Accessibility links

«Халық ассамблеясы туралы» заң «Мәңгілік ел» аясында өзгермек


Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген баннер жанынан өтіп бара жатқан жолаушылар автобусы. (Көрнекі сурет)
Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген баннер жанынан өтіп бара жатқан жолаушылар автобусы. (Көрнекі сурет)

Парламент «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қарап жатыр. Өзгерістерге президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы мұрындық болған.

ПАТРИОТТЫҚ ИДЕЯ

«Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңға енгізілетін түзетулер жобасын мәдениет және спорт министрлігі ұсынған. Жоба авторларының айтуынша, бұл түзетулер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын іске асыру үшін ассамблеяның міндеттері мен қызметі аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Парламент депутаты Егор Каппель Азаттыққа қолданыстағы заңға түзету енгізу қажеттігі туғанын айтады.

– Бұл – алғашқы кірпішіміз. Біздің көп ұлтты мемлекет екенімізді білесіз, ал «Мәңгілік ел» идеясы – қазақтың келешек ұрпағына ата-бабадан берілген және мұнда кейін келген адамдардың арманы. Азаматтар тең құқық, тең мүмкіндікке ие болып, ел үшін бірдей жауапкершілік арқалауы тиіс, ал азаматтық теңдік, еңбекқорлық, адалдық, ғылым, білім үстемдік құрған, зайырлы, толерантты ел – «Мәңгілік ел» ұйыстырушы құндылыққа айналуы тиіс, - дейді Егор Каппель.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл толуына арналған мерекелік шарада. Ақмола облысы, 16 наурыз 2015 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл толуына арналған мерекелік шарада. Ақмола облысы, 16 наурыз 2015 жыл.

Қазіргі заңға ұсынылған өзге түзетулерге сәйкес, ассамблея жалпыұлттық «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын жүзеге асыру нәтижелері туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жыл сайын есеп беріп отыратын болады.

Түзету енгізілгеннен кейін ассамблея өкілеттілігі кеңейеді немесе қосымша қаржыландырылады деген болжамды депутат жоққа шығарады. Ал заң жобасы мәтіні ашық жарияланбаған, оны мәдениет және спорт министрлігі сайтынан да табу мүмкін болмады.

– Жоқ, мұндай ештеңе жоқ. Біріншіден, бұл – біздің заң жобамыздың тақырыбы емес. Екіншіден, бізде қаржыландыру мәселесі заңға сәйкес ғана шешіледі. Ассамблеяның өзін емес, мәдениет министрлігі арқылы, бағдарламалар бойынша ассамблея өткізетін іс-шараларды ғана қаржыландырады. Ойын-сауық науқандары емес, іс-шаралар өткізу үшін әлдебір ақшалар бөлінеді. Бірақ біз ассамблеяның 20 жылдығы сияқты шараларды айтып отырмыз. Айталық, Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізуге жай ғана қатысамыз, бірақ ассамблеяны арнайы қаржыландыру деген әңгіме жоқ, - дейді Егор Каппель.

«АЙРЫҚША МЕХАНИЗМ»

Азаматтық белсенді әрі бұрынғы дипломат Расул Жұмалының Азаттыққа айтуынша, қазір түрлі деңгейде «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» тәрізді заң жобалары аясында Қазақстан конституциясына кезекті өзгерістер енгізілуі мүмкін» деген әңгімелер жүр.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.
Саясаттанушы Расул Жұмалы.

– Меніңше, бұл бәрібір билікке бүйрегі бұрып тұратын, «Мәңгілік ел» идеясын насихаттау сияқты көп мәселелер бойынша шешім қабылдайтын институттардың ісіне жосықсыз араласатын мемлекет жанынан құрылған тағы бір орган болып қалады. Бізде заң шығару немесе ұлтаралық мәселе болсын, мұнымен бәрі айналысуға құмар – парламент те, атқарушы билік те бір-бірінің функциясын қайталайды, - дейді Расул Жұмалы.

Қазақстандық баспасөзде Қазақстан халқы ассамблеясын «бірегей саяси жаңашылдықтың» нәтижесі деп атайды. 1990 жылдардың басында дүниеге келген бұл ұйымды 2008 жылдың қазанында Қазақстан президенті «қоғамдық-саяси тұрақтылықты» қамтамасыз етумен айналысатын құрылым ретінде қайта құрған. Парламент мәжілісіне Қазақстан халқы ассамблеясынан тоғыз депутат сайланған.

Биыл сәуірде Қазақстан президенті ассамблея «жалпымемлекеттік міндеттер кешенін» шешуге қатысу үшін арнайы бағдарлама құрастыруды ұсынған. Оның пікірінше, халық ассамблеясы – Қазақстан тұрақтылығының шежіресі, ал келешекте «саясаттан тыс халық өкілдігінің айрықша механизмі ретінде қоғамдық бақылауда маңызды рөл атқаруы тиіс».

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабат, 2 желтоқсан 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабат, 2 желтоқсан 2014 жыл.

Биыл ақпанда Қазақстан халқы ассамблеясы президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді ұсынған. Ассамблея сайлау өткізу қажеттігін «елді жаһандық сынақтардан сәтті алып шығуы үшін президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жалпыхалықтық жаңа сенім мандатын беру қажеттігімен» түсіндірген.

Мұндай құрылымдар Қазақстаннан өзге елдерде де кездеседі. Көрші Түркіменстанда елдің екінші президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов билікке келгенге дейін «Халық мәслихаты» деп аталған «Ақсақалдар кеңесі» деген ұйым бар. Кеңесуші орган ретінде бұл ұйымның міндеті – халық атынан сөйлеп, оның мүддесін қорғау. Президент Гурбангулы Бердімұхаммедовке «Арқадағ» (Жебеуші) атағын беру – Түркіменстан ақсақалдар кеңесінің жұрт есінде қалған бастамаларының бірі.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG