАН ҚАРУ-ЖАРАҚ

Азаттық радиосының Алматы бюросына келген Адам құқын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюросының маманы Андрей Гришин бұл оқиғаның өткен жылдың маусымында бастау алғандығын айтады. Сол кезде Жамбыл облысына қарасты Қордай елдімекенінде ҰҚК «терроризмге қатысты» бар деген күдікпен бір топ ер азаматты қамауға алған.

Бір жылдай тергеу амалдары жүргізіліп, осы жылдың сәуір айындағы сотта 6 адам жауапқа тартылды. Алтауының барлығы да айыпты деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айрылды. Олардың аты-жөндері: Жарғожаев Біржан 1968 ж.т.(жылы туған), Әлімбеков Дәурен 1976 ж.т., Құдайберген Дархан 1983 ж.т., Беликов Максим 1986 ж.т., Қалмұрзаев Жанат 1970 ж.т., Мотеев Урматбек 1977 ж.т.

Андрей Гришиннің айтуынша, бұл іс төңірегінде - ақпараттық вакуум қалыптасқандықтан, «террористердің» ұсталғандығы жайындағы ақпарат еш жерде жария болмаған.

– Бізде қалыптасқан дәстүр бойынша ҰҚК «терроистер мен экстремистердің» кезекті тобын ұстаған кезде, атойлап барлық жерге хабар береді, баспасөз мәлімдемесін жасап, салтанатты есеп береді. Ал бұл іс – бірде -бір ақпаратсыз, тып-тыныш өткен. ҰҚК тарапынан қандай үнсіздік болса, өкінішке қарай, тура сондай тыныштық айыпталғандардың туыстары жағынан да болды. Бұл ҰҚК-не мүлде ұқсамайтын болғандықтан, мен істің мән-жайын анықтауға кірістім, – дейді Андрей Гришин.

Зерттей келе, ұсталған азаматтар о баста 6 емес одан да көп болғандығы анықталған. Олардың барлығы да мұсылманның 5 парызының бірі - намаз оқитын азаматтар болған. Алайда, діни сенімдерінен ешқандай фанатизм білінбеген.

– Ұсталғандарды «астыртын іске дайындалып жатқан террористер» деп айыптайтындай олардан діни әдебиеттер, дискілер мен үнпарақтар табылмаған. ҰҚК өкілдерінің алға тартып отырған бір ғана бұлтартпайтын айғағы - қару-жарақ (пистолет, автомат, бірнеше граната мен оқтар) табылған. Ол қару-жарақ ұсталғандардың бірінің ғана үйінінің маңындағы қорадан табылған, – дейді құқыққорғаушы.

Қару-жарақты негізге алған ҰҚК бұл істі сотқа жіберген. Істі қараған Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов аудандық соты биыл көктемде шешім шығарды.

– Сәуір айында өткен сот аталған 6 азаматқа «Террористік ұйым құрғаны», «қару-жарақ ұстағаны» және «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіргендігі» үшін деген айыптар тағып, барлығын 10 жылдан жоғары мерзімдерге бас бостандықтарынан айырған. Алайда олардың ұйымдаспақ тұрмақ, арасында екеуінен өзгелері бір-бірін мүлдем танымайтын адамдар екендігін сот қаперіне де алмаған, – дейді Андрей Гришин.

Құқық қорғаушының сөзіне қарағанда, Қазақстанда осы кезге дейін бірде-бір террористік акттің орын алмағандығына қарамастан, республика түрмелерінде осындай айыппен 100-ге тарта адам қамауда жатыр екен.

СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ БІРІ - ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ АРДАГЕРІ ОМАРХАН ҚАЛМҰРЗАЕВТЫҢ ҰЛЫ

Сәуір айында сотталған 6 адамның бірі - Жанат Қалмұрзаев, Қазақ радиосында 40 жыл диктор болып қызмет еткен Омархан Қалмұрзаевтың ұлы. Бүгінде ол ҚР қылмыстық кодексінің 233 және 164 баптарының 2-тармақтарымен айыпты деп танылып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып отыр.

Жанаттың әйелі Элмира өткен жылы күйеуін ұстап алып кеткенде өзінің үшінші нәрестесіне айы-күні жақындап қалғанын айтады.

– Менің күйеуім Алматыда машинамен адам тасып табыс табатын. Осында пәтер жалдап тұрдық, үлкен екі баламыз Қордайда менің әке- шешемнің үйінде болатын. Сол күні біз қаладан ауылға бардық. Босанатын уақытым таяп қалған соң, маған біраз ауылда болған жөн деп шештік. Үйге кіріп, шай ішіп болғанмыз сол еді, Жанат менің әкем екеуі шөп жинауға далаға шығып кетті. Шамамен жарты сағаттан кейін әкем «Жанатты милиция алып кетті» деп кіріп тұр, – деп еске алады Элмира.

Сол ұсталғаннан кейін 2 ай бойы өз күйеуінен еш хабар ала алмаған Элмира адам құқының аяқасты болмауын қадағалауға тиіс адвокаттардың өздері күйеуін шығарып алуға мүдделі болмағандығын айтады.

– Жалдаған адвокатым күйеуімді «әне шығарады, міне шығарды» деп алдаумен болды. Ал кейін күйеуіммен кездескен кезде сұрасам, адвокат күйеуіме «берген хаттамаға қол қоя сал» деп үгіттеген екен. Артынан анықталғандай менің күйеуімді алдымен куәгер ретінде ұстаған да, сосын іс барысында ол күдікті болып шыға келген, – дейді ол.

ЭЛМИРА БАЛАЛАРЫМЕН ТУЫСТАРЫН ПАНАЛАУҒА МӘЖБҮР

Элмира ҰҚК бұл істе заңды белшесінен басып, адамдарды жазықсыз соттатып жіберген дейді.

– ҰҚК-нің айтуынша, оларға келіп түскен ақпарат бойынша менің күйеуім, Жарғожаев Біржан деген жолдасы екеуі тау жақта автоматтан оқ атып, дайындық жұмыстарын жасаған. Олардың куәгерлері де бар екен. Алайда, куәгер атаған күні менің күйеуім Алматыда болған, ал Біржан өзі мүгедек адам, ол сол күні ауырып жатқан, – дейді Элмира.

Күйеуі Жанатты алып кеткеннен кейін көп ұзамай кішкентайлы болған Элмира істі толықтай бақылай алмағандығын айтады. Дегенмен, істің барысында не адвокат та, не құқық қорғау органдары тарапынан да жанашырлық пейіл танылған жоқ дейді келіншек.

– Адвокатымыз о бастан-ақ ешқандай шу шығармай-ақ қойыңыздар, ол күйеулеріңізге кері әсер етеді деген соң, біз осы уақытқа дейін үндемей келдік. Ақымақ басым қайдан білейін, мүмкін сол кезде сіздермен хабарлассам жағдай мұндай мүшкіл болмас па еді... Одан өзге, күйеуімді ұстап алып кеткеннен кейін артынан оның айдап жүрген көлігін де алып кетті. Айғақ ретінде. Ал ол машина басы бүтін біздікі емес. Оның ақшасын менің бауырым төлеп жатқан еді. Соңғы бір жылда мен туған-туыстарымның үйін паналап жүрмін. Өзім кішкентай баламмен жұмысқа да орналаса алмай отырмын, мемлекеттен еш көмек алмаймын. Өскемендегі түрмеде жатқан күйеуіме ара-тұра бір нәрселер беріп жіберу керек, одан қалды бала-шағамды тамақтандыру керек осындай жағдайымды сот еш ескерген жоқ, – дейді Элмира.

ТЕРРОРИСТІҢ БІРЕУІ БЕХТЕРЕВ ДЕРТІМЕН АУЫРАТЫН

14 мың тұрғыны бар Қордай ауылында «террористік ұйым құрды» деп танылғандардың бірі – Біржан Жарғожаев 9 жарым жылға сотталып отыр. Оның әйелі Бағзада Шайбекованың айтуынша, күйеуі Бехтерев ауруына шалдыққан 2-ші топтағы мүгедек.

Айта кету керек, Бехтерев ауруы – буынның созылмалы ауруы. Мұндай ауруға шалдыққан науқастың омыртқа қимылы шектеліп, тыныс алу қиынға соғады. Науқастың іс-қимылы «таяқ жұтып қойған» адам секілді, козғалса барлық денесіме қозғалуға тура келеді.

– Одан өзге оның бір көзі мүлдем көрмейді, ал екінші көзі лупамен ғана көреді. Саусақтары да бүгілуге келмейді. Соған қарамастан, оны
ҰҚК өкілдері қару-жарақ қорадағы шөптің ішіне жасырылған дейді. Жамбыл облысы, Қордай ауылы, тамыз, 2009 жыл.
«террорист» деп айыптап, Қостанай облысындағы Құсмұрынға жауып тастады. ҰҚК-нің айтуынша, менің күйеуім және тағы басқа ұсталғандар бірігіп, Алматыда өткен жылы 25 шілдеде террористік акт жасамақ болған. Ал ҰҚК оларды бір күн бұрын, яғни 24-інде қамауға алған, – деп еске алады Бағзада Шайбекова.

ҰҚК қызметкерлерінің бұлтартпас айғағы – қару-жарақ дәл осы Біржан мен Бағзаданың қорасынан табылған. Алайда Бағзада бұл қару-жарақтардың өздерінде болмағандығын айтады.

– Біздің үйде тінту жүргізілгенде күйеуім жоқ болатын. Аузы-басын тұмшалап алған арнайы жасақ келіп, барлығымызды жерге жатқызды, одан басымызға бірдемелер кигізіп біраз уақыт ұстады. Одан кейін куәгерлерді шақыртып, қорамыздан қаруды тапқандығын көрдік. Алайда ол қару-жарақ бізде болмағандығын мен білемін, бізге оларды өздері тастап кетті. Оны көрген 12 жасар қыз бар, оның айтуынша, біздің көзіміз жабық болғандығын пайдаланып, сол жасақтың өзі қораға бірнеше қап кіргізген. Бірақ ол қыздың сөзін тыңдаған ешкім болмады, – дейді Бағзада Шайбекова.

ҰҚК-НІҢ ҰСТАНЫМЫ: СОТ АЙЫПТЫ ДЕП ТАПСА, ДЕМЕК СОЛАЙ БОЛҒАНЫ

Осы іске қатысты Жамбыл облыстық ҰҚК департаментінің басқарма бастығы Сергей Жанәділов Азаттық радиосына берген түсініктемесінде істі тергеу барысында ешқандай заң бұзушылықтарға жол берілмегендігін айтты.

– Мен сізге бірден айтайын, бізде жазықсыз адамды соттап жіберу деген мақсатымыз болған емес, болмайды да. Ал қару-жарақты алып барып, біреудің қорасына тастады дегенге қатысты айтарым ол – негізсіз айыптаулар. Қару-жарақ дүкенде сатылмайды ғой, ал өзімізге тиесілі қаруды біз өзімізбен ұстап жүреміз, сондықтан біз қару-жарақты қайдан алады екенбіз? – дейді басқарма бастығы.

Сондай-ақ ол түпкілікті шешімді сот қабылдайды дейді.

– Біз тергеу жұмыстарын жүргіздік те, істі сотқа жібердік, ал ол қандай шешім шығаратындығы бізге белгісіз. Егер сот ол азаматтарды кінәлі деп тапса, онда солай болғаны да. Ал туыстарының уақыт өте келе шағымдануы орынсыз деп ойлаймын, – дейді Жамбыл облыстық ҰҚК департаментінің басқарма бастығы Сергей Жанәділов.

Әйткенмен, сотталғандардың туған-туыстары «ештен кеш жақсы деп» отыр. Олардың жұбайлары күйеуілерінің жазықсыз екендігін барлық инстанциялар бойынша дәледеп, күресуге бел буып отыр. Ал құқыққорғаушы Андрей Гришин бұл азаматтардың босап шығарына үміттің аз екендігін айтады.

– Өйткені ҰҚК ешқашан өз істерінде қателік кеткендігін мойындамайды, осы тұрғыдан алғанда ҰҚК-нің «террорист» деп айыптаған адамдары «террорист» болмай шығуы мүмкін емес. Әйтсе де тырысып көру қажет-ақ, – дейді адам құқын қоғаушы.
XS
SM
MD
LG